Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) отандық ғылым саласындағы аудиттің елеулі кемшіліктерді анықтаған қорытындысын жариялап үлгермей жатып, Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға бөлінген миллиардтаған бюджет қаражатының қайда жұмсалуы мүмкін екенін көрсететін нақты деректерді ұсынды.
Атап айтқанда, Алматыда инновациялық азық-түлік өнімдерін өндіруге бөлінген 945 млн теңгені жымқыру ісі бойынша тергеу аяқталды.
«2023–2024 жылдары «Bal halal» ЖШС өсімдік шикізатынан инновациялық макарон өнімдерін және микронутриенттермен байытылған ұн өндіруді көздейтін төрт жобаны жүзеге асыру үшін жалпы сомасы 1,15 млрд теңге қаржы алған», – делінген ҚМА хабарламасында.
Алайда тергеу барысында инновациялық өндірістің орнына қомақты қаражатты заңсыз шығару белгілері анықталды. Атап айтқанда, үлестес «SMART 15» ЖШС арқылы жабдықтар мен қызметтерге ақы төлеу деген желеумен 736,4 млн теңге аударылған. Оның үстіне, тергеу эксперименттері сатып алынған жабдықтардың жобаларда көзделген өнімдерді өндіруге мүлде жарамсыз екенін көрсетті.
Бюджет қаражатының жұмсалуына қалай бақылау жүргізілгені де көп жайтты аңғартады.
«Мониторинг актілері өндіріс орындарына іс жүзінде бармай, атқарылған жұмыстарды тексермей жасалған. Құжаттарды «Bal halal» ЖШС қызметкерлері дайындап, мониторинг топтарының мүшелері қол қойған», – деп анықтады тергеу.
Бұдан бөлек, ҚМА нұсқасы бойынша, күдікті бұған дейін қолма-қол ақшаға айналдырылған 88,5 млн теңгені компанияның есепшоттарына қайта аударып, оны жобаларды бірлесіп қаржыландыруға қосқан өз қаражаты ретінде көрсеткен. Күдікті қамауға алынып, құны 830 млн теңге болатын мүлкіне тыйым салынды.
Бір қызығы, бұдан бір күн бұрын ғана ғылым министрі Саясат Нұрбек ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру көрсеткішінің төмен болуын есептеу әдістемелерінің әртүрлілігімен түсіндірген еді. Алайда мәселе әдістемеде ғана емес екен. Әрине, бір ғана қылмыстық іс ғылымға бөлінген қаражаттың жүйелі түрде заңсыз жұмсалатынын дәлелдей алмайды. Дегенмен мұндай тәсілдің қолданылғанын ескерсек, Қазақстанның басқа өңірлерінде де ғылыми әзірлемелерді коммерцияландырғандай көрініс жасап отырған кәсіпорындар болуы мүмкін деген болжам туындайды. Ал кейін Құрылтайда солар үшін министрге жауап беруге тура келеді.




