Астана. 12 мамыр. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН — Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Байтерек» холдингіне аграршылардың жеңілдікпен қаржыландыруға беретін өтінімдерін қарау рәсімдерін жеңілдетуді тапсырды.
«Ауыл шаруашылығы министрлігі әкімдіктермен және «Байтерек» холдингімен бірлесіп, мүмкіндігінше көп аграршыны қамти отырып, өтінімдерді қарау және жеңілдікпен қаржыландыруды ұсыну рәсімдерін оңтайландыруы тиіс. Шаруалар артық әкімшілік кедергілерге тап болмауы керек», — деді О. Бектенов егіс науқанының барысы қаралған Үкімет отырысында.
Үкімет басшысы шаруалардан түсетін барлық өтінімдер жедел әрі ашық қаралуы тиіс екенін қадап айтты.
«Байтерек» холдингінің басшысы Рустам Қарағойшиннің мәліметінше, 2026 жылғы маусымдағы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жеңілдікпен кредиттеуге өтінімдер қабылдау өткен жылдың қазан айында басталған. Қазіргі уақытта кредит берудің жалпы сомасы 534 млрд теңгеден асты.
Ол биыл көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жалпы алғанда кемінде 750 млрд теңге бағыттау жоспарланғанын еске салды.




