Reporter мәліметінше, көлемі 45 беттен тұратын құжатқа 140 тармақ енген. Онда БРИКС елдерінің халықаралық қауіпсіздік, қақтығыстардың алдын алу, әлемдік сауда, энергетика, жаһандық институттарды реформалау және басқа да мәселелер жөніндегі ұстанымдары қамтылған. «Бірде-бір мүше ел қарсылық білдірген жоқ. 2026 жылғы Нью-Дели декларациясы бірауыздан қабылданды», – деді Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди. Декларация екі күндік саммиттің алғашқы күнінде қабылданды. Басылымның жазуынша, ортақ мәлімдеменің мәтінін келісу оңайға соқпаған. Тараптар таңғы сағат 04:00-ге дейін келіссөз жүргізген. 2026 жылы БРИКС-ке төрағалық етіп отырған Үндістан Таяу Шығыстағы қақтығысқа қатысты БАӘ мен Иран арасындағы келіспеушіліктерді реттеуге атсалысты. Бұған дейін БРИКС елдері сыртқы істер министрлерінің кездесуі ортақ келісімге келе алмай аяқталған еді.
Еуразия24 пікірі:
БРИКС елдері мына бағыттар бойынша ортақ ұстанымға келді:
- терроризмге қарсы күрес;
- заңсыз қаржы ағындарына, есірткі мен қару-жарақтың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл;
- қақтығыстардың алдын алу;
- Дүниежүзілік сауда ұйымына негізделген көпжақты сауда жүйесін қолдау;
- энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
- ұлттық валюталармен есеп айырысуды дамыту;
- БҰҰ-ны, соның ішінде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін реформалауды қолдау;
- әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту;
- спорт саласындағы ынтымақтастықты дамыту.
Қазақстан 2025 жылы 1 қаңтардан бері БРИКС-тің серіктес елі саналады. Еліміз әуел бастан ұйым аясындағы практикалық ынтымақтастыққа, соның ішінде сауда, инвестиция, көлік байланысы, энергетика, цифрландыру және инновация салаларына басымдық беріп келеді. Бұл бағыттар БРИКС-тің қазіргі күн тәртібімен толық сәйкеседі.
Осы тұрғыдан алғанда, Нью-Дели декларациясы Қазақстанға өз мүдделерін ілгерілетуге және серіктес елдермен байланысты кеңейтуге мүмкіндік беретін тағы бір дипломатиялық алаң қалыптастырады.




