Евразия24ЖаңалықтарҚазақстан Құрылтайы жұмыс регламентін бекітті

Қазақстан Құрылтайы жұмыс регламентін бекітті

|

|

АСТАНА. 10 қыркүйек. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Құрылтайының депутаттары бейсенбі күнгі отырыста жаңа парламенттің жұмыс тәртібін айқындайтын регламентті бекітті. Құжатта Құрылтай қызметін ұйымдастыру, отырыстар өткізу және заң шығару үдерісінің тәртібі белгіленген.

«Регламент Құрылтай мен оның органдарының қызметін ұйымдастыру тәртібін, отырыстар, тыңдаулар мен үкімет сағаттарын өткізу қағидаларын, заң шығару үдерісін, депутаттық бірлестіктердің қызметін және депутаттардың өкілеттіктерін жүзеге асыру тәртібін айқындайды», – деді депутат Снежанна Имашева құжат жобасын таныстыру барысында.

Регламентке сәйкес, Құрылтай жұмысының негізгі нысаны – сессия. Кезекті сессия жылына бір рет, қыркүйектің алғашқы жұмыс күнінен маусымның соңғы жұмыс күніне дейін өтеді.

Сессиялар аралығында депутаттар заң шығару бастамаларын әзірлеп, заңдарға өзгерістер ұсынады және сайлаушылармен жұмыс істейді. Өңірлерге бару үшін оларға күнтізбелік он күнге дейін уақыт беріледі. Мұндай сапарлар әр сессияда кемінде екі рет ұйымдастырылуға тиіс.

«Құрылтай отырыстары, әдетте, сәрсенбі және бейсенбі күндері, тыңдаулар жұмада, ал үкімет сағаттары дүйсенбіде өтеді. Отырысқа депутаттардың кемінде үштен екісі, яғни 97 депутат қатысқан жағдайда оның шешім қабылдауға құқығы бар», – деді Имашева.

Құрылтай отырыстары ашық өткізіліп, тікелей көрсетіледі. Заңда көзделген жағдайларда қолжетімділігі шектеулі ақпаратты қорғау талаптары сақтала отырып, жабық отырыстар өткізуге де болады.

Енді заң жобалары үш оқылымда қаралады. Бұған дейін қос палаталы Парламентте заң жобалары әдетте бір немесе екі оқылымнан өтіп, алдымен Мәжілісте, кейін Сенатта қаралатын. Халықаралық шарттарды ратификациялау немесе олардың күшін жою туралы заң жобалары екі оқылымда қаралады.

Регламентте депутаттық сауал жолдау тәртібі де айқындалған. Депутат Премьер-министрге, Үкімет мүшелеріне, бірқатар мемлекеттік орган басшыларына және өңір әкімдеріне сауал жолдай алады. Оған бір айдан кешіктірмей жауап берілуге тиіс.

Сонымен қатар құжатта Құрылтайдағы көпшілік пен оппозицияның мәртебесі белгіленген. Ең көп депутаттық мандат алған саяси партия көпшілік болып танылады. Ал Құрылтайға өткен, бірақ көпшілік құрамына кірмейтін саяси партиялар парламенттік оппозиция құра алады.

Құрылтай депутаттарының басым бөлігі регламентті қолдап дауыс берді.

Бұған дейін хабарланғандай, Құрылтайдың алғашқы сайлауы Қазақстанда 23 тамызда өтті. Бес жылға сайланған жаңа парламент біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша партиялық тізіммен пропорционалды жүйе негізінде сайланған 145 депутаттан тұрады.

Сайлау қорытындысында Құрылтайға өту үшін белгіленген 5 пайыздық межеден бес партия – «Әділет», «Ауыл», Respublica, «Ақ жол» демократиялық партиясы және Жалпыұлттық социал-демократиялық партия өтті.

Құрылтай төрағасы болып сайлауда жеңіске жеткен «Әділет» партиясының жетекшісі Айбек Дәдебай сайланды.

Заң шығару билігін жүзеге асыратын Қазақстанның жоғары өкілді органы – Құрылтай алғаш рет сайланды. Бұған дейін елде Мәжіліс пен Сенаттан тұратын қос палаталы Парламент жұмыс істеген.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Британдық сарапшылар қазақстандық ЖИ жобаларының келешегін бағалады

Қазақстан өнеркәсіпке арналған жасанды интеллект әзірлеуге қатыса алады – британдық басылым. Жасанды интеллект Қазақстанның ақпараттық технологиялар саласын ғана емес, экономиканың негізгі салаларын да өзгерте алады.

Еуропаның қор индекстері төмендеп жатыр

АҚШ-тың Ирандағы Кешм аралына шабуыл жасағаны туралы хабарлардан кейін мұнай бағасы көтеріліп, сейсенбі күні Батыс Еуропаның ірі елдеріндегі акциялар нарығы төмендеді.

Еурокомиссия басшысы экологиялық таза экономикаға көшуді Еуропа тәуелсіздігінің кепілі деп санайды

Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен Еуроодақтың экологиялық таза экономикаға көшу бағытынан айнымайтынын мәлімдеді. Оның пікірінше, бұл – Еуропа тәуелсіздігінің кепілі.

Финляндиядан кейін Норвегия да Ресей хоккейшілерімен ойнаудан бас тартты

Норвегия хоккей қауымдастығы ұлттық құрамасының 2027 жылғы мамырда Германияда өтетін әлем чемпионатында Ресей құрамасымен ойнамайтынын мәлімдеді. Бұл туралы сейсенбі күні еуропалық БАҚ хабарлады.