Евразия24Редакция бағаны22 маусым және өзге де айтулы күндер

22 маусым және өзге де айтулы күндер

|

|

Жиырма екінші маусым. Таңғы сағат төрт…

22 маусым Ресейде Еске алу және аза тұту күні ретінде Борис Ельциннің жарлығымен бекітілген. Шамамен сол жылдары Германияның Кеңес Одағына басып кірген күні Беларусь пен Украинада да президент жарлығымен ресми еске алу күні болып белгіленді.

Неге дәл осы елдерде екені түсінікті. Соғыс өрті алдымен осы жерлерді шарпыды: немістің «блицкригі» Мәскеу түбіне дейін жетті, кейін майдан кері бұрылып, Берлинге дейін барды. Бірақ Ұлы Отан соғысы тек осы елдердің ғана емес, бүкіл кеңес халқының ортақ майданы еді. Мұны посткеңестік елдер жақсы біледі. Мәскеу түбінде жауды тоқтатқандардың бірі – Алматыда жасақталған Панфилов дивизиясы болатын.
Тарих ұмытылған жоқ. Алматыда да 22 маусымға орай еске алу шаралары өтті.

Еуропа да бұл күнді ұмытқан емес. Алайда уақыт өткен сайын тарихи оқиғаларға берілетін баға өзгеріп, әр буын өткенге өз көзқарасымен қарайды. Оған қоса, бүгінгі саяси ахуал да тарихты қабылдауға ықпал етпей қоймайды.

Сондықтан Spiegel журналының айналасында туған үлкен қоғамдық пікірталасты да осы тұрғыдан бағалаған жөн. Нақтырақ айтқанда, дау мақаланың өзінен емес, мұқабасына жазылған «Біздің Ресеймен соғысымыз» деген тақырыптан туындады.

Der Spiegel неміс тілінен аударғанда «айна» деген мағынаны білдіреді. Бұл жолы журнал өз атауына сай қоғамдағы көңіл күй мен көзқарасты айнадай дәл көрсеткендей әсер қалдырды.

«Spiegel» журналының төңірегіндегі дау ең алдымен Гитлерге қарсы соғысқан өзге халықтардың еңбегі ескерусіз қалғанына байланысты туындады. Наразылықтың негізгі себебі де осы болды.

Бұл туралы Германияның өз басылымдары да жазды. Бірі журналдың Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан басқа халықтардың үлесін назардан тыс қалдырғанын сынға алса, енді бірі Украинаның соғыс құрбандары ұмыт қалғанын айтты.

Ал Беларусь баспасөзіндегі пікірлер бұдан да қатаң болды. Ондағы жарияланымдардың бірінде тіпті: «Мұның өтеуі ауыр болады» деп жазылды.

Шынында да, тарихтың бүгінгі күнмен осылайша астасуы көп нәрсені аңғартады. Қазіргі Украинадағы арнайы әскери операция кезінде Ресей іс жүзінде Еуроодаққа, НАТО-ға, тіпті АҚШ-қа қарсы жалғыз әрекет етіп отыр. Олардың қатарында кезінде Кеңес Одағының құрамында болған Балтық жағалауы республикалары да бар.

Алайда Еуропа Ресеймен ғана емес, тұтас Кеңес Одағымен соғысқанын әлі де ұмытпаған секілді. Сондай-ақ Гитлерге қарсы тек орыс халқы емес, Кеңес Одағының барлық халықтары шайқасты. Оның үстіне гитлерлік рейх сол кездегі Еуропаның басым бөлігін біріктірді, ал Вермахт құрамында КСРО-ға қарсы Еуропаның көптеген елдерінің әскери құрамалары соғысты.

Міне, осы тарихи жады бүгінгі оқиғаларды қабылдауға да ықпал етіп отырғандай: Ресей тағы да экзистенциялық жау ретінде қабылданады. Ал бұрынғы Кеңес Одағының өзге республикаларына көзқарас қандай?

Украина аумағында әскери іс-қимылдар әлі де жалғасуда, алайда қазіргі уақытта текетірес шептің екінші жағына ауысты. Беларусь осы тарихи кезеңде бейтараптық саясатты ұстанатынын мәлімдегенімен, Ресей Федерациясын ашық қолдайтынын байқатады, сондай-ақ аталған мемлекетті де әскери қақтығысқа тартуға бағытталған айқын әрекеттер сезіледі. Ал посткеңестік кеңістіктегі өзге егемен елдер бұл жағдайдан барынша алшақ болуға тырысуда. Қазақстанға келетін болсақ, еліміз дәстүрлі түрде көпвекторлы сыртқы саясат аясындағы тепе-теңдікті берік сақтап келеді. Мәселен, Еске алу және аза тұту күнінің ертеңіне, яғни 23 маусымда Брюссель қаласына жасаған ресми сапары аясында Қазақстан Президенті еліміз бен Еуропалық одақ арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайту туралы Бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Бұл қадам бұған дейін Президент Тоқаевтың Мәскеуге және Президент Путиннің Астанаға жасаған мемлекеттік сапарлары барысында қабылданған Ресеймен арадағы стратегиялық серіктестік туралы құжаттарды қисынды түрде толықтырып, сыртқы саяси теңгерімді айғақтай түсті.

Қазақстан үшін Еуропалық одақпен қарым-қатынастың негізі — Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарындағы Америка мен Еуропа консорциумдарының қызметімен тікелей байланысты. Аталған жобалар шеңберінде өндірілетін шикізат Каспий құбыр желісі консорциумы (КҚК) арқылы, яғни Ресей аумағы арқылы Новороссийск портына жеткізіледі. Ал отандық экономика мен саясат үшін маңызы жоғары қалған барлық негізгі бағыттар бойынша басқа басты серіктес ретінде Ресей Федерациясы мен Қытай Халық Республикасы қала береді.

Осы себепті де еліміз үшін алдағы кезеңнің даму бағытын нақты түсінудің стратегиялық маңызы зор. Бұл ретте тарихи сабақтастық тұрғысынан жаңа дағдарыстар мен бетбұрыстардың ықтималдығын пайымдау өзекті болып табылады. Мәселен, Германияда 8 мамыр ұлттық санада жеңіс күні ретінде емес, нацизмнен азат болу және Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталу күні ретінде атап өтіледі.

Халықтар мен мемлекеттердің тарихындағы ірі қасіреттер мен ауқымды жетістіктер ұлттық жады мен бірегейлікті қалыптастыратын жаңа тарихи белестер пайда болғанға дейін ғана өзінің саяси-қоғамдық өзектілігін сақтайды. Бұған мысал ретінде Алтын Орданың заңды мұрагері болып табылатын Қазақстанда да, сол сияқты Ресейде де Калка өзеніндегі шайқас немесе Куликово түбіндегі айқас күндерінің мемлекеттік деңгейде аза тұту немесе жеңіс күні ретінде қалмағанын айтуға болады; бұл оқиғалар бүгінде тек тарих оқулықтарындағы шежіре ретінде ғана құнды.

Қазіргі геосаяси жағдай мен алдағы даму үрдістерін талдайтын болсақ, бүгінгі таңда Германия Федеративтік Республикасы әскери әлеуетті арттыру бағытын ұстанып отыр. Сондай-ақ ресми деңгейде 2030 жылға қарай Ресей Федерациясымен арадағы әскери қақтығыстың ықтималдығы жоғары екендігі жайлы айтуда. Тұтастай алғанда, ішкі қайшылықтарға қарамастан, Еуропалық одаққа мүше мемлекеттер де осы бағытта дайындық жүргізуде. Мұндай жаңа еуропалық қақтығыстың Қазақстанға ықпалы қандай болмақ және бұл үдеріс елдің тарихи естеліктер күнтізбесіне қалай әсер етеді деген сұрақтар туындайды.

Алдағы кезеңге нақты болжам жасау үшін Төртінші (Үшіншісі қырғи-қабақ соғыс кезеңі) дүниежүзілік соғыстың, бұл жолы аралас әрі кешенді сипатта, қазірдің өзінде жүріп жатқанын ескеру қажет. Бұған дейінгі еуропалық үш ірі әскери қақтығыстың нәтижесі сияқты, бұл текетірестің де соңы жеңілген тараптың билеуші элиталары мен басқарушы режимдерінің, сондай-ақ экономикалық және идеологиялық жүйелерінің күйреуіне әкеп соқтырады. Ал халықаралық арена мен Еуропа кеңістігінде жеңімпаз мемлекеттер тарапынан жаңа әлемдік тәртіп орнатылады.

Сондықтан шынайы жағдайды бағамдай отырып, оң нәтижеге үміт артуға негіз бар: Ресей Федерациясы тарапынан Германияға шабуыл жасау немесе Ресей мен НАТО арасында тікелей әскери қақтығысқа түсуді қарастырмайды. Украинадағы дағдарыстың әскери кезеңі алдағы қысқа дейін аяқталады деген болжам бар. Бұдан бөлек, Ресей үшін Калининград пен Приднестровье бағыттарындағы дәліздерге қатысты мәселелер өзекті болып қала береді, алайда бұл түйткілдерді дипломатиялық жолмен реттеу мүмкіндігі жоғары. Үлкен Еуразия кеңістігі жаңа тарихи кезеңге қадам басқаны айдан анық, сондықтан бұл үдерісте өз орнымызды нақты айқындауды кешіктірмеуіміз қажет. Ал тарихи атаулы күндерге келетін болсақ, олар мемлекеттік естеліктер күнтізбесінде сақталып қалуы тиіс.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Қазақстан 2027 жылдан бастап әлеуметтік төлемдерді оңтайландырып, 860 млрд теңгені білім беру мен денсаулық сақтау саласына бағыттайды

Қазақстанда 2027 жылдан бастап мемлекеттік бюджеттен бөлінетін әлеуметтік төлемдерді шамамен 860 млрд теңгеге оңтайландырып, босайтын қаражатты білім беру, денсаулық сақтау және ғылым салаларын дамытуға бағыттау жоспарланып отыр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.

Қазақстан Парламенті экология мәселелері бойынша түзетулерді қабылдады

Қазақстан Парламенті Мәжілісі жұма күні өткен жалпы отырыста Сенат енгізген түзетумен келісе отырып, «Экология мәселелері және экономиканың жекелеген салаларын жетілдіру бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады.

Иранның Бендер-Аббас портында қазақстандық терминал салу жөніндегі келісім аяқталуға жақын

Иранның Бендер-Аббас портында қазақстандық жүк терминалын салу туралы келісім соңғы келісу кезеңінде тұр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.

Тоқаев әскери мамандарды даярлаудың тиімді жүйесін қалыптастыруды басты міндет деп атады

Астана. 26 маусым. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев...