Евразия24ЖаңалықтарҰзақ мерзімді бюджеттің жаңа жобасы Еурокомиссия ұсынған нұсқамен салыстырғанда 204 млрд еуроға...

Ұзақ мерзімді бюджеттің жаңа жобасы Еурокомиссия ұсынған нұсқамен салыстырғанда 204 млрд еуроға қысқарады

|

|

Брюссель. 21 қараша. ИНТЕРФАКС – Еуропалық кеңестің төрағасы Антониу Кошта сенбі күні Еуропалық одаққа мүше мемлекеттерге 2028–2034 жылдарға арналған ұзақ мерзімді бюджеттің жаңа жобасын ұсынды. Құжатта қорғаныс саласына жұмсалатын шығындарды 232 пайызға арттыру көзделген.

Оның айтуынша, бюджеттің бұл нұсқасы Еуропалық одақтың алға қойған ауқымды мақсаттарына сай келеді.

«Өздеріңіз білетіндей, Еуропалық одақ басшылары алдағы бюджеттік кезеңге арналған үш стратегиялық басымдықты айқындады. Олар – бәсекеге қабілеттілікті арттыру, қауіпсіздік пен қорғанысты нығайту, сондай-ақ Еуропаның әлемдік аренадағы мүдделерін ілгерілету», – делінген Кошта жариялаған ресми мәлімдемеде.

«Қолданыстағы 2021–2027 жылдарға арналған бюджетпен салыстырғанда бүгін ұсынылған жоба осы басымдықтарға толық сәйкес келеді. Атап айтқанда, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға бөлінетін қаржы 120 пайызға, қорғаныс саласына арналған қаражат 232 пайызға ұлғаяды. Мүше мемлекеттерге көші-қон үдерістерін реттеу және шекаралық бақылауды қамтамасыз ету үшін бөлінетін қаржы екі есеге көбейеді. Ал Еуропаның әлемдегі мүдделерін ілгерілетуге бағытталған іс-шараларды қаржыландыру 23 пайызға артады», – деді Еуропалық кеңес төрағасы.

Сонымен қатар, оның айтуынша, Еуропа өңірлерін, қалаларын және азаматтарын жақындастыруға, сондай-ақ фермерлерді қолдауға бағытталған саясат жалғасын табады.

«Бірыңғай ауыл шаруашылығы саясаты мен өңірлер арасындағы даму алшақтығын азайту саясатын қаржыландыруға арналған жаңа қор бюджеттегі ең ірі қор болып қала береді», – деді Кошта.

Климаттың өзгеруіне қарсы күрес және экологиялық таза экономикаға көшу бағыты да сақталады. Жарияланған мәлімдемеге сәйкес, «түрлі бағдарламалар аясындағы қаражаттың 35 пайызы климаттық және экологиялық міндеттерді шешуге жұмсалады».

«Мен ұсынған бюджет жобасы Еуропалық комиссияның бастапқы ұсынысынан 10 пайызға аз. Қазіргі бағамен есептегенде, қысқарту көлемі 204 млрд еуроны құрайды. Бұл мүше мемлекеттердің ортақ бюджетке төлейтін жарналарын қолайлы деңгейде сақтауға мүмкіндік береді», – деп түсіндірді Кошта.

Politico басылымының жазуынша, жаңа бюджет жобасы ЕО Кеңесіне төрағалық ететін Ирландия ұсынған нұсқадан да 44 млрд еуроға қысқартылған. Бұған дейін Ирландияның ұсынысын еуропалық көшбасшылар 2026 жылғы 15 қазанда өткен саммитте қабылдамаған болатын.

Атап айтқанда, Еуропалық кеңес төрағасы өңірлік дамуға жұмсалатын шығындарды 8 млрд еуроға азайтуды ұсынды. Басылымның бағалауынша, бұл Польша, Италия және Испанияны қоса алғанда, Шығыс және Оңтүстік Еуропаның 17 елінен құралған коалицияға елеулі соққы болмақ. Өйткені осы елдер бірнеше күн бұрын ғана өңірлер арасындағы даму алшақтығын азайту саясатын қаржыландыруды қысқартуға қарсы шыққан еді.

Еуропалық одақтың ұзақ мерзімді бюджеті (Multiannual Financial Framework, MFF) жеті жылға бекітіледі және ЕО саясатының негізгі бағыттары бойынша шығыстардың ең жоғары шегін айқындайды. Құжатты қабылдау мерзімі қатаң белгіленген. Бюджет жоспарланған уақытта күшіне енуі үшін оны 2027 жылдың соңына дейін Еуропалық одаққа мүше барлық мемлекет бірауыздан мақұлдап, Еуропарламент қолдауы тиіс.

Еуропалық кеңес төрағасының ұсынысы бірнеше айдан бері жалғасып келе жатқан келіспеушіліктерді реттеп, ортақ шешімге келуді көздейді. Бір тарапта Германия мен Нидерланд сияқты бюджет шығыстарын үнемдеуді жақтайтын мемлекеттер тұр. Олар ЕО-ның жалпы шығыстары мен мүше елдердің жарналарын шамадан тыс көбейтпеуді талап етеді. Ал Шығыс және Оңтүстік Еуропа елдері фермерлер мен экономикалық тұрғыдан әлсіз өңірлерге берілетін дәстүрлі субсидияларды сақтауды талап етіп отыр.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Мексикада ірі Меса-Флорес есірткі картелінің басшысы ұсталды

Мексиканың Синалоа штатындағы Гуасаве муниципалитетінде Мексика мен АҚШ күштік құрылымдарының бірлескен операциясы барысында Меса-Флорес есірткі картелінің басшысы Фаусто Исидро Меса Флорес ұсталды. Эль Чапо Исидро деген атпен танымал ол АҚШ Федералдық тергеу бюросы (ФТБ) іздеу жариялаған аса қауіпті қылмыскерлердің бірі болған. Бұл туралы ЭФЭ ақпарат агенттігі хабарлады.

Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы Бахрейндегі америкалық Patriot жүйесінің радарларына соққы бергенін мәлімдеді – БАҚ

Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы (ИРСК) баллистикалық зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолданған кешенді операция барысында Бахрейнде орналасқан америкалық Patriot зениттік зымыран кешендерінің екі радиолокациялық станциясына соққы бергенін мәлімдеді. Бұл туралы Иранның мемлекеттік телерадиокомпаниясы хабарлады.

АҚШ әскери қызметшілеріне канадалық әріптестерімен бейресми қарым-қатынасты шектеу тапсырылды

АҚШ Соғыс министрлігі америкалық әскери қызметшілерге қызметтік қажеттілік болмаса, канадалық әріптестерімен қарым-қатынасты азайтуды тапсырды. Бұл туралы The New York Times (NYT) газеті АҚШ сенаторы Майк Раундзға сілтеме жасап хабарлады.

Варшава Польша аумағына түскен зымырандарға қатысты мәселені ЕО деңгейінде көтермек – СІМ басшысы

Польша өкілдері елдің әуе кеңістігіне зымырандардың енуіне қатысты жағдайды Еуропалық одақ деңгейінде талқылауды жоспарлап отыр. Бұл туралы сенбі күні Польшаның сыртқы істер министрі Радослав Сикорский мәлімдеді.