Лондон. 12 тамыз. ИНТЕРФАКС – Еуропа елдері сәрсенбі күні болатын Күн тұтылуына байланысты туристер саны артады деп күтуде. Бұл туралы еуропалық БАҚ хабарлады.
Күннің толық тұтылуын Гренландия, Исландия, Испания және Ресейдің Таймыр түбегінен көруге болады.
Испания билігінің бағалауынша, Күннің толық тұтылуын тамашалау үшін елге 6 млн турист келуі мүмкін. Табиғи құбылыс Испанияның солтүстік-батысы мен орталық бөлігінде ғана толық көрінетіндіктен, билік саяхатшылардың бұрын көп бара бермейтін өңірлерге қызығушылығы артады деп үміттенеді. Бұл туристер арасында аса танымал аймақтарға түсетін шамадан тыс жүктемені азайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде. Испания келесі жылы да туристер тартуды жоспарлап отыр, өйткені 2027 жылдың тамызында ел аумағынан тағы бір Күн тұтылуын бақылауға болады.
Исландияда Күн тұтылатын күні шамамен 80 мың турист келеді деп күтілуде.
Күннің толық тұтылуы 12 тамызда Мәскеу уақытымен 18:34-те басталып, 22:58-де аяқталады. Оның ең жоғары шегі 20:46-ға сәйкес келеді, ал толық тұтылу кезеңі 2 минут 18 секундқа созылады.
Еуропада бұған дейін Күннің толық тұтылуы 1999 жылғы 11 тамызда байқалған.
Ұлыбританияның көптеген өңірінде, Канадада, Ресейде, Францияда, Батыс Африка елдерінде және АҚШ-та Күннің жартылай тұтылуын бақылауға болады.
Лондонда Ай Күннің 90%-ын, ал Корнуолл графтығында 95%-ын жабады.
Мамандар Күн тұтылуын тек арнайы қорғаныш көзілдірігімен бақылауға кеңес береді.
Күн тұтылғаннан кейін аспанда Персеид метеор ағынын тамашалауға болады. Оның ең белсенді кезеңі бейсенбі күні Мәскеу уақытымен 05:00-де болады деп болжануда. Осы уақытта сағатына 100-ге дейін метеор, яғни зенитте минутына шамамен 1-2 метеор көрінуі мүмкін.
12 тамыз кешінен 13 тамыз таң атқанға дейін Персеид метеор ағынымен қатар Күн жүйесінің алты ғаламшары – Нептун, Сатурн, Уран, Марс, Меркурий және Юпитерді бақылауға мүмкіндік болады.
Уран мен Нептунды көру үшін телескоп қажет. Сатурн мен Марсты жай көзбен көруге болады. Ал Меркурий мен Юпитер Күн шығардан аз уақыт бұрын көрініп, солтүстік-шығыс көкжиекте шамамен бір сағат бойы бақылауға қолжетімді болады.мм




