Евразия24Ушыққан мәселеБалға үймелеген араларм

Балға үймелеген араларм

|

|

«Алматыда 2030 жылға дейінгі Қор нарығын дамыту бағдарламасының  негізгі ережелері мен басым бағыттарын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті». Бұл – ресми хабарламадан алынған үзінді. Онда тағы бір маңызды тұжырым бар: «…қор нарығын банк кредитімен қатар экономиканы ұзақ мерзімді қаржыландырудың негізгі көздерінің біріне айналдыру үшін оның одан әрі дамуына жағдай жасау».

«Банк кредитімен қатар экономиканы ұзақ мерзімді қаржыландыру» деген негізгі ойға назар аудардыңыз ба?

Ендеше 1 тамыздағы жағдай бойынша банктердің экономиканы қаншалықты кредиттеп отырғанына көз жүгіртейік. Берілген кредиттердің жалпы көлемі – 39,4 трлн теңге, соның ішінде бизнеске берілгені – 13,2 трлн теңге. Оның 9,8 трлн теңгесі – қысқа мерзімді сауда операцияларына емес, бизнесті дамытуға мүмкіндік беретін ұзақ мерзімді кредиттер. Биыл күтіліп отырған ЖІӨ көлемімен (184 трлн теңге) салыстырғанда бұл небәрі 5,3%.

Ал дамыған елдерде экономиканы кредиттеудің қалыпты деңгейі ЖІӨ-нің 80–150 пайызы аралығында, кейде 300 пайызға жуықтайды. Дамушы елдерде бұл көрсеткіш ЖІӨ-нің 40–80 пайызы шамасында. Демек, біз әзірге дамушы елдерге тән ең төменгі көрсеткішке де жете алмай отырмыз.

Мұның себебі де түсінікті. Кәсіпкерлік мақсаттарға берілетін кредиттердің орташа мөлшерлемесі – 21,4%  Қазақстан нарығында мұндай табыстылықты қамтамасыз ете алатын салалар көп емес. Осындай қымбат кредит бизнесті дамытуға емес, керісінше, оның жағдайын қиындатуға бейім.

Берілген кредиттердің басым бөлігі халықтың еншісінде – 26,1 трлн теңге. Соның 24,1 трлн теңгесі ұзақ мерзімге алынған. Мөлшерлеме – 20,3%, яғни инфляция деңгейінен шамамен екі есе жоғары. Бірақ халықтың таңдау мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, мұндай қарызды да алуға мәжбүр.

Сонымен, банк кредитінің жағдайы осындай болса, онымен қатар қор нарығы экономиканың дамуына қалай үлес қосып отыр?

Шын мәнінде, қор нарығы экономиканы дамытуға айтарлықтай үлес қосып отырған жоқ. Оның себебі де сол – нақты сектор үшін ақшаның да, қаржы нарығындағы құралдардың да құны тым жоғары. Мәселен, қаржы алыпсатарларының емес, Қаржы министрлігінің өз бағалы қағаздарының кірістілігі 15,15%-дан 16,4%-ға дейін жетеді.

Мұндай пайыз нақты сектордағы кәсіпкер үшін – мойнына түскен тұзақ, бюджет үшін – орасан шығын, ал халық үшін – қарыз қамыты. Есесіне қаржы нарығындағы операциялар мен осы салада жүргендер үшін бұл – табысты кәсіп.

Бағдарлама жобасын әзірлеп, оны талқылауға қатысқандардың дені қаржы саласының өкілдері болуы да тегін емес: «Іс-шараға Агенттік, Ұлттық банк, Қазақстан қор биржасы (KASE), Еуропалық қайта құру және даму банкі, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басшылығы, нарық қатысушылары, сондай-ақ сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты».

Бір сөзбен айтқанда, ара ұясы да осы, аралары да осында – бөгде жұртқа орын жоқ.

Бағдарлама жобасында белгіленген 7 стратегиялық бағыт пен 35 бастаманың арасынан нақты экономиканы нақты қаржыландыруға арналған бірде-бір бастаманың табылмауы да сондықтан болар.

Оның үстіне, ресми деректерге қарасақ, қаржы нарығының өз көрсеткіштері жаман емес: «Қазіргі уақытта капитал нарығының негізгі көрсеткіштері тұрақты өсіп келеді. Соңғы бес жылда Қазақстандағы акциялар нарығының капиталдануы 19,1 трлн теңгеден 41,8 трлн теңгеге дейін, яғни екі еседен астам артқан. Жылдық орташа өсім – 11%. Борыштық бағалы қағаздар нарығы да осы кезеңде 32 трлн теңгеден 58 трлн теңгеге дейін ұлғайып, екі есеге жуық өскен. Корпоративтік борыш көлемі 24 трлн теңгеге жеткен».

Осындай көрсеткіштер тұрғанда нақты экономиканы қаржыландыру мәселесіне бас қатырудың қажеті қанша деген ой туындайды.

Қаржы нарығындағы көрсеткіштер нақты экономиканың өсімінен екі есе жоғары. Демек, қаржы саласындағылардың әзірге мазасы қашатындай себеп жоқ. Бірақ мәселенің екінші жағы бар: мемлекет қазынасы мен қазақстандық отбасылардың бюджетіне түсетін қарыз салмағы барған сайын ауырлап келеді.

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Тоқаев Қазақстанның Армениямен мемлекетаралық байланыстарды нығайтуға ниетті екенін растады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Армения басшылығын тәуелсіздіктің 35 жылдығымен құттықтап, екі ел арасындағы мемлекетаралық байланыстарды нығайтуға Қазақстанның мүдделі екенін білдірді.

Инфляцияны нысаналы деңгейге түсіру экономикаға ауыр тиеді

Федералдық резерв жүйесі (ФРЖ) ұсыныс тарапынан жиілеп, ұзаққа созылып отырған күйзелістердің инфляцияны үдететін әсерін елеусіз қалдыра алмайды. Оған қарсы қабылданатын шаралар экономикаға ауыр тиюі мүмкін, деп мәлімдеді Чикаго Федералдық резерв банкінің (ФРБ) президенті Остан Гулсби.

АҚШ доллары еуро мен фунтқа қатысты тұрақты

Дүйсенбідегі сауда барысында АҚШ долларының еуро мен фунт стерлингке қатысты бағамы айтарлықтай өзгерген жоқ, ал иенаға шаққанда нығайып келеді.

McLaren Ұлыбританиядағы өндірісін кеңейтуге 500 млн фунт инвестиция салып, тұңғыш SUV моделін шығарады

Британдық спорттық автокөлік өндіруші McLaren Automotive Ұлыбританиядағы өндірісін ұлғайтып, жаңа модельдер шығаруға 500 млн фунт стерлинг ($675 млн) жұмсамақ. Компания сондай-ақ өз тарихында алғаш рет жол талғамайтын көлік шығаруды жоспарлап отыр.