Еуразия24 Құрылтай сайлауынан кейін айтылған ең маңызды мәлімдемелердің біріне назар аудармай өте алмайды. Әзірге бұл бастама жүзеге асқан жоқ, алайда оның алдағы уақытта қолға алынуы мүмкін екені жария етілді. Оның үстіне бұл туралы Мемлекет басшысының өзі айтты. Сондықтан мәселенің нақты шешімге ұласуы әбден мүмкін.
«Елімізде атқарылатын жұмыс әлі көп. Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдыруымыз керек. Ең алдымен халыққа қажетті әлеуметтік нысандар салынуы тиіс. Осы мақсатқа Ұлттық қордың қаражатын пайдалануға дайынмын. Қаржыны шетелдегі бағалы қағаздарда ұстап отырғанша, неге оны халықтың игілігіне жұмсамасқа? Қыруар қаражатты қозғамай ұстап отыруды қолдамаймын. Ол халыққа, азаматтарымызға қызмет етуі керек», – деді Мемлекет басшысы.
Бұл мәлімдеме ел үшін маңызды саяси шешім қабылданған күні айтылды . Президент Тәуелсіздік сарайындағы №520 сайлау учаскесінде дауыс бергеннен кейін журналистер алдына шығып, Ұлттық қор қаражатын ел қажетіне жұмсау мәселесін көтерді.
Бұл мәлімдеменің сайлау барысындағы өзге оқиғалардан салмағы басым. Тіпті осы жолғы саяси науқанның ең маңызды тұсы осы деуге негіз бар. Оның «Ушыққан мәселе» айдарына шығуына да себеп бар. Алдымен бұған дейінгі өз материалымызға – «Таң атқанда олар оянды…» атты редакциялық мақалаға қайта оралайық (https://qaz.eurasia24.media/sayasat/tang-atqanda-olar-oyandy/). Онда мынадай ой айтылған еді:
«Ұлттық қорда Теңіз, Қарашығанақ пен Қашағанды игеріп жатқан шетелдік компаниялардан түскен қаржы қолма-қол валюта түрінде сақталмайды. Ол негізінен бағалы қағаздарға, соның ішінде борыштық міндеттемелерге салынады. Бұл қаржы құралдарының едәуір бөлігі кен орындарын игеріп отырған компаниялар келген дамыған елдерге тиесілі. Яғни Қазақстан мұнайынан түскен валюта сол мемлекеттердің бағалы қағаздарын сатып алуға жұмсалып, қайтадан сыртқы нарыққа кетеді. Басқаша айтқанда, еліміздің мұнайынан түскен табыс шетелдік борыштық міндеттемелерге айырбасталады. Шикізат экспортынан түскен қаржыны сыртқа қайта бағыттауға негізделген экономикалық жүйенің мәні де осында».
Еуразия24 редакциясы бұл мақаланы жұма күні дайындап, дүйсенбіде жариялауды жоспарлаған болатын. Алайда мақала жарық көрмей тұрып-ақ, жексенбіде өткен сайлау кезінде Мемлекет басшысы біз қозғаған мәселеге үндес пікір білдірді. Мұндай мәлімдеме біз үшін күтпеген жағдай болғанымен, оның көтерілуі заңды. Өйткені қалыптасқан жағдай нақты шешім қабылдауды қажет етіп отыр.
Енді Президент мәлімдемесінің неліктен соншалықты маңызды екенін айтпас бұрын, оны осы сайлау науқанындағы ең елеулі оқиға деп бағалауымыздың себебіне тоқталайық.
Себебі сайлауалды науқанда елдің экономикалық даму бағытын түбегейлі өзгертуге қатысты бұдан өзге салмақты мәселе көтерілген жоқ. Партиялар түрлі уәде айтып, өз бағдарламаларын ұсынды. Алайда олардың ешқайсысы шикізатты сыртқа шығаруға негізделген қазіргі экономикалық үлгінің мүмкіндігі сарқылып келе жатқанын және оны өзгерту қажеттігін ашық көтермеді. Мәселен, «Әділет» партиясының ауқымды ұрандармен ұсынылған бағдарламасының басым бөлігі мемлекеттік органдар бұған дейін әзірлеген бастамаларды сайлауалды бағдарламаға бейімдеумен шектелді. «Әділет» партиясына біз әлі ораламыз.
Ал Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қор туралы мәлімдемесі мәселені мүлде басқа деңгейде көтерді. Ол Қазақстанда ұзақ жылдар бойы қалыптасқан экономикалық жүйенің негізгі қағидаларының бірін қайта қарау қажеттігін ашық айтты.
Ұлттық қордың қашан және қандай қаражаттың негізінде құрылғанын еске түсірейік. 2001 жылдың басында «Шеврон» «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнындағы Қазақстанға тиесілі 5% үлесті сатып алып, 660 млн доллар төледі. Осы қаржы Ұлттық қорға түскен алғашқы қаражат болды. Айта кетерлігі, бұл мәміледен кейін «Шеврон» акциялары қымбаттап, компанияның нарықтық құны сатып алуға жұмсаған қаржысынан бірнеше есе көп өсті.
Содан бері қалыптасқан тәртіп айтарлықтай өзгерген жоқ. Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарын игеріп жатқан шетелдік компаниялар Ұлттық қорға қаржы аударады. Ал Қаржы министрлігі мен Ұлттық банк бұл қаражатты шетелдік борыштық бағалы қағаздарға салады. Мұның өзі ел үшін тиімді қаржы саясаты ретінде ұсынылып келеді.
Енді мәселеге нақты тұрғыдан қарайық. Шетелдік компаниялардың Ұлттық қорға төлейтін қаражатының экономикалық мәні неде? Түптеп келгенде, бұл – Қазақстанның табиғи ресурстарын игергені үшін төленетін салықтық түсімдер.
Иә, бұл түсімдер Қазақстанның жалпы салық заңнамасы мен мемлекеттік бюджет жүйесінен бөлек тәртіппен реттеледі. Олардың шарттары құпия келісімшарттарда және өнімді бөлу туралы келісімдерде белгіленген. Соған қарамастан, экономикалық тұрғыдан алғанда, бұл – салық сипатындағы төлемдер. Ендеше салықтан түскен қаражат қайда түсіп, қандай мақсатқа жұмсалуға тиіс?
Мұндай қаражат республикалық бюджетке түсіп, елдің қажетіне бағытталуға тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлау күні айтқан сөзі де осыған саяды.
Енді сайлау күні айтылған бұл мәлімдеменің нақты шешімдерге қалай ұласатынын бақылау қалады. Ұлттық қор қаражатын елдің әлеуметтік және экономикалық дамуына кеңінен бағыттау бастамасы жүзеге асса, қордың атқаратын қызметі де жаңа сипат алмақ.




