Евразия24ЖаңалықтарҚазақстан Мәжілісі креативті индустрияларды қолдауға қатысты түзетулерді қабылдады

Қазақстан Мәжілісі креативті индустрияларды қолдауға қатысты түзетулерді қабылдады

|

|

Астана. 24 желтоқсан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Парламенті Мәжіліссәрсенбі күні өткен жалпы отырыста креативті индустрияларды қолдау және дамыту мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды екінші оқылымда қабылдады.

Қабылданған құжат креативті қызметті жүзеге асыру тәртібін одан әрі құқықтық тұрғыдан реттеуге бағытталған. Атап айтқанда, заңда «креативті индустрия қызметкері», «креативті индустрия субъектілерінің тізілімі» сияқты жаңа ұғымдарды енгізу көзделгені заңға берілген қорытындыда көрсетілген.

Сонымен қатар, Мәдениет және ақпарат министрлігінің креативті индустриялар саласындағы жобаларға жеке инвестициялар тарту барысын мониторингтеу және бағалау жөніндегі құзыреті айқындалды. Ал жергілікті атқарушы органдарға креативті индустриялардағы кәсіпкерлікті дамыту арқылы азаматтардың өзін-өзі жүзеге асыруына, таланттарды дамытуға және тиімді еңбек етуге жағдай жасау өкілеттігі беріліп отыр.

Шығармашылық еркіндік пен кәсіби дамуды қамтамасыз ету мақсатында креативті индустрия қызметкерлерінің құқықтарын қорғауға бағытталған нормалар да қарастырылған.

Мәжіліс депутаты Ерлан Стамбековтің айтуынша, бұл заңды қабылдау креативті индустриялар саласындағы мемлекеттік саясаттың жүйелі негізін қалыптастыруға, барлық басқару деңгейлерінде қолдау шараларының үйлесімділігін қамтамасыз етуге және отандық контенттің ішкі және сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Түсіндірме деректерге сәйкес, қазіргі таңда Қазақстанда креативті индустрия саласында 46 мыңнан астам субъект тіркелген, салада шамамен 145 мың адам жұмыс істейді. Креативті экономиканың елдің жалпы ішкі өніміндегі үлесі шамамен 1%-ды құрайды, ал 2017 жылдан бері бұл сала көлемі үш еседен астам өскен.

Құжат әрі қарай Сенатқа жолданды.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Мемлекет басшысы Олимпиада және Паралимпиада туын ұлттық құраманың спортшыларына табыстады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұма күні Италияда өтетін XXV қысқы Олимпиада және XIV қысқы Паралимпиада ойындарының алдында еліміздің ұлттық құрамасының ту ұстаушыларына Мемлекеттік туды салтанатты түрде табыстады, деп хабарлайды Мемлекет басшысының баспасөз қызметі.

АӨК-ке көрсетілген мемлекеттік қолдау аудиті 300 млрд теңгеге жуық заңбұзушылықтарды анықтады

Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыруға қатысты 2023–2024 жылдарға арналған аудит қорытындысы 300 млрд теңге көлемінде заңбұзушылықтарды анықтады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Гренландиядағы әскери оқу-жаттығулар 2026 жыл бойы жалғасады

Гренландия аумағында өткізіліп жатқан Arctic Endurance атты әскери оқу-жаттығулар 2026 жылдың соңына дейін жалғасады. Бұл туралы жұма күні Дания Қарулы күштері ресми хабарлама таратты.

АҚШ-тың OFAC басқармасы NIS компаниясына операциялық қызметін жалғастыруға рұқсат мерзімін 20 ақпанға дейін ұзартты

АҚШ-тың Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) Сербияның NIS мұнай-газ компаниясына операциялық қызметін жалғастыруға рұқсат беретін лицензияның мерзімін 20 ақпанға дейін ұзартты, деп хабарлайды сербиялық RTS ақпараттық порталы.