Астана. 21 қыркүйек. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Армения басшылығын тәуелсіздіктің 35 жылдығымен құттықтап, екі ел арасындағы мемлекетаралық байланыстарды нығайтуға Қазақстанның мүдделі екенін білдірді.
«Бірлескен күш-жігердің арқасында нақты мазмұнмен толығып келе жатқан қазақ-армян ынтымақтастығының табысты дамып отырғанын атап өтемін. Бұл елдеріміз арасындағы достық пен стратегиялық серіктестік рухына толық сай келеді. Қазақстанның сан қырлы мемлекетаралық байланыстарды нығайтуға деген берік ұстанымын растаймын», – делінген Тоқаевтың Армения президенті Ваагн Хачатурян мен премьер-министр Никол Пашинянға жолдаған жеделхаттарында.
Құттықтау жеделхаттарынан үзінділер Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада келтірілген.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, Тоқаев өз жеделхаттарында «армян халқының ұлттық бірлігі мен жасампаздық рухын, сондай-ақ елдің халықаралық аренадағы жоғары беделін айшықтайтын» бұл мерейтойдың тарихи маңызын атап өткен.
Қазақстан Президенті Армения басшылығына мемлекеттік қызметте жаңа табыстар, ал достас армян халқына амандық пен өркендеу тіледі.




