Токио. 15 қазан. ИНТЕРФАКС – Жапония билігі елдің әскери-теңіз күштерін атомдық сүңгуір қайықтармен (АСҚ) жабдықтау мүмкіндігін зерделемек. Бұл туралы Nikkei Asia газеті дереккөзге сүйеніп хабарлады.
«Басылымның мәліметінше, үкімет әскери стратегияны жоспарлы түрде қайта қарау аясында атомдық сүңгуір қайықтарды сатып алу қажеттігін зерттеу мәселесін қарастырып жатыр. (…) Жапонияға мұндай қайықтардың қажет-қажет еместігін анықтау үшін құжатқа осы мәселені «зерделеу» немесе «ақпарат жинау» жөніндегі тармақтарды енгізу ұсынылған», – деп жазады газет.
«Егер құжатта атомдық сүңгуір қайықтар туралы ештеңе жазылмаса, бұл мәселені қарастырмайтынымызды білдіреді. Ал оны зерттеу немесе қосымша мәлімет жинау қажеттігін көрсетсек, бастаманың қаншалықты жүзеге асатынын жан-жақты бағалап, түпкілікті шешім қабылдауға уақыт болады», – деді Жапония үкіметіндегі жағдайдан хабардар дереккөз.
Nikkei Asia басылымының еске салуынша, қазір Жапонияның қауіпсіздік саласындағы үш негізгі құжаты, соның ішінде Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы қайта қаралып жатыр. Бұл жұмыс биыл аяқталуға тиіс. Аталған құжаттар соңғы рет 2022 жылы жаңартылған. Ол кезде атомдық сүңгуір қайықтар туралы мәселе көтерілмеген еді.
Бұған дейін Жапонияның қорғаныс министрі Синдзиро Коидзуми журналистермен әңгімесінде қоғам атомдық сүңгуір қайықтар мәселесін талқылаудың қаншалықты маңызды екенін түсінеді деген үмітін білдірген.
Ал бір күн бұрын қауіпсіздік мәселелерінде қатаң ұстанымымен танымал Жапония Премьер-министрі Санаэ Такаити депутаттар алдында теңіз жолдарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлетінін мәлімдеді. Ол осы мақсатта атомдық сүңгуір қайықтарды пайдалануға беру мүмкіндігін де қарастыратынын айтты.
Алайда Nikkei Asia атап өткендей, атомдық сүңгуір қайықтарды сатып алу жоспарын жүзеге асыруда бірқатар кедергі бар.
Біріншіден, Жапония заңнамасы атом энергиясын тек бейбіт мақсатта пайдалануға рұқсат береді. Екіншіден, ел ішінде мұндай сүңгуір қайықтың біреуін жасауға шамамен 6,29 млрд доллар қажет болуы мүмкін. Бұған қоса, Жапонияның Өзін-өзі қорғау күштерінде сүңгуір қайықтарға қызмет көрсететін мамандар айтарлықтай жетіспейді.
Жапониядағы билеуші Либералдық-демократиялық партияның қауіпсіздік мәселелерін зерттеу комиссиясының жоғары лауазымды өкілі бұл бастамаға асықпауға шақырды.
Ол жобаның қымбатқа түсетінін және оны халықаралық қауымдастықтың қолдауына ие болу қиынға соғатынын атап өтті.
«Комиссия сүңгуір қайықтарды сатып алуды қолдайтын дәлелдерді қабылдай қоюы екіталай», – деді ол.




