Евразия24ЖаңалықтарҚытай Жапонияға қатысты экспорттық бақылау шараларының заңдылығын қорғады

Қытай Жапонияға қатысты экспорттық бақылау шараларының заңдылығын қорғады

|

|

Пекин. 7 қаңтар. ИНТЕРФАКС – Қытай Жапонияға арналған қос мақсаттағы тауарларға экспорттық бақылау шараларын енгізуге толық құқылы болды, ал Токио өз саясатын қайта қарауы қажет. Бұл туралы сәрсенбі күні Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мао Нин мәлімдеді.

«Ұлттық қауіпсіздік пен ұлттық мүдделерді қорғау, сондай-ақ ядролық қаруды таратпау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау мақсатында Қытай қолданыстағы заңнама мен ережелерге сәйкес шаралар қабылдады. Бұл шаралар негізді әрі орынды», – деп келтіреді Global Times Мао Ниннің сирек жер металдарына қатысты шектеулер туралы сұраққа берген жауабын.

Ол Жапонияны мәселелердің түпкі себептеріне назар аударуға, жіберілген қателіктерді түсініп, түзетуге және Жапония премьер-министрі Санаэ Такаитидің бұрын жасаған орынсыз мәлімдемелерін кері қайтарып алуға шақырды.

Өз кезегінде Kyodo агенттігінің хабарлауынша, Жапония үкіметі бас хатшысының орынбасары Минору Кихара жапон билігі сирек жер металдарының Қытай енгізген экспорттық бақылау шараларына жататынын тексеретінін айтты. Оның сөзінше, Қытайдың бұл қадамдары тек Жапонияға қатысты болып отыр, «көп жағдайда түсініксіз» және «мүлде қабылдауға болмайды», сондай-ақ халықаралық тәжірибеге қайшы келеді. Алайда Кихара бұл шектеулердің Жапония өнеркәсібіне ықпалы қандай болатынын нақтыламады.

Соңғы уақытта Қытай мен Жапония арасындағы қатынастар шиеленісе түсті. Бұған премьер-министр Санаэ Такаитидің парламентте Тайвань төңірегіндегі дағдарыс жағдайында Токионың әскери жауап беру мүмкіндігін жоққа шығармайтыны жөніндегі мәлімдемесі себеп болды. Пекин жапон билігін бұл ұстанымды қайта қарауға шақырғанымен, Такаити өз сөзінен бас тартқан жоқ.

Kyodo агенттігінің бағалауынша, Такаити қауіпсіздік мәселелерінде қатаң көзқарасымен танымал саясаткер. Ол 1947 жылғы Жапония Конституциясының милитаризмнен бас тартуды көздейтін тоғызыншы бабын қайта қарауды жақтайды. Сонымен қатар, оны оңшыл әрі ұлтшыл көзқарастарды қолдаушы ретінде де сипаттайды.

Өткен желтоқсан айында Такаити Жапонияның қорғанысқа жұмсайтын жылдық шығыстары жалпы ішкі өнімнің 2 пайызына жеткенін, бұл бастапқыда 2027 жылға жоспарланған межеден ертерек орындалғанын мәлімдеген еді. Кейін Жапония министрлер кабинеті қорғаныс бюджетінің рекордтық көлемін – 58 млрд долларды – бекітті.

Бұдан бөлек, жапондық бұқаралық ақпарат құралдары биліктегі аты-жөні аталмаған өкілдің қауіпсіздік жағдайына байланысты Токиоға ядролық қару қажет болуы мүмкін деген пікір айтқанын хабарлаған. Кейін Қытай СІМ өкілі Го Цзякунь Жапония билігінде шынымен де ядролық қару иелену жөнінде үндеулер айтылған болса, Пекин мұны жағдайдың қауіпті дамуы ретінде бағалайтынын мәлімдеді.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Құқықтық статистика мен қылмыстық ахуалға шолу

Sputnik Kazakhstan хабарлайды: 2026 жылы қаңтар айында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы бөлімшесі 126 қылмыстық құқық бұзушылықты тіркеді, олардың 110-ы сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстар. «Сыбайлас жемқорлық фактілерінің басым бөлігі парақорлық, алаяқтық және қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану сияқты қылмыстарға тиесілі», – делінген хабарламада.

Үлескерлерді қорғайтын цифрлық серпіліс

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі хабарлайды: “Құрылыс нарығындағы ашықтықты арттыру, үлескерлердің құқықтарын қорғау, көлеңкелі тетіктерді жою, сондай-ақ адал құрылыс компаниялары мен қаржы институттарын ынталандыруға арналған құқықтық негіз қалыптастыру мақсатында заңнамалық нормалар қабылданды.

Қазақстанның дербес бітімгершілік әлеуетінің нығаюы

ҚР Қорғаныс министрлігі хабарлайды: «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің делегациясы Голан биіктіктеріндегі БҰҰ-ның бөлінуді бақылау жөніндегі күштері (БҰҰББК) миссиясының ауданына инспекциялық сапармен барды. Сапарға ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев жетекшілік етті.

Сөз бостандығы және жауапкершілік: Конституция төңірегіндегі дау

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметте жалған ақпарат пен дезинформацияға қарсы күрес мәселелері бойынша арнайы кеңес өткізді. Жиынның басты тақырыбы жаңа Конституцияның жарияланған жобасына қатысты болды. «Мемлекеттік органдар мен жергілікті билік өкілдеріне бұл бағыттағы жұмысты жандандыру міндеті жүктелді. Ішкі істер министрлігіне жалған мәлімет таратқаны үшін қатаң құқықтық шаралар қолдану және жауапкершілікке тартуды қамтамасыз ету тапсырылды. Ал бұл жұмыстарды үйлестіру Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға сеніп тапсырылды», — делінген хабарламада.