Астана. 24 тамыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел тарихында алғаш рет өткен Құрылтай – бір палаталы парламент депутаттарын сайлау жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын мәлімдеді.
«Кеше ғана тарихымызда алғаш рет Құрылтай сайлауы өтті. Сайлау жоғары деңгейде, мінсіз ұйымдастырылды десек, артық айтқандық емес», – деді Тоқаев дүйсенбі күні халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары және жүлдегерлерімен кездесу барысында.
Президент Қазақстанда ауқымды өзгерістер жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
«Біртұтас ел, біртұтас халық болып жұмылып, ауқымды реформаларды жүзеге асырдық. Жаңа Конституция қабылданды. Еліміздің басты құжатында ғылымға, білімге және инновацияға басымдық берілді. Ең бастысы, жаңа Конституция өскелең ұрпақтың игілігі үшін жазылды», – деді мемлекет басшысы.
Тоқаев сайлауға белсенді қатысып, елдегі жаңғыру бағытын қолдаған азаматтарға алғыс білдірді.
«Осы мүмкіндікті пайдаланып, азаматтық белсенділік танытып, жаңғыру стратегиямызға қолдау көрсеткен барша халқымызға шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді президент.
Мемлекет басшысы сайлау барысын бақылаған халықаралық және өзге де байқаушылардың жұмысына да тоқталды.
«Оларға зор ризашылығымды білдіремін. Сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясы мүшелерінің атқарған ауқымды жұмысы жоғары бағаға лайық», – деді Тоқаев.
Жексенбі күні Қазақстанда жаңа бір палаталы парламент – Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы өтті.




