Евразия24Басты бетБешпармақ. Инженер толғанысы. ЖАППАЙ ҚОНЫС АУДАРУ. ҰЛЫ ХАННЫҢ СОҢҒЫ ЖОБАСЫ

Бешпармақ. Инженер толғанысы. ЖАППАЙ ҚОНЫС АУДАРУ. ҰЛЫ ХАННЫҢ СОҢҒЫ ЖОБАСЫ

|

|

Орыс князьдіктері тарапынан төнген соғыс қатерін жойғаннан кейін, олардың Біртұтас Экономикалық және Кедендік Одақтарға кіретіні, бұл мәселесінің алдағы уақытты шешілетіні түсінікті болды.
Сыртқы Барлау Қызметі жедеғабыл жинаған ақпарға сүйене отырып, Ұлттық Сауда Корпорациясы Жеңіс Хан мен Федерация Үкіметіне «Орыс нарығында жүн саудасын дамытудың келешегі туралы» деп аталатын жан-жақты талдау баяндамасын әзірледі. Сол талдаудан орыс нарығының жүн тұтыну тұрғысындағы сұраныс мөлшері Қытай, Орта Азия және Таяу Шығысты қосып алғандағы қазіргі сауда көлемінен кемінде 10 есе асып түсетіні айқын көрінді. Соған сәйкес, келешекте Мәңгі Елдің көшпенді
халықтарының табыстары он есе ұлғаяды! Алайда, Батыста орналасқан орыс аумақтары Шығыстағы жүн өндіру орнынан тым шалғай жатқандықтан, жүк тасымалының қымбаттығына байланысты жүннің құны тым шарықтатып,
көпшіліктің қолы жетпес тауарға айналды. Оның үстіне, көктемде қырқылған қой жүні тиелген арбалы керуендер ұзақ жүріп, орыс базарына тым кеш жетті, жолда күзгі лайсаң мен оппа қарға тап болды. Осыған орай, өзінен-өзі сұранып тұрған өте қарапайым тұжырым: жүн өндірісін сату нарығына мейлінше жақынырақ жерге ауыстыру қажет. Демек, Мәңгі Елдің шығыс бөлігіндегі (қазіргі Моңғолия жеріндегі) барлық қазақ рулары атамекенін тастап, отар-отар қойларымен бірнеше
мыңдаған шақырым батысқа қарай үдере көшіп, біртіндеп қазіргі Қазақстан тұрған аумақты толтырып, сонау орыс жерлерімен арадағы шекараларға дейін қоныстануы тиіс еді. Көшпенділерге алыс аймақтарға көшіп-қону қиындық тудырмайды. Бірақ, Федерация Үкіметі әуелі 3 маңызды мәселені зерделеп алуы керек еді:
бірінші – жаңа жерде жем-шөп қоры жеткілікті қосымша жайылымдар болуы керек;
екінші – Федерацияның батыс аймақтарында тұратын қазақ рулары шығыс қазақтарының өз жерлеріне қаптай келуіне қалай қарайтынын білу керек;
үшінші – атажұртты тастап, мигрант-келімсектерге айналуға шығыстағы рулардың өздері құлықты ма, соны анықтау керек.
Мәңгі Ел мемлекетінің экономикалық және саяси күш-қуатына сайма-сай алдағы осынау ауқымды жоба елдің кемеңгер басшысы Жеңіс Ханның өрісті ойы мен жасампаз іс-қайраткерлікке деген ерен құштарлығынан туған еді!
Бұл кезге қарай, тұтас мемлекеттердің саяси және әлеуметтік құрылымдарын өзгерткен, көптеген халықтарға тұрақты бейбітшілік, алаңсыз еңбек пен әл-ауқат сыйлаған ғаламат халықаралық экономикалық жобалар «Ұлы Жүн Жолы» мен «Ұлы Жібек Жолы»-ның игіліктері біртіндеп үйреншікті, әдепкі жайға айналды.
Белгілі ретпен жүретін, жүйеленген бірсарын мемлекеттік үдерістерді басқарудан жалыққан Жеңіс Хан жасы ұлғайған шағында жаңа бір ірі, пәрменді жобаны іске асыруға қатты ықыласы ауды. Оның сыртында, Мәңгі Елдің Ата Заңында жазылғандай, Федерация аумағын өзінің төрт ұлына күні бұрын бөліп беру жайын да ойланатын кез келген еді. Ал, ол үшін Жеңіс Хан мұраға қалдыратын мемлекеттің нақ сол сәттегі ауқымы қандай, шекарасы қай түста екенін анық білу қажет болды. Келешекте орыс аумақтарын қосып алып, сол арқылы Біртұтас Экономикалық Кеңістікті
кеңейту мәселесін талқылағаннан кейін, Жеңіс Хан Федерация құрылысы әлі аяқталмағанын түсінді. Содан-ақ алда өзін қаншама сынақтар күтетінін, қаншама игі істер атқаратынын ойлап, жүрегі қуанышқа толды!

Ұлы Хан «Қазақтардың жаппай қоныс аударуы» деп аталатын жобаны әзірлеп, іске асыру міндетін зор ықыласпен өзі басқарды. Осы Жобаға қатысты алдағы уақытта атқарылатын ең қиын шаруа – батыс пен шығыстағы қазақ руларымен жүргізілетін салмақты келіссөздер. Міне, сол мәселенің оңынан шешілуі үшін, ол бар беделін салып, өзі қатысуы қажет. Ұлттық Сауда Корпорациясының қазіргі Қазақстан аумағында орналасқан жүн дайындау кеңселері жүн өндіруші шаруашылықтардың тұрағы мен саны, жайылымдардың көлемі, қой саны, халық саны туралы соңғы деректерді, сондай-ақ, олардың таяу болашақтағы демографиялық және экономикалық әлеуеті хақындағы мәліметтерді жинап, Бас кеңсеге жеткізіп отырды.
Өз кезегінде, Бас Штаб Орта да Жобаны әзірлеуге қосылып, ауқымды әскери операциялар логистикасын есептеудегі дағдыларын пайдалана отырып, Ұлттық Сауда Корпорациясынан алынған экономикалық мәліметтерді өзінің топографиялық әскери карталарына түсірді, байырғы қазақ рулары мекендейтін жерлердің қазіргі шекараларын, халық пен малдың жалпы саны мен сол мал жайылатын жайылымдардың шұрайын, су көздерінің саны мен қуатын, ауа райының қолайсыздығы
мен артықшылықтарын анықтады. Соның нәтижесінде Федерация жерлерінің картасы жасалды, шығыстан келетін қазақ руларын қоныстандырып, олардың малына жайылым беруге жағдай бары белгілі болды. Сонымен, істің жайы көңіл көншітерлік еді! Біздің Қазақстанымыз аумағы жағынан әлемнің тоғызыншы елі болып отырғаны тегін емес қой. Қазақ руларының қазіргі Моңғолияның ұлан-асыр аумағынан осы заманғы Қазақстанның одан да зор аумағына жаппай көшуіне мүмкіндік жетерлік еді.
Бас штабтың қолбасы Мұқалы Ноян үлкен картаны ашып қойып, Жеңіс Ханға, әуелі, тусырап жатқан тың жерлерді көрсетіп, көшіп келген жұртты еш кедергісіз қоныстандыруға болатынын айтты;
одан соң, қай жерлерде халық аз мекендейтін көрсетіп, жаңа жұртты қондырмас бұрын, сол байырғы тұрғындармен келісу керек екенін жеткізді; одан кейін, халық көп тұратын жерлерде қоныс аударушыларды орналастыру жергілікті рулардың наразылығы мен қарсылығын тудыруы мүмкін екенін негіздеді.
Стратег Мұқалы Ноян мынадай бір көреген ой айтты: келешекте көптеген орыс князьдіктерін  қосып алып, Мәңгі Елдің экономикалық мүдделерін жүзеге асыратын аумақтарды кеңейткеннен кейін, Үкімет пен Жеңіс Ханның ордасын батысқа қарай жылжыған мемлекеттің жағрапиялық кіндігіне көшіру қажеттігі туындайды. Ол орталық, шамамен, Шығыс Қазақстанда болады. Осылай дей келе, Мұқалы сол тұсты нұқып көрсетті.Бас штабтың пікірінше, Мемлекетті басқару орталығы Федерацияның барлық субъектілерінен бірдей қашықтықта, яки, ортада орналасуы тиіс. Сонда олар атшабар поштамен жіберілетін хат- хабарды, сауалдар мен жарлықтарды бір мезгілде алып, оларға жауапты да бір мезгілде қайтара алатын болады. Оған қоса, әскерилердің ойынша, Мәңгі Елдің Басқару орталығы шекарадан бірдей қашықтықта орналасса, стратегиялық тұрғыдан неғұрлым қауіпсіз болады. «Жаман айтпай, жақсы
жоқ». Осылай Жеңіс Хан өзі де іштей қалап, үміттеніп жүрген нәрсесін естіп, картадан көрді. Сөйтіп, батысқа қарай танысу сапарына дайындалуға жарлық берді. Үкімет мүшелерінен басқа, делегация  құрамына барлық шығыс руларының басшы Хандары мен Бас Штаб басшысы, Жер комитетінің картографтары және Ұлттық Сауда Корпорациясының мамандары кірді.

1219-жылдың ерте көктемінде жеке күзет жасағы – кешіктендер мен Мұқалы Ноян түменінің таңдаулы мыңдығы қарауылдаған Жеңіс Ханның үлкен керуені көкорайлы даламен батысқа бет түзеді. Алда 3000 шақырымға созылған ұзақ жол жатты. Үкімет керуенінің алдында бір апта бұрын кеткен тылдағы әскери қамтамасыздық жасағы әрбір 30 шақырым сайын сапаршылардың тынығуына жайлы тұрақтар дайындап отырды. Керуен жол жүріп келе жатқан әзірде кешіктендер жайында азырақ айтып берейін.Кешіктендер (кішкентай деген мағына береді) – Жеңіс Ханның жеке күзет жасағы. Ол Федерациядағы барлық хандардың кенжелері мен олардың өздерімен жасты ең жақын бес досынан (яғни, «байдың балалары» – ру ақсүйектерінің кіші ұлдарынан) ғана құралған. Бұл Ұлы Ханның әлгі ұлдардың Хан әкелеріне үлкен сенімінің айғағы еді. Әрі айналасындағылар үшін де мақтан тұтарлық артықшылық болатын. Кешіктендер айрықша жауынгерлік машығымен, темір тәртіп пен Әміршіге шексізадалдығымен ерекшеленді. Сол үшін оларға жақсы ақы төленетін. Олардың бойындағы осы қасиеттерді қатал командирлер үнемі шыңдап, Қарсы Барлаудың қатаң қызметкерлері жіті қадағалап отырды. Таңдаулы кешіктендерді мықтап дайындап, жүзбасылар мен мыңбасылар корпусын жасақтады, ал, ішіндегі ең таланттыларына болашақта тұтас түмендер де сеніп тапсырылды. Сонымен бірге, Федерацияның әрбір егеменді субъектісінің Хан-басшысы мен сол рудың шонжарлары әлдеқалай бөлініп кетуге әрекеттенсе немесе Жеңіс Ханға басқалай бағынбаушылық
танытса, Ұлы Ханның қасында кепілде жүрген кенже ұлдарының басы шабылып, дереу өздеріне жіберелетінін жақсы түсінетін. Бағынышты Хандарды қатаң бақылап, уыста ұстаудың бұдан артық амалы жоқ шығар, сірә! Кейін орыс патшаларын күзететін лейб-гвардиялық полктардың офицерлік корпусы дәл осы әдіспен дворян ұлдарынан жасақталды. Жеңіс Ханның керуені бір қазақ руының жерінен екіншісіне жылжыды. Жол бойы картографтар мен жер өлшеушілер тынымсыз жұмыс істеді. Аялдаған жерлерде жергілікті рулардың Хан-басшыларымен салтанатты кездесулер өтіп, ұзақ келіссөздер жүргізілді. Хандар Федерация субъектілерінің әлеуметтік-экономикалық дамуы аясында атқарылған жұмыс пен алдағы жоспарлары туралы баяндады. Ұлттық Сауда Корпорациясының аумақтық кеңселері сатылған жүн көлемі бойынша есеп берді, ал, жергілікті басқақтар субъектідегі салық тәртібінің жай-күйін хабарлады.

Баяндамаларға қарағанда, Мәңгі Елдің батыс аумақтарындағы экономикалық жағдай әр түрлі қарқынмен дамып жатқаны байқалды. Кейбір кемшіліктері үшін Жеңіс Хан ашу шақырмады, Хандарға шүйлікпеді, тек орынды ақыл-кеңес айтып, Үкіметке Федерацияның артта қалған субъектілеріне қажетінше көмек көрсетуге жарлық берді.
Ұлы Ханның алдында толқып, тебіреніп, қобалжыған Хандар оның әкелік қамқорлығы мен ықыласын көріп, риза болып, содан соң-ақ, оның сапарының басты мақсаты – «Қазақтардың Жаппай Қоныс аударуы» мәселесін – ерекше көңіл күймен, іскерлік таныта отырып талқыласты, карталарды саусақтарымен батыл нұқып, белсенділік танытты. Ақыры, орталық және батыс қазақ руларының барлығымен келіссөз жүргізіп, олардың мүдделеріне құрметпен құлақ түріп, жазбаша келісімдерін алғаннан кейін, Жеңіс Хан шығыстағы қазақ рулары қоныстанатын жерлерді белгіледі. Сөйтіп, ол рулар түп көтеріліп, қазіргі Моңғолиядағы өз мекендерінен қазіргі Қазақстан аумағына көшті. Батыс пен Орталық байырғы рулардың иелігінде қалды, Шығыс пен Оңтүстік көшіп келгендерді қабылдап, қоныстандырды.

 

Кітаптың бірінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Алғы сөз»

Кітаптың екінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Зор күмәндар бастауы» 

Кітаптың үшінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Халықтың аспаздық өнері – тарих айнасы»

Кітаптың төртінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Бешпармақ төңірегіндегі жаңсақ түсінік. Палауға түсіндірме»

Кітаптың бесінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Ұлы Қытай қорғаны»

Кітаптың алтыншы бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Ұлы Қытай қорғаны. Моңғол ұғымы»

Кітаптың жетінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Қазақстан туы. Тәңіршілдік»

Кітаптың сегізінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Кедей қалай хан болды?»

Кітаптың тоғызыншы бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Мәңгі ел құру жоспары» 

Кітаптың оныншы бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Көшпенділердің жаңа экономикалық саясаты»

Кітаптың он бірінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Ұлы сауда көлігі»

Кітаптың он екінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. «Жүн жолы» жобасы»

Кітаптың он үшінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Мәңгі елдің қарыштап өсіп-өркендеуі»

Кітаптың он төртінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Ұлы хан сайлауы» 

Кітаптың он бесінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Хорезм ілгерілеуге қарсы»

Кітаптың он алтыншы бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Хорезм халықтарының жүректерін жаулау»

Кітаптың он жетінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Екінші мыңжылдық тұлғасына қарсы» 

Кітаптың он сегізінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Орыс мәселесі» 

Бешпармақ. Инженер толғанысы. ЖАППАЙ ҚОНЫС АУДАРУ. ҰЛЫ ХАННЫҢ СОҢҒЫ ЖОБАСЫ

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Вучич Ресейдің Сербияға газ жеткізу жөніндегі ұсыныстарына көңілі толмайтынын білдірді

РИМ. 11 қазан. ИНТЕРФАКС – Сербия президенті Александр Вучич...

Тоқаев елордалық Ботаникалық бақта ағаш отырғызу акциясына қатысты

АСТАНА. 11 қазан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев...

Пхеньяндағы шеруде алыс қашықтыққа арналған жаңа зымыран көрсетілді

Гонконг. 11 қазан. ИНТЕРФАКС – Солтүстік Корея астанасы Пхеньянда...

Газа секторындағы топтар анклавты басқаруға шетелдің араласуына қарсы

Мадрид. 11 қазан. ИНТЕРФАКС – Палестинаның ХАМАС, «Палестина ислам...