Kursiv басылымының хабарлауынша, Ұлттық банк қазақстандықтардың несие алу тәртібін күрделендіруді көздеп отыр, алайда реттеуші «шамадан тыс қатаң шектеулер енгізілмейді» деп уәде берді. Орталық банк халық үшін несиенің ең жоғарғы мөлшерін борыштың табысқа арақатынасы (БТА) коэффициенті арқылы шектеуді жоспарлап отыр. Бұл ереже бойынша, адамның табысы неғұрлым жоғары болса, оған соғұрлым қомақты несие мақұлдануы мүмкін. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді. «Борыштың табысқа арақатынасы коэффициенті дегеніміз – егер сіздің табысыңыз, айталық, 1 млн теңге болып, өзіңіз ауқатты азамат болсаңыз және қарызыңыздың жылдық табысқа қатысты коэффициенті 1-ден 6-ға тең болса, онда сіз осы көрсеткіштен асатын несие міндеттемелерін ала алмайсыз дегенді білдіреді», — деп түсіндірді ол. Төраға бұл жаңа ереже халықтың шамадан тыс қарызға бату тәуекелдерін азайтуға бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар Сүлейменов Ұлттық банктің өз мақсатына, атап айтқанда, тұтынушылық несие нарығын біртіндеп «суытуға» қол жеткізгенін айтты. Осыдан кейін төраға орынбасары Ақылжан Баймағамбетов те реттеушінің шектеулерді шектен тыс қатаңдатпайтынын растап: «Жалпы статистика кепілсіз тұтынушылық несие беруді тежеу мақсаттарының орындалғанын көрсетеді. Сондықтан бұл бағытта бұранданы артық бұрау жоспарланбаған, десе де бұл өте дұрыс көрсеткіш болып табылады», — деп мәлімдеді.
Еуразия24 пікірі:
«Борыштың табысқа арақатынасы» (DTI/БТА) коэффициенті — әлемдегі барлық дерлік қаржы жүйелерінде қолданылатын базалық тәжірибе. Қазақстандықтардың несиеге белшесінен батқанын ескерсек, несиені «банк қанша берсе, сонша алу» емес, адамның нақты төлем қабілетіне қарай алу принципіне көшу тіпті сәл кешігіп қолға алынған шара деуге болады. Дегенмен, ештен кеш жақсы. Ұлттық банк бұл қадам арқылы жеке тұлғалардың жаппай банкротқа ұшырауын азайтуға, банк жүйесіне түсетін теріс қысымды төмендетуге және несиеге тәуелділіктен туындайтын әлеуметтік мәселелерді шешуге біртіндеп жол ашып келеді. Несие лимитін табыс деңгейіне байлау қисынды қадам — бұл жүйеден табысы төмен адамдардың ірі көлемде қарыз алу мүмкіндігін шектейді. Осылайша, банктер барлық зардапты қарыз алушыға жүктей отырып, жоғары тәуекелдер арқылы пайда табу мүмкіндігінен айырылады. Әрине, несие нарығындағы мұндай талаптар бейресми жұмыс істейтін және табысы жоғары болса да, оны құжатпен дәлелдей алмайтын азаматтарға кері әсерін тигізуі мүмкін. Алайда бұл жағдай халықты табысын «көлеңкелі аймақтан» шығарып, жалақысын ресми түрде көрсетуге ынталандыратын болады.




