Евразия24Басты бетДрондар соғысы және оның экономикалық тиімділігі

Дрондар соғысы және оның экономикалық тиімділігі

|

|

 2022 жылдан бері кеңінен қолданылып келе жатқан ұшқышсыз ұшу аппараттары қазіргі әскери қақтығыстардың сипатын едәуір өзгертті. Бұл саладағы маңызды мәселелердің бірі – қару-жарақтың экономикалық тиімділігі. Дрондар мен оларға қарсы құралдардың, әуе шабуылына қарсы қорғаныс кешендерінің, байланыс және нысананы дәлдеу жүйелерінің құны мемлекеттің қорғаныс шығынына шамадан тыс салмақ түсірмеуге тиіс. Осыған байланысты Пентагон ауыр барлау және соққы жасауға арналған MQ-9 Reaper дрондарын пайдаланудың тиімділігіне қайта баға бере бастады. АҚШ Қорғаныс министрлігі енді құны төмен, ұрыс жағдайына барынша бейімделген және бірнеше аппараттан тұратын топ құрамында әрекет ете алатын дрондарға басымдық беруге ниетті.

АҚШ Қорғаныс министрлігінің бюджеті әлемдегі ең ірі әскери бюджет болып саналады. Соған қарамастан, ведомство қару-жараққа жұмсалатын шығындарды оңтайландыру жолдарын қарастырып отыр. Бұл үрдісті MQ-9 Reaper ұшқышсыз ұшу аппаратының мысалынан көруге болады.

MQ-9 Reaper 2008 жылдан бері АҚШ Қарулы күштерінің қару-жарағында бар. Оның құны модификациясына қарай 30 млн доллардан 50 млн долларға дейін жетеді. Ұзақ уақыт бойы бұл аппарат америкалық әскерилердің барлау және соққы операцияларындағы негізгі талаптарына сай келді. Алайда аппарат негізінен әскери-технологиялық мүмкіндігі төмен қарсыласқа қарсы операцияларға арналған. Сондықтан технологиялық әлеуеті жоғары қарсыласпен күресуге бейімделмеген.

2017 жылдың қазанында хуситтер Сана қаласының үстінде MQ-9 Reaper аппаратын техникалық мүмкіндігі аса жоғары емес зымыранмен атып түсірді. Осыдан кейін мұндай дрондардың «Ансар Аллаға» қарсы тиімділігі төмен екені байқалды. 2019 жылы Ливия әуе кеңістігінде MQ-9 Reaper «Панцирь» жүйесімен жойылды. Ал АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соңғы соғысында Пентагон кемінде 45 Reaper дронынан айырылды. Бұл – ұшуға жарамды аппараттар паркінің төрттен бір бөлігі.

Шығыс Еуропа мен Парсы шығанағындағы соғыстар әуе, теңіз және құрлық дрондарының жаппай қолданылатын қаруға айналғанын көрсетті. Мұндай жағдайда олардың құны да маңызды мәнге ие. Украина Мәскеуге 1187 дронмен шабуыл жасап, оның біреуі ғана нысанаға жеткен жағдайда, мұндай операциялардың тиімділігіне қатысты мәселе туындайды. Ресей тарапы әуе шабуылына қарсы қорғанысқа қаржы жұмсағанымен, соққыдан келген шығын іс жүзінде жоқтың қасы.

Украина шекарасынан Ресей астанасына дейін жету үшін алыс қашықтыққа ұша алатын ірі дрон қажет. Мұндай аппараттардың орташа құны шамамен 50 мың доллар. Демек, 1187 дронға жұмсалатын қаражат 59,35 млн долларға жетеді. Бұл шамамен 20 «Искандер» зымыранының құнына тең. Алайда Киевке 20 баллистикалық зымыран жіберілген жағдайда Украина Қарулы күштері оның бір-екеуін ғана атып түсіре алады, ал қалғандары нысандарға айтарлықтай зақым келтіреді. Яғни шығын көлемі шамалас болғанымен, соққының нәтижесі мүлде бөлек.

Жоғарыдағы мысалдан дрондардың мүмкіндігі кең болғанымен, соғыс жағдайындағы барлық міндетті бірдей шешуге қауқарсыз екені көрінеді. Белгілі бір нысандарды жою үшін зымырандар қажет болса, енді бір жағдайда артиллерия немесе ауыр авиабомбалар қолданатын әскери авиация тиімді.

Иран АҚШ-пен соғысқа ұзақ жылдар бойы дайындалды. Осы мақсатта тау жыныстарының терең қабаттарында 53 «зымыран қаласы» салынды. Оларды тұрғызуға орасан еңбек пен қаржы жұмсалған. Алайда жасанды интеллект технологиялары пайдаланылған қарқынды шабуылдардың өзі бұл нысандардың жұмысына айтарлықтай кедергі келтіре алмады. Кіріп-шығатын жолдар санаулы сағатта үйінділерден тазартылып, зақымданған жерлері жөнделді. Көп ұзамай жерасты кешендерінен зымырандар мен дрондар қайта ұшырыла бастады.

Құны 500 доллар шамасындағы, 3 келі жарылғыш зат тасымалдайтын жақын қашықтыққа арналған камикадзе-дрондар кейбір міндеттерді орындауда артиллериялық снарядтарға қарағанда арзан әрі тиімді. Алайда ұшу қашықтығы ұлғайып, әскери міндет күрделенген сайын дронның бағасы да күрт өседі. Оптикалық-электрондық бақылау жабдықтары, жоғары деңгейде автоматтандырылған басқару жүйесі мен қорғалған байланыс арнасы едәуір шығынды талап етеді. Сондықтан жаппай өндіріс пен технологияны жетілдіру арқылы өнімнің өзіндік құнын төмендетудің маңызы зор.

Қазір әскери ғылым 2020 жылдардағы қарулы қақтығыстардың тәжірибесін жан-жақты зерттеп жатыр. Себебі бұған дейін теория жүзінде тиімді саналған көптеген тәсілдер мен әскери тұжырымдамалар нақты соғыс жағдайында күткендегідей нәтиже бермеді. Бұл үдеріске әскери экономика мамандары да белсенді араласуға тиіс. Қарқынды соғыс жағдайында құны мен тиімділігі оңтайлы үйлескен дрондар қажет. Мұндай қару-жарақты әзірлеуде қате шешім қабылдаудың салдары ауыр болуы мүмкін.

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Израильде ХАМАС шабуылының үш жылдығына байланысты аза тұту шаралары өтіп жатыр

Израиль қалаларында 2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС жасаған шабуылдың үш жылдығына орай аза тұту рәсімдері өтіп жатыр, деп хабарлады сәрсенбі күні The Times of Israel.

Кремль Париждің зымыран сынағына жауап берді

Кремль сейсенбі күні Францияның ядролық оқтұмсықсыз M51.3 баллистикалық зымыранын ұшыруын Франция президенті Эмманюэль Макрон айтқандай «айқын әрі анық белгі» деп қабылдады. Алайда кез келген мәселені күш көрсету мақсатындағы зымыран ұшыру арқылы емес, келіссөз жолымен шешкен дұрыс деп санайды. Бұл туралы Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеді.

Ирак мұнай экспортының қысқаруына байланысты динар бағамын долларға шаққанда 13%-ға төмендетті

Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасымалының шектелуі Ирак экспортына кері әсер етіп, ел экономикасына қысым түсірді. Осыған байланысты Ирак билігі ұлттық валютаның АҚШ долларына шаққандағы бағамын 13%-ға төмендетті.

Қазақстан мен Ұлыбритания білім, энергетика, логистика және ЖИ салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отыр

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлыбританияның сауда жөніндегі мемлекеттік министрі лорд Анас Сарварды қабылдап, экономика мен білім салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.