Жаңа Конституция жобасындағы өзгерістерді шартты түрде екі топқа бөлуге болады. Біріншісі — халық үшін маңызды өзгерістер, екіншісі — билік үшін басым мәнге ие түзетулер. Оларды техникалық тұрғыдан жеке-жеке қабылдау мүмкін болмағандықтан, барлық өзгерістер бір пакет аясында ұсынылып отыр. Өзгерістер биліктің мүддесін де, қоғамның негізгі күтілімдерін де белгілі бір деңгейде қамтып отыр. Бірпалаталы немесе екіпалаталы парламент мәселесі қарапайым азамат үшін өмірлік маңызы бар тақырыптардың қатарына жатпайды. Бұл, ең алдымен, «Жаңа Қазақстанды» қалыптастырып отырған саяси топтарға қажет шешім. Себебі өңірлерде ықпалы мықты «Ескі Қазақстан» өкілдерінің Сенат арқылы орталық билікке ықпал ету мүмкіндігін шектеу көзделіп отыр. Сенат болмаған жағдайда жоғарғы билік үшін ықтимал саяси қауіп көздерінің бірі де жойылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы жылдың 20 қаңтарында Қызылорда қаласында өткен бесінші Құрылтайда конституциялық реформаларға қатысты жаңа бастамалар топтамасын ұсынды. Негізінен бұл — билік институттары арасындағы жаңа конституциялық тепе-теңдікті айқындауға бағытталған кезекті талпыныс. Ең бастысы, Конституцияны тек құқықтық нормалар мен баптардан тұратын құжат ретінде қабылдауға болмайды. Ол бір ғана түбегейлі сұраққа жауап береді: елде шешімдерді кім қабылдайды және сол шешімдерді кім шектей алады.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық журналистерді Ұлттық баспасөз күнімен құттықтап, елде жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформаны жариялауда бұқаралық ақпарат құралдарын сындарлы ұстаным танытуға шақырды.
Қызылордада өткен V Ұлттық құрылтайдың басты ақпараттық оқиғасы — жақын арада вице-президент лауазымының енгізілуі болмақ. Конституцияға енгізілетін өзгерістер тек қағаз бетіндегі жазулар болса, вице-президент — мемлекет басшысына қатысты күтпеген жағдайлар (форс-мажор) орын алғанда, негізгі шешімдерді қабылдайтын және құжаттардың мазмұнына тікелей ықпал ететін нақты тұлға. Қазақстандағы суперпрезиденттік билік жүйесінің табиғаты осындай, сондықтан саяси процестерден хабары бар орта екінші кезектегі мәселелерге назар аудармайды.