Вашингтон. 7 қаңтар. ИНТЕРФАКС – Қазіргі кезеңде АҚШ үшін Венесуэлада сайлау ұйымдастыру мәселесінен гөрі, бұл елден мұнай жеткізілімдері мен биліктің тұрақтылығы басым мәнге ие. Бұл туралы Axios порталы Ақ үйдегі дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.
«Бізге мұнайдың жеткізілуі, ал түскен қаржының Венесуэлаға қайтып, ұрланбауы маңызды. Бұл – оңай міндет емес», – деп келтіреді портал АҚШ әкімшілігіндегі аты-жөні аталмаған жоғары лауазымды қызметкердің сөзін.
Ақ үйдің тағы бір өкілі сайлау «өз уақыты келгенде өтеді», алайда басты мақсат – «Венесуэланы тығырықтан шығарып, елді қалпына келтіру» екенін атап өткен.
Портал дерегінше, АҚШ әкімшілігінде Венесуэламен қарым-қатынасты қайта құруға мүмкіндік бар деп есептейді. Алайда Axios-пен әңгімелескен дереккөздердің бірі АҚШ президенті Дональд Трамптың Венесуэла мұнайын жай ғана алып кететіндей әсер қалдыратын мәлімдемелерді тоқтатуы қажет екенін айтқан.
Сонымен қатар әкімшіліктегі жоғары лауазымды қызметкер АҚШ-қа Каракаста тәжірибелі басшы қажет екенін мәлімдеді.
«Бізге билікте жағдайды ұстап тұра алатын, қалай әрекет ету керегін білетін тұлға керек болды. Бұл – вице-президент Делси Родригес. Мәселе оның ережелермен ойнағысы келуінде емес, ол бұған мәжбүр. Ол мұны жақсы түсінеді», – деді дереккөз.
Өткен апта соңында АҚШ әскери күштері Каракаста Венесуэла президенті Николас Мадуроны ұстап, оны АҚШ-қа алып кеткен болатын. Америкалық сот билігі оны есірткі саудасына қатысы бар деп айыптап отыр. Венесуэланың вице-президенті Делси Родригес 5 қаңтар күні уақытша президент ретінде ант қабылдады.
Кейінірек Дональд Трамп Венесуэланың уақытша билігі АҚШ-қа бұрын санкцияға ілінген 30–50 млн баррель мұнай беретінін хабарлады. Оның айтуынша, бұл мұнай нарықтық бағамен сатылатын болады.
Ал Қытайдың Global Times басылымы бұл мұнайдың бір бөлігі бастапқыда тікелей Қытайға сатылуы тиіс болғанын жазды.




