Астана. 16 шілде. INTERFAX-ҚАЗАҚСТАН – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхайға жұмыс сапары аясында Contemporary Amperex Technology Co. Ltd. (CATL) компаниясы директорлар кеңесінің тең төрағасы Пань Цзяньмен ынтымақтастықтың келешегін талқылады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы CATL компаниясының Қазақстанда аккумулятор батареяларын шығаратын зауыт салуға дайын екенін құптады.
«Бұл кәсіпорын Орталық Азиядағы осындай ауқымдағы алғашқы өндіріс орнына айналуы мүмкін», – делінген бейсенбі күні таратылған хабарламада.
Президент Қазақстанда шикізатты өңдеуден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік тізбекті қалыптастыруға барлық мүмкіндік бар екенін атап өтті.
Өз кезегінде Пань Цзянь CATL компаниясы Қазақстанды өзінің негізгі қызмет бағыттары бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асырудағы маңызды әрі сенімді серіктес ретінде қарастыратынын айтты. Сондай-ақ ол компанияның Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мақсатына үлес қоса алатынын мәлімдеді.
2011 жылы құрылған Contemporary Amperex Technology (CATL) электр көліктеріне арналған аккумуляторлар өндірісі бойынша әлемдік көшбасшы саналады және жаһандық нарықтың шамамен 40 пайызын иеленеді. Компания Қытайдағы ең ірі жария акционерлік қоғамдардың бірі болып табылады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша CATL өндірген аккумулятор өнімдерінің көлемі 661 ГВт·сағатқа жетті.




