2026 жылдың ақпанында АҚШ пен Израильдің Парсы шығанағында бастаған соғысы әлемдегі стратегиялық жағдайды түбегейлі өзгертуде. АҚШ пен Еуропа арасындағы жік біржола ашылып, қазіргі таңда Вашингтонның НАТО құрамынан шығуы күн тәртібіне қойылды. Әлем назары Украинадағы соғыстан басқа жаққа ауып, Кремль мұнай бағасының өсуінен күтпеген пайдаға кенеліп отыр.
Бұл екі соғысты ортақ бір дүниежүзілік соғыстың бөліктері деп қарастыруға бола ма? Онда қандай ірі күштер бетпе-бет келді? Және бұл текетіресте кім жеңіске жетеді? «Археология» бағдарламасының жаңа санында Сергей Медведев осы сауалдар төңірегінде саясаттанушы Владимир Пастуховпен ой бөліседі.
Бұл өте қызықты сұхбат, оқырманға оны бастан-аяқ өз бетінше тыңдап шығуға кеңес береміз. Мұндағы қозғалған мәселелер ғана емес, сұхбат берушілердің тұлғалық болмысы мен қазіргі жаһандық аласапыранға деген өзіндік көзқарастары да ерекше назар аудартады.
Сергей Медведев — ресейлік саясаттанушы, журналист, тарих ғылымдарының кандидаты және профессор. Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп, Карлов және Колумбия университеттерінде білім алған. Жоғары экономика мектебінде дәріс берген, сондай-ақ Германия, Италия және Финляндияда ғылыми қызметкер әрі оқытушы болып жұмыс істеген. «Азаттық» радиосының жүргізушісі. 2022 жылдың наурызынан бері Еуропада тұрады.
Владимир Пастухов – ресейлік саясаттанушы, публицист және заңгер. Саяси ғылымдардың докторы, заң ғылымдарының кандидаты. Адвокат ретінде Hermitage Capital Management қорының мүддесін қорғаған. 2008 жылы Ұлыбританияға қоныс аударып, қазіргі уақытта Лондон университеттік колледжінің құрметті профессоры.
Яғни, сұхбаттасушылардың екеуі де — салмақты, беделді тұлғалар. Олар посткеңестік шындық батыс әлеміне толық кіріге бастаған кезеңде қалыптасқан ресейлік интеллектуалды элитаның өкілдері екені даусыз. Сонымен қатар, екеуі де батыстық дүниетаным мен менталитеттің дәріптеушілері, әрі бұл олардың бойына «Трампқа дейінгі» дәуірде дарыған.
Екі бірдей «сен тұр, мен атайын» дейтін либералдың осындай тұжырымдарды мойындап, ашық айтуы — жағдайдың шынымен де қиындағанын көрсетсе керек!
Соғысқа мүдделі адамдар шоғыры бар екені жасырын емес. Қазіргі текетіресті Екінші дүниежүзілік соғыспен салыстыруға бола ма? «Батыстың жұлдызы сөне» бастады ма? Америка еркін әлемнің көшбасшысы бола ала ма? Қытай жаңа әлемдік тәртіптің іргетасына айналуы мүмкін бе? Бүгінде Қытайға бару — Путинге барғанмен бірдей.
Сарапшылардың пайымынша, әлемде «ережеге негізделген тәртіпті» сақтауға тырысатын тұрақтандырушы елдер мен оған қарсы хаос күштері бар. Трамп пен Путин — либералды әлемдік тәртіпті өзгерткісі келетін сол хаос күштерінің өкілдері. Алайда, бұл жерде бір маңызды түзету бар: Путин мен Трамп, сондай-ақ олармен бір қатардағы Нетаньяху — хаос емес, жай ғана өзгеше тәртіпті орнатқысы келетіндер.
Жалпы, адамзат тарихында тәртіптің екі түрі болған, оның ішінде дөрекі күшке негізделген тәртіп әрқашан басымдыққа ие еді. Кім мықты болса, ережені сол орнатады, ал егер күштер тепе-теңдігі өзгерсе, онымен бірге ережелер де өзгереді.
Бүгінде екі түрлі философия бетпе-бет келді: оның бірі — күш қолдануды қалыпты деп санайтын алғашқы, архаикалық тәртіп. Бұл жүйеде «кім мықты болса, соның құқығы бар, әлсіздерде құқық жоқ» деген қағида үстемдік етеді. Ал егер бұл аумақта бір емес, бірнеше басшы болса, онда олар өзара кеңес құрып (Трамптың «әлемдік кеңесі» сияқты), ортақ ережелерді белгілейді — сұхбаттасушылардың пайымы шамамен осыған саяды.
Алайда, бұл сұхбаттың ең қызықты тұсы мұнда емес, англосаксондық әлемнің «хаос күштерінен» ойсырай ұтылып жатқанын ашық мойындауында болып отыр.
Англосаксондық әлем дегеніміз — күш пен құндылықтардың жиынтығы. Құндылықтар діннен бастау алады, сондықтан «ережеге негізделген әлем» — бұл христиандық доктринаның үстіне тұрғызылған қондырма іспетті.
Алайда, бүгінгі Батыста осы құндылықтық тәсілді нығайта алатын нақты күш бар ма?
Екінші дүниежүзілік соғысқа жасалған мына сілтемеге назар аударыңыз: «айнала толған фашистер, бірақ Черчилль мен Рузвельт жоқ!». Сонда өткен ғасырдың басында, Бірінші дүниежүзілік соғыс тұсында Шпенглер жариялаған «Еуропаның құлдырау» дәуірі ақыры келгені ме?
Екінші жағынан, «Батыс өркениеттің сондай биік шыңына шығып алғандықтан, енді ол шексіз құлдырай беруі мүмкін» деген тұжырым да ойландырады, солай емес пе?
Сондай-ақ Ресейдің «батыс өркениетінің шеткері аймағындағы» орны туралы да тың ойлар айтылды. Бұл жағдайды «Венера Милосскаяның нәзік мүсінін балтамен қырнап жасағандай» деп сипаттауға болады. Ал шын мәнінде, «социализм» идеясын нақты өмірде жүзеге асырған Ресей емес, нақ осы Еуропаның өзі болып шықты.
Путинге келер болсақ, ол оқиғалардың алдын орап кеткен «сақ саясаткер» ретінде көрінеді. Себебі оның Батыспен текетіреске түсу жоспары сонау екі мыңыншы жылдардың соңында-ақ пісіп-жетілген — Сердюковтың әскери реформалары да соның айқын дәлелі. Бүгінгі жаһандық дүрбелең Ресей Президентін «оқшауланған» күйден шығарып, оны әлемдік саясат сахнасына «заңды ойыншы» ретінде қайта қайтарғандай.
Қысқасы, бұл — саяси астары терең, ой салатын сұхбат.




