Құрылтай сайлауына үгіт-насихат науқанының соңғы аптасы да басталды. Шынын айтқанда, «Еуразия24» редакциясының бұл тақырыптағы айтары да сарқыла бастағандай. Жоқ, «Не болды?» және «Ушыққан мәселе» айдарларында материал жеткілікті. Ал болашақ Құрылтайдың құрамы қандай болады, ол елде қордаланған мәселелерді шешуге қаншалықты қауқарлы – әзірге бұған қатысты нақты болжам жасау қиын.
Ал елдегі мәселелер қордаланып қана жатқан жоқ, бірінен соң бірі бой көрсетуде. Өткен жұмада Алматы қаласы мен Алматы облысында, сондай-ақ Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанда электрмен жабдықтау жүйесінде ауқымды ақау болып, бұл жағдай шалғайдағы шетелдік БАҚ-тың да назарын аударды . 14 тамыздағы жаппай электр қуатының үзілуін кезекті ескерту белгісі деуге болады. Оның үстіне бұл алғаш рет болып отырған жоқ. Мұндай жағдай 2022 жылы қаңтарда, Қаңтар оқиғасынан бірнеше апта өткен соң да тіркелген еді. Алайда сол кездегі дүрбелеңнің аясында бұл мәселе көпшіліктің назарынан тыс қалды.
Алайда цифрландыру мен жасанды интеллект жылы аясында, Екібастұзда дата-орталықтар алқабын салу жоспарланып жатқан тұста Орталық Азиядағы электр энергиясын өндіру қуатының созылмалы тапшылығынан болған бұл ақауға ел басшылығы айрықша назар аударып, тиісті қорытынды жасауға тиіс. Ал «Еуразия24» редакциясы үшін бұл – басылымның басты бетіне шығаруға лайық жеке тақырып.
Сайлауға қатысып жатқан партиялар бұл жөнінде не айтып үлгеретінін алдағы уақытта көрерміз. Ал біз осы жолғы бағанымызда тағы да «қосалқы президент» тақырыбына оралуды жөн көрдік . Оның үстіне болашақ вице-президенттің кандидатурасы әлі жарияланған жоқ. Дегенмен бұл тақырыпты таңдауымыздың басты себебі басқа. Мәулен Әшімбаев жүргізетін Taldau Talks бағдарламасы мәртебелі қонақтарымен де, талқыланатын мәселелердің өзектілігімен де назар аудартады. Бұл жолы да солай болды. Сенат таратылып, оның спикері қызметінен кетті. Әлеуметтік желілерде Мәжіліс төрағасы қызметінен кеткен Ерлан Қошанов пен Мәулен Әшімбаевтың қамауға алынғаны туралы жалған ақпарат тарады. Осындай тұста Taldau Talks-тың жаңа әрі өзекті шығарылымы жарық көрді. Оның тақырыбы – қазақстандықтарды толғандыратын ең маңызды мәселелердің бірі – баспана.
Баспана мәселесі кім-кімді де бейжай қалдырмайтыны анық. Сондықтан тақырыпқа қызығушылық танытқан оқырманға бұл көлемді әрі мазмұнды сұхбатты тыңдап шығуды ұсынамыз. Біз де онда айтылған мәселелерге қатысты өз ойымызды ортаға салуды жөн көрдік.
Алдымен тұрғын үй құрылысының қазіргі ахуалына тоқталайық. Бұл бағытта Қазақстанның көрсеткіші жоғары екенін мойындау керек.
Естеріңізде болса, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін Қазақстанда «Тұрғын үй – 91» бағдарламасы қабылданып, жыл сайын 9 млн шаршы метр баспана салу міндеті қойылған еді. Сол кездегі мүмкіндік пен ресурсты барынша жұмылдырудың арқасында құрылыс көлемі 6,5 млн шаршы метрге дейін жеткізілді. Ал 2025 жылы елімізде қанша тұрғын үй пайдалануға берілгенін білесіз бе? 20 млн 100 мың шаршы метр!
Биыл да құрылыс көлемі бұдан кем болмайды деп үміттенеміз. Дегенмен БЖЗҚ қаражатын тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалану шегінің көтерілуі саланы қаржыландыру мүмкіндігін едәуір қысқартты. Мәселен, Қазақстандағы ипотекалық қарыздардың жалпы көлемі шамамен 7,5 трлн теңгені құрайды және жыл сайын оған 2 трлн теңгеге жуық қаражат қосылады. Ал былтыр тұрғын үй сатып алуға БЖЗҚ-дан тағы 840 млрд теңге бағытталған. Демек, қаржыландырудың үштен біріне жуық бөлігінің орны босап отыр. Оның орнын басқа қаржы көздерімен толықтыру қажет.
Бұл мәселені кейінге қалдыруға болмайды. Өйткені тұрғын үй құрылысы – ел экономикасына тікелей ықпал ететін ірі салалардың бірі және мұнда өндіріс көлемінің төмендеуіне жол беруге болмайды. Оның үстіне құрылыс қарқыны рекордтық деңгейге жеткенімен, Қазақстанда әлі де 1,1 млн адамның жеке баспанасы жоқ. Ал кемінде 3-4 млн адам тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж.
Осылайша Taldau Talks бағдарламасында көтерілген негізгі мәселеге – «Отбасы банктің» тұрғын үйді ипотекалық қаржыландырудағы айрықша рөліне келеміз .
Осы тұста біз де назар аударуға тұрарлық бір мәселеге тоқталмақпыз.
«Отбасы банктің» елдегі ипотекалық несиелеудегі үлесі бұған дейін де 60-70% шамасында болатын. Ал 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысында жеңілдетілген ипотеканың үлесі рекордтық 85,1%-ға жетті. Мұның себебі түсінікті. Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесіне тәуелді коммерциялық банктердің ипотекасы көпшіліктің қалтасы көтере бермейтін деңгейге жеткен. Ал «Отбасы банк» ұсынатын шарттар, керісінше, өте тиімді. Рас, салымшы қажетті соманың жартысын жинағанға дейін депозитіне небәрі 2% сыйақы алады. Бұл инфляцияның орнын толтыруға да жетпейді. Бірақ қажетті қаражат жиналған соң ипотеканы жылдық 5%-бен рәсімдей алады. Бұл – бағаның өсу қарқынынан екі еседен астам төмен көрсеткіш.
Осындай төмен мөлшерлемемен несие ұсынғанына қарамастан, «Отбасы банктің» өзі де табысты жұмыс істеп отыр. Банк акционеріне жыл сайын 100 млрд теңге көлемінде дивиденд төлейді.
Осы тұста мынадай көріністі елестетіп көрейік. Біз оқырманмен бірге жау қоршауындағы бекініске азық-түлік пен оқ-дәрі жеткізіп жүрген астыртын партизан тобымыз делік. Бекіністің айналасын жау биік дуалмен қоршап, оған электр тогын да қосып қойған. Соған қарамастан, күзет мұнарасындағы пулеметшілер байқамайтын шағын өткел тауып алып, сол арқылы емін-еркін кіріп-шығып жүрміз.
«Мұндай болуы мүмкін емес, жаудың әрекеті қисынсыз ғой» дерсіз. Ойдан шығарылған оқиғада солай болуы мүмкін. Ал шынайы өмірде «Отбасы банктің» халыққа да, өзіне де тиімді жұмыс істеу тәсілі осы көрініске ұқсайды.
Қарап отырсаңыз, жағдай расында қызық. Ұлттық банк инфляцияны тежеу үшін қаржы нарығындағы ақша құнын барынша қымбаттатып отыр. Мұндай жағдайда кез келген экономикалық бастаманы, соның ішінде тұрғын үй құрылысын қаржыландыру қиындай түседі. Бұл – инфляциямен күрестің өте қатаң тәсілі. Оны қатерлі ісікті сәулелік және химиялық терапиямен емдеуге теңеуге болады.
Алайда инфляциямен күрестің өз өтеуі бар. Соның салдарынан Қазақстандағы депозиттердің сыйақы мөлшерлемесі дамыған елдердегіден бірнеше есе жоғары, ал несие одан да қымбат.
Осындай жағдайда мемлекетке тиесілі «Отбасы банк» нарықтағы қалыптасқан тәртіптен бөлек жолмен жұмыс істейді. Ұлттық банктің депозиттер мен несиелер бойынша қалыптасуына ықпал еткен жоғары мөлшерлемелеріне де, инфляция деңгейіне де қарамастан, банк салымшыларға төмен пайызбен ипотека беруді жалғастырып отыр.
Ендеше қаржы нарығының қалыптасқан заңдылықтарына қарамастан, құрылыс саласына да, ипотека алушыларға да, банктің өзіне де тиімді бұл жүйе қалай жұмыс істеп отыр?
«Отбасы банк» депозит пен несие мөлшерлемелерін өзі белгілейді. Соған қарамастан, бұл жүйе тиімді жұмыс істеп отыр.
Мұндай ипотека Ұлттық банктің шектеулеріне қарамастан беріліп жатқандықтан, экономикадағы бағаның қосымша өсуіне әсер етеді деуге болар еді. Ұлттық банк инфляцияны тежеуге барынша күш салып жатқанымен, нәтиже жоқ. Демек, бағаның өсуіне әлдебір себеп бар. Оған осындай төмен пайызды несие ықпал етіп жатқандай көрінуі мүмкін.
Бірақ іс жүзінде олай емес. Құрылыс нарығындағы баға елдегі жалпы баға деңгейіне сай өзгеріп келеді, ал ипотека инфляцияны қосымша күшейтіп отырған жоқ. Ендеше Ұлттық банк ауыздықтай алмай отырған жоғары инфляция қайдан шығып жатыр?
Оны Ұлттық банктің өзі қолдан жасап отыр!
Мұны түсіну үшін экономист болудың қажеті жоқ. Ұлттық валютаға жауапты реттеуші ақша-кредит саясаты арқылы бағаның тек ақша айналымына байланысты өсуіне ықпал ете алады. Экономикадағы ақша көлемі жеткілікті, жеткіліксіз немесе шамадан тыс болуы мүмкін. Ал өзге факторларға Ұлттық банк тікелей ықпал ете алмайды.
Мұны білу үшін экономикалық пәндерді терең меңгерудің де қажеті жоқ. Базалық мөлшерлеме инфляцияны тежеу мақсатында экономикадағы ақша көлемін азайту үшін көтерілетіні экономика мамандығының алғашқы курстарында-ақ оқытылады.
Енді осы қарапайым қағиданы Ұлттық банктің өз статистикасымен салыстырып көрейік. 2025 жылы М2 ақша массасы 38,3 трлн теңгеден 45,8 трлн теңгеге дейін, яғни 19,6%-ға өскен. Сол жылы инфляция 12,3% болды. Демек, бағаның өсуіне монетарлық фактордың ықпалы айқын.
Биылғы алты айда М2 ақша массасы 43,8 трлн теңгеден 48,1 трлн теңгеге дейін ұлғайып, өсім 9,8%-ды құрады. Осы қарқын сақталса, жылдық көрсеткіш 20%-ға жуықтайды. Ал шілде қорытындысында жылдық инфляция 10,2% болды. Яғни оның басым бөлігі ақша көлемінің өсуімен байланысты.
Сонда Ұлттық банк ақша массасын қысқарту үшін нақты секторға ауыр тиетін жоғары мөлшерлемені сақтап отырып, іс жүзінде оның көлемін қалайша ұлғайтып отыр?
Әрине, мұның себебін Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитетінің мүшелеріне өзіміз де түсіндіріп бере аламыз (https://eurasia24.media/redakcionnaya-kolonka/zadachi-prezidenta-i-kto-razgonyaet-czeny/). Бұған дейін де бұл мәселеге бірнеше рет тоқталғанбыз.
Дегенмен мұны олардың өздері де жақсы біледі. Әйтпесе Ұлттық банктің өзі орнатқан жоғары мөлшерлемелер жағдайында «Отбасы банктің» төмен пайызды ипотека беруіне еш кедергі келтірмей отырғанын немен түсіндіруге болады?




