Bizmedia-ның хабарлауынша, Ішкі істер министрлігі қылмыстық процесті автоматтандыруда: енді айыптау актілерін арнайы алгоритм әзірлейді, ал заттай дәлелдемелер QR-код арқылы есепке алынады. Ведомствоның қылмыстық іс жүргізу саласындағы басты АТ-жобасы — «Тергеушінің цифрлық көмекшісі» деп аталады. Бұл жүйе полицейлерді қағазбастылықтан арылтпақ. ІІМ-нің редакция сауалына берген ресми жауабына сәйкес, алгоритм бастапқы аналитикалық жұмыстарды өз мойнына алады. «Тергеушінің цифрлық көмекшісі қылмыстық құқық бұзушылықтың фабуласы мен қолданыстағы әдістемелік ұсынымдар негізінде тергеу нұсқаларын ұсынып, қажетті тергеу әрекеттерінің тізбесін көрсете отырып, тергеу жоспарын құрады. Сонымен қатар жоспарда тағайындалуы тиіс сараптамалардың тізімі мен оларға қойылатын сұрақтар қамтылады», – деп ІІМ хабарлады. Жүйе жоспарлаудан бөлек, қорытынды құжаттарды да өз бетінше дайындауға қауқарлы. Министрлік қазіргі уақытта жасанды интеллект қылмыстық іс материалдарының негізінде күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы мен айыптау актісін автоматты түрде әзірлейтінін растады. Дегенмен ең маңызды заңнамалық мәселе — алгоритм жіберген қателіктер үшін жауапкершілік жүгін анықтау үрдісі консервативті бағытта шешіліп отыр. Жасанды интеллектінің ұсынымдары мен ол әзірлеген құжаттардың дербес іс жүргізу күші болмайды. Қорытынды шешімді әрдайым тергеуші қабылдайды және қылмысты саралау мен тергеу барысына тікелей сол тұлға дербес жауапты болады.
Еуразия24 пікірі:
Бір жағынан, Ішкі істер министрлігінің жасанды интеллект жүйелерін енгізуге неліктен басымдық беріп отырғанын түсінуге болады. Бұл қадам бірден екі өзекті мәселені шешуді көздейді: Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға мүмкіндік береді әрі кадр тапшылығы мәселесін реттейді. Соңғы жылдары ІІМ басшылығы мен депутаттар қызметкерлердің, әсіресе тергеушілер мен учаскелік инспекторлардың жетіспеушілігін жиі көтеріп жүр. 2024–2025 жылдардағы қоғамдық талқылауларда еліміз бойынша мыңдаған бос жұмыс орындарының бар екені, кадрлардың тұрақсыздығы, артық жұмыс уақыты мен қылмыстық істердің тым көптігі туралы деректер айтылған болатын. Сонымен қатар тергеу сапасына қатысты да сын жиі айтылды. Олардың қатарында тергеу амалдарының созылуы, іске үстірт қарау, айыптау бағытының басым болуы, үлгілік қаулыларды қайталау, дәлелдемелік базаның әлсіздігі және прокуратура мен соттардың істерді тоқтатуы сияқты кемшіліктер бар. Осы тұрғыдан алғанда, «цифрлық көмекшіні» енгізу — уақыт талабынан туындаған қадам сияқты көрінеді. Тергеушінің өндірісінде жүздеген материалдар болып, оған іс жүргізу құжаттары мен тұрақты есептіліктің үлкен көлемі қосылғанда, мемлекет автоматтандыру үдерісінен тиімді шешім іздей бастайды. Десе де, бұл үдерісте ескермеуге болмайтын жүйелі тәуекелдер бар. Жұмыс жүктемесі тым жоғары жағдайда жасанды интеллект тергеушіге дайын тергеу нұсқаларын, құқықтық саралау үлгілерін және айыптау актісінің жобасын ұсынған кезде, маманның машина әзірлеген қорытындыны автоматты түрде «ең оңтайлы шешім» ретінде қабылдау үрдісі қалыптасуы мүмкін. Мұндай психологиялық инерцияға, әсіресе, тәжірибесі аз немесе қызмет жолын жаңа бастаған жас мамандар тез бой алдырады. Соның салдарынан құқықтық парадокс туындайды: де-юре (заң жүзінде) шешім қабылдау өкілеттігі адамда қалғанымен, де-факто (іс жүзінде) қылмыстық процестің бағыт-бағдарын нейрожелілер айқындап отырады. Бұл — технологиялық деңгейдегі емес, сот төрелігінің философиясы мен негізгі қағидаттарына қатысты іргелі мәселе, өйткені мұндағы әрбір қателіктің артында адам тағдыры тұр. Егер тергеуші цифрлық алгоритмдерге шексіз сенім артса, қылмыстық процестегі айыптау үрдісі механикалық сипатқа ие болады. Себебі жасанды интеллект өзіне жүктелген деректер базасы негізінде тек «ең жиі кездесетін» саралау нұсқаларын шығарады, ал құқық қорғау жүйесі істің өзіндік ерекшеліктеріне үңілместен, дайын шаблон бойынша айыптау қорытындысына қарай жылжи береді.




