Қазақстан Парламентіндегі үш фракцияның депутаттары Бас прокурорға, Ішкі істер министріне және Ұлттық банк төрағасына азаматтарды алаяқтардан қорғау мәселесі бойынша ресми өтініш жолдады. Өтініште көрсетілген деректерге сәйкес, Қарағанды қаласының 66 жастағы зейнеткері Галина Ивановна Тутучкина 2001 жылдан бері психоневрологиялық есепте тұрса да, қазіргі уақытта «Халық банкі» мен «Home Bank» алдында жалпы сомасы 5 081 543 теңге қарызы бары анықталды. Оның денсаулық жағдайын растайтын құжаттар барлық мемлекеттік ақпараттық платформаларда тіркелген. Сондай-ақ депутаттар Ж.И. Отыншина және К.А. Аскарова есімді көпбалалы аналардың жағдайын мысалға келтірді. Олар алаяқтық жолмен рәсімделген несие кезінде бірнеше қарыздары болған, сондықтан банктер мұндай жағдайда жаңа несие бермеуі тиіс. Депутаттар атап өткендей, төрт баласы бар бір отбасы қаржы ұйымдарына қосымша 18 609 800 теңге қарызға кіріп кеткен. Тағы бір мысал – ІІ топтағы мүгедек, «ми жарақатынан кейінгі ауру» диагнозы қойылған А.В. Григоращенконың атына «Халық банкте» 832 990 теңге көлемінде несие рәсімделген. Бұл ретте оның мүгедектігін растайтын құжаты бар, электрондық цифрлық қолтаңбасы да, мобильді телефоны да жоқ. Қазір оның 86 жастағы анасы осы мәселемен құқық қорғау органдары мен банктердің табалдырығын тоздырып жүр. Мұндай мысалдар көп. Алаяқтардың құрбаны болған азаматтар амалсыздан сотқа жүгінуге мәжбүр. Бірақ соңғы бес жылда Қазақстанда алаяқтық арқылы рәсімделген несиелер бойынша зардап шеккендердің пайдасына шыққан бірде-бір сот шешімі болмаған.
Евразия24 пікірі:
Қазіргі таңда киберқылмыспен күрес бағытында антифрод жүйелері сияқты жаңа технологиялар енгізіліп, Ішкі істер министрлігінде арнайы киберқылмысқа қарсы департамент құрылғанына қарамастан, банктердің әлі де алаяқтарға қаржы беріп, қарттар мен мүгедектердің атына несие рәсімдеп отырғаны анықталды. Парламент қабырғасынан түскен алаңдатарлық ақпаратқа сәйкес, бір топ депутат банктердің алаяқтық әрекеттерінен зардап шеккен, өздері де білмей қарызға қалған адамдарды қорғау бастамасын көтерді. Өткен жазда Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде жаңа құрылған департаменттің директоры Жандос Сүйінбай мәлім еткеніндей, «Антифрод орталығы» банктердің қолдауымен азаматтардан ұрлануы мүмкін болған 2,6 млрд теңгеден астам қаржының жолын кесіп, байланыс операторларымен бірлесіп 66,9 миллион жалған нөмірден жасалған қоңырауды бұғаттады. Алайда мүгедектігі бар, тіпті электрондық цифрлық қолтаңбасы да, ұялы телефоны да жоқ адамның атына онлайн несие рәсімделген сұмдық жағдайлар жария болғанда мұндай жетістіктердің еш мәні жоқ. Бұл жағдайда банктер азаматтардың құқықтарын қорғау мен әділеттілікті орнатуға еш қолдау көрсетпейді.