Өткен аптада «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына» қатысты екі тараптан бірдей келеңсіздіктер орын алды.
Бірінші кезекте, Жоғары аудиторлық палата Ұлттық қор қаражатының жұмсалуын бақылау жөніндегі комиссия отырысын өткізіп, бірқатар кемшіліктердің бетін ашты. Атап айтқанда, іске асыруға дайын емес, тіпті жобалық құжаттамасы мен жер телімдері де жоқ нысандардың қаржыландырылғаны белгілі болды. Мемлекеттік маңызы бар стратегиялық басымдықтардың орнына қаражат ауылдарды абаттандыруға және шағын әлеуметтік нысандарға жұмсалған. Сонымен қатар, қаржы аяқталған деп есептелген нысандарға нақты қажеттіліктен артық көлемде бөлініп, қаражаттың бір нысаннан екіншісіне, яғни ауылдан қалаға аударылу фактілері анықталды.
Сол жиында Ұлттық қордың мәртебесіне қатысты да өткір сын айтылды. Мемлекеттік Ұлттық қор болғанымен, оның қызметін қамтамасыз ететін және нәтижесіне жауап беретін арнайы мемлекеттік органның, тіпті заңды тұлғаның да жоқтығы айтылды. Қызметтер Ұлттық экономика, Қаржы министрліктері мен Ұлттық банк арасында тармақталып кеткендіктен, нақты кімнен жауап талап етілетіні түсініксіз.
Екінші жағынан, әлеуметтік желілердегі талқылаулар жағдайды одан сайын ушықтыра түсті. Мұнай саласының сарапшысы саналатын блогер Ұлттық қордан бірден 2,3 триллион теңгенің «жоғалғанын» айтып, дабыл қақты. Бұған Қаржы министрлігінің наурыз айындағы есебінде түсімдердің тым аз көрсетілуі себеп болған. Министрлік түсініктеме берудің орнына есепті алып тастауы блогердің өткен жылғы ірі инвестициялық шығын туралы күдігін нығайта түсті. Кейінірек есеп қайта жарияланып, «жоғалған» 2,3 триллион теңге орнына келгенімен, халық арасында күмән сейілмеді.
Ендігі басты сауал: Ұлттық қор 2025 жылды пайдамен аяқтады ма, әлде шығынмен бе?
Сонымен қатар, жоғарыда аталған блогер үкіметке тағы бір айып тақты: мұнай секторынан түсетін кірістің бір бөлігі, атап айтқанда, экспорттық кеден алымы Ұлттық қорға емес, тікелей бюджетке бағытталуда. Бұл қаражат келешек ұрпақ үшін жинақталмай, ағымдағы қажеттіліктерді өтеуге жұмсалып жатқанын білдіреді.
Жоғары аудиторлық палата мүшелері де, мұнай саласының сарапшылары мен блогерлер де, сондай-ақ қоғам белсенділері де Қазақстанның басты байлығы саналатын Ұлттық қордың сақталуына бірдей алаңдаушылық білдіруде. Оның себебі де түсінікті, өйткені бұл – «Болашақ қоры». Оның ресми мақсаты құрылған сәттен бастап келешек ұрпақ үшін қаржы жинақтау ғана емес, сонымен бірге елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету, экономиканың сыртқы қолайсыз факторларға тәуелділігін төмендету, сондай-ақ республикалық және жергілікті бюджеттердің әлемдік баға конъюнктурасына тәуелділігін азайту бекітілген болатын.
Қысқасы, Ұлттық қор — бүгінгі күніміздің басты тірегі әрі болашаққа деген нық сеніміміз. Дегенмен, Ұлттық қорда жинақталып жатқан және келешек ұрпақтың игілігіне жаратылуы тиіс бұл «қол тигізбес құндылықтардың» нақты сипаты қандай деген сауалға үңіліп көрейік.
Шын мәнінде, қорда шетелдік борыштық міндеттемелер жинақталуда. Қаржы министрлігі бұл қағаздарды шетелдік концессионерлердің Ұлттық қорға төлейтін нақты валюталық түсімдеріне айырбастап сатып алады. Басқаша айтқанда, Қазақстан халыққа тиесілі жер қойнауының басты байлығы — мұнайды іс жүзінде қарызға беріп жатыр. Дәлірек айтсақ, шетелдік инвесторлар өндірген мұнай Қазақстаннан әлемдік бағамен емес, аралық трансферттік бағамен шығарылуда. Ол ұлттық валютаға емес, сол инвесторлардың төл валютасына сатылып қана қоймай, мемлекет қазынасына тиетін мардымсыз үлестің өзі шетелдік берешектерге айырбасталып, қайтадан шекара асып жатыр.
Бұл жағдай сізге таныс секілді көрінбей ме? Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Тынық мұхитындағы аралдарда Жапонияға қарсы әуе базаларын салған америкалықтар жергілікті тұрғындарға парашютпен түрлі азық-түлік пен қажетті заттар салынған жүктемелерді тастап отырғаны белгілі. Кейін әуежайлар бос қалған соң, жергілікті халық жапырақтар мен таяқтардан ұшақтардың үлгілерін жасап, «аспаннан» бұрынғыдай жәрдем түседі деп үміттенген. Бұл құбылыс кейін «карго-ғұрпы» деп аталды. Алайда ол аралдарда Конституция да, тіпті бастауыш білім беру жүйесі де болмаған еді.
Ал бізде жоғары білімді, тәжірибелі басшылар Ұлттық қорда қарыз міндеттемелерін неғұрлым көп әрі ұзақ жинақтау болашақ ұрпақтың әл-ауқатын арттырады деп сендіреді. Ең қызығы, өздері де бұған сенетіндей көрінеді.
Айтпақшы, қордың сақталуына қатысты Қаржы министрлігінің ресми статистикасына назар аударсақ: соңғы 18 жылдағы орташа жылдық кірістілік көрсеткіші 2022 жылы 2,6%, 2023 жылы 3,03%, ал 2024 жылы 2,97%-ды құраған (2025 жылдың деректері әлі жарияланған жоқ). Осы уақыт аралығында доллардың нақты инфляциясы бұл көрсеткіштерден әлдеқайда жоғары екені байқалмай ма?
Немесе нақты жылдар бойынша деректерді алсақ: 2022 жылы кірістілік 10,35%-ды құрады, бірақ теріс мәнмен («минуспен»)! Осылайша, Ұлттық қордан триллиондардың «жоғалып» кетуі бірінші рет орын алып отырған жоқ. 2023 жылы кірістілік 11,23%-ды, ал 2024 жылы 7,59%-ды құрады. Бұл жаман көрсеткіш емес те шығар, бірақ доллардың өз құнын қаншалықты жоғалтып жатқанын ескеру қажет. Ең бастысы, қазіргідей құбылмалы заманда доллармен есептелген «бағалы қағаздардың» ұзақ мерзімді сақталуына қаншалықты сенуге болады?
Тұтастай алғанда, «карго-ғұрпы» ұғымын ысырып тастап, Ұлттық қорға шынайы тұрғыдан қарайтын болсақ, келесі жайттарды байқауға болады. Қорға түсетін жарналар қандай да бір құпия келісімшарттармен немесе өнімді бөлісу туралы келісімдермен бүркемеленгеніне қарамастан, олар іс жүзінде мемлекеттік салық болып табылады. Ал ұлттық заңнамаға сәйкес, бұл қаражат бюджетке түсіп, сол жерде мақсаты бойынша жұмсалуы әрі Жоғары аудиторлық палатаның жіті бақылауында болуы тиіс.
Негізінде, Ұлттық қордың сипаттамасында оның мемлекеттік қазынаның бір бөлігі екені анық көрсетілген. Сондықтан, заңды тұлға мәртебесі жоқ, бірақ бірнеше пайдаланушысы бар бұл құрылым мемлекеттік бюджеттің құрамдас бөлігіне айналуы қажет. Мәселен, оны жалпы бюджеттік үдеріс тәртібімен жоспарланатын, бекітілетін және атқарылатын бюджеттің валюталық бөлігі ретінде қарастыруға болады. Бұл қаражатты беймәлім «келешек ұрпаққа» сақтамай, дәл қазіргі даму мақсаттарына бағыттаған жөн. Сонымен қатар, оның жұмсалмайтын резервтік-тұрақтандыру бөлігі де бекітілуі тиіс.
Бұны қалай жүзеге асыруға болады? Жоғары аудиторлық палатаның бұған батылы бармаса, біз айтып көрейік: Ұлттық экономика министрлігі, Қаржы министрлігі және Ұлттық банктен бөлек, Ұлттық қорға Президенттің де тікелей қатысы бар. Іс жүзінде ол қордың басты тұлғасы болып табылады — бұл «Ескі Қазақстан» кезінде қалыптасқан жүйе, енді оны жаңа әрі әділ үлгіге өзгертетін уақыт жетті.
Қорытындылай келе, бұған дейін айтқан өз пікірімізді келтіруді жөн көрдік: «Ұлттық қор — бұл шетелдік инвесторлардан бізге түсетін азғантай үлестің өзін сыртқа шығару тетігі. Ол болашақ ұрпағымыз қазіргі инвесторлардың немере-шөберелеріне талап ретінде ұсынуы мүмкін борыштық міндеттемелерді жинақтау үшін жасалған. Алайда, қазіргі құбылмалы әлемде олар бұл қарыздарды бізге «кешіре салатыны» анық».
Бұл жыл басында айтылған болатын, енді «карго-ғұрпынан» арылатын кез келді.




