Евразия24ЖаңалықтарТоқаев әлем қауымдастығын өңірлік және жаһандық қақтығыстарды болжау шараларына баса назар аударуға...

Тоқаев әлем қауымдастығын өңірлік және жаһандық қақтығыстарды болжау шараларына баса назар аударуға шақырды

|

|

Астана. 17 сәуір. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қақтығыстардың алдын алу ісінде превентивті дипломатия шараларын қолдану қажет деп санайды.

«Біз өңірлік немесе жаһандық деңгейдегі қақтығыстарды болжау шараларына баса мән беруіміз керек деп есептеймін, превентивті дипломатияның мәні де осында. Сонымен қатар, тиімді көпжақты дипломатияны қолдау үшін күш-жігерімізді жұмылдыруымыз қажет», — деді Тоқаев Анталия дипломатиялық форумының панельдік сессиясында сөйлеген сөзінде.

Мемлекет басшысының сөзі Президенттің баспасөз қызметі таратқан хабарламада келтірілген.

Өз сөзінде Қазақстан Президенті БҰҰ-ны реформалау мәселесіне жауапкершілікпен қарауға шақырып, Ұйым дағдарысының басты себептерінің бірі ретінде Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері ұстанатын позицияны атап өтті.

«Меніңше, БҰҰ-ны реформалау қажеттігі туралы айтқанда барынша прагматик болуымыз керек. Әйтпесе, біз стратегиялық құндылықтар мен басқа да мәселелер туралы шексіз айта беретін боламыз. Біз көптеген жаһандық және өңірлік кездесулер, конференциялар өткізіп жатырмыз. Сондай-ақ Қазақстан, Түркия және басқа да елдер жататын «орта державалардың» маңызды әрі оң рөлін атап өткім келеді. Әрине, біз әлемдегі ең үздікпіз деп мақтанудан аулақпын. Дегенмен, біз жаһандық процестерге қатысты іс жүзінде де, дипломатияда да жауапкершіліктің жоғары деңгейін көрсетіп отырмыз. Сондықтан бүгінде орта державалар Қауіпсіздік Кеңесіндегі ірі мемлекеттерге қарағанда жиірек жауапкершілік танытады десек, артық айтқандық емес. Өкінішке қарай, ірі державалар шешуші жаһандық мәселелердің шешілуіне жиі тосқауыл қояды», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті БҰҰ-ның уақыт талабына сай келмейтін идеялар мен ұстанымдардан арылуы қажеттігі туралы пікір білдірді.

«Ұйым осыдан 80 жыл бұрын құрылды, сондықтан оны ескірді, тіпті тоқырауға ұшырады деушілердің уәжі орынды. Біз БҰҰ Жарғысының мазмұнына назар аударуымыз керек, онда «жау мемлекеттер» деген ұғым кездеседі. Иә, 80 жыл бұрын бәрі түсінікті еді. Ал бүгінде сол «жау мемлекеттер» Ұйымды қолдау мен қаржыландыруда, сондай-ақ бейбітшілікті сақтау процесіне жәрдемдесуде өте маңызды рөл атқарады. Ең бастысы – БҰҰ-ның тиімділігі мен беделін арттыру», — деп түйіндеді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ны реформалау қажеттігін тағы да атап өтті. Алайда, оның пайымдауынша, бұл процесс ұзаққа созылуы мүмкін.

«Ұйымды тек қолдап қана қоймай, оны реформалау керек екенін бәрі айтып жүр. Иә, бұл шындық. Бірақ ашығын айтайық. Бұл жақын арада жүзеге асады дегенге ешкім сенбейді, өйткені біз БҰҰ-ны реформалау мен өзгерту туралы көптен бері айтып келеміз, бірақ нәтиже жоқ. Біз БҰҰ-ны реформалаудың басты элементі дәл осы Қауіпсіздік Кеңесі екенін ашық мойындауымыз керек», — деді ол.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Тоқаев Қазақстанның Қытай бастамаларын қолдауға дайын екенін мәлімдеді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Қытайдың бастамаларын қолдауға дайын екенін мәлімдеп, Си Цзиньпинмен мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екенін растады.

CATL Қазақстанда аккумулятор батареяларын шығаратын зауыт салуға дайын

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхайға жұмыс сапары аясында Contemporary Amperex Technology Co. Ltd. (CATL) компаниясы директорлар кеңесінің тең төрағасы Пань Цзяньмен ынтымақтастықтың келешегін талқылады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Қытайлық CCCC еншілес компаниясы Алматы облысында қуаты 600 МВт болатын гидроаккумуляциялық электр станциясын салады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхайға жұмыс сапары аясында China Communications Construction Company (CCCC) компаниясының президенті Чжан Биньнаньмен кездесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Қытайлық Guoyou компаниясы Құрық порты терминалының бірінші кезеңін салады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қытайлық Guoyou Materials Industry Group Co., Ltd директорлар кеңесінің төрағасы Юй Боянмен кездесіп, Маңғыстау облысындағы Құрық портының көпфункционалды терминалының бірінші кезеңін салу жобасын талқылады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.