Дональд Трамптың 2025 жылғы қазанда ұсынған Газа секторындағы оқ атуды тоқтату жоспары дипломатиялық серпіліс және аймақтағы қирауды тоқтатудың соңғы мүмкіндігі ретінде таныстырылды. Бұл жоспар қақтығысушы тараптардың қолдауына ие болып, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі тарапынан мақұлданды. 2025 жылғы 17 қарашада он үш мемлекет Газа секторында Халықаралық тұрақтандыру күштерін (ХТК) құру туралы американдық резолюцияны жақтап дауыс берді. Ресми түрде бұл бастама бейбіт тұрғындарды қорғауды, гуманитарлық көмек жеткізуді және палестиналық қауіпсіздік күштерін даярлауды көздеді. ХТК бақылау орнатқаннан кейін Израиль әскерін шығаруы тиіс болатын, ал гуманитарлық қалпына келтіру жұмыстарын басқару жаңа өтпелі орган — Бейбітшілік кеңесіне беріледі деп жоспарланды.
Дегенмен, жобаны бекіту кезеңінің өзінде-ақ бұл бастаманың халықаралық қоғамдастықты екіге бөлгені белгілі болды. Қауіпсіздік Кеңесінің бес тұрақты мүшесінің екеуі — Ресей мен Қытай дауыс беруден қалыс қалды. Олар Газаны мандаты түсініксіз құрылымның басқаруына беру қаупі бар екенін ескертіп, екі мемлекет құру принципінің ескерусіз қалғанына назар аударды. Өз кезегінде, ХАМАС бұл жобаны егемендікке тікелей қол сұғушылық деп атады.
Трамптың жоспары іске асырылды ма?
Палестина тарапының ескертпелері мен Израиль тарапынан қойылған шектеулерге қарамастан, жоспардың бірінші кезеңі ресми түрде іске асырылды. 2026 жылдың 15 қаңтарынан бастап екінші кезеңге өту жоспарланған болатын. Алайда Израиль бірінші кезеңнің бірқатар ережелерін орындамай, іс жүзінде екінші кезеңнің іске асырылуына тосқауыл қойды.
Трамп жоспары аясында Газаға Израильдің біржақты бақылау орнатуына жол бермеу және салыстырмалы түрде тәуелсіз әрекет ету мақсатында Палестиналық басқару комитеті құрылды. Осы мақсатта құжаттың үшінші тармағында барлық әскери қимылдарды толық тоқтату және әскерлерді кезең-кезеңімен шығару басталғанға дейін майдан шебін өзгеріссіз сақтау тікелей қарастырылды. Дегенмен, Израиль күштері майдан шебінен өтіп, жаңа аумақтарды иеленіп алды.
Жоспардың жетінші тармағында кешенді гуманитарлық көмекті дереу жеткізу, су, электр және санитарлық инфрақұрылымды, ауруханалар мен наубайханаларды қалпына келтіру, сондай-ақ үйінділерді тазарту мен жолдарды ашу қарастырылған болатын. Бұл міндеттемелер орындалған жоқ.
Сегізінші тармақта гуманитарлық көмекті жеткізу мен үлестіру тараптардың араласуынсыз, БҰҰ, Қызыл Жарты Ай және басқа да халықаралық ұйымдар арқылы жүзеге асырылуы тиіс екені белгіленген. Алайда Израиль бұл құрылымдардың қатысуын теріске шығарып, іс жүзінде Қызыл Крест пен ондаған басқа гуманитарлық ұйымдардың Газа секторындағы жұмысына тосқауыл қойды. Ал 2026 жылы 20 қаңтарда Иерусалимде ұлттық қауіпсіздіктің оңшыл радикалы, министр Итамар Бен-Гвирдің тікелей қадағалауымен БҰҰ-ның палестиналықтарға көмек көрсету агенттігінің (БАПОР) кеңсесі қиратылып, оның орнына Израиль туы тігілді.
Тоғызыншы тармақта Газаны басқаруды уақытша технократиялық Палестиналық басқару комитетіне беру қарастырылды. Бұл комитет Дональд Трамп басқаратын Бейбітшілік кеңесі деп аталатын халықаралық қадағалау органына бағынуы тиіс еді. Технократиялық Палестиналық комитет жасақталып, оның құрамына экономика, қаржы, денсаулық сақтау, білім беру, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік және діни мәселелер, сондай-ақ ішкі қауіпсіздік сияқты негізгі салалардың өкілдері енді. Комитет құрамы Газа секторындағы негізгі әлеуметтік және отбасылық топтардың мүддесін қамтыды және оны Рамалладағы Палестина әкімшілігі де, ХАМАС қозғалысы да мақұлдады.
Бұл орган Палестина әкімшілігіндегі реформалар аяқталып, оның секторды басқаруға қайта оралуына дейін Газаны қалпына келтіру жұмыстарын үйлестіруі тиіс еді. Алайда Израиль билігі бастан-ақ комитетке теріс көзқарас танытып, оның мүшелеріне секторға кіруге тыйым салу арқылы жұмысына іс жүзінде тосқауыл қойды. Бұл ұстаным Израильдің оккупациялық билігінің Трамп жоспарына және оның саяси салдарына деген нақты көзқарасын айқын көрсетіп берді.
Трамптың «жетістігі» қандай?
Газадағы үкіметтік медиа-кеңсесінің 2026 жылғы 5 ақпандағы мәліметі бойынша, секторда оқ атуды тоқтату режимі жарияланған 115 күн ішінде Израиль армиясы бітім шарттарын 1520 рет бұзған. Израиль тарапынан жасалған шабуылдардың салдарынан осы кезеңде 556 палестиналық қаза тапты. Олардың ішінде 228-і — әйелдер, балалар және қарттар. Қаза болғандардың барлығы дерлік бейбіт тұрғындар екені анықталды.
Шабуыл кезінде 1500 палестиналық жараланды, олардың 1488-і — бейбіт тұрғындар. Жараланғандардың 900-і— әйелдер, балалар мен қарттар. Барлық шабуылдар Израиль әскері шегінуі тиіс болған «сары сызықтан» жырақта, яғни бейбіт тұрғындар тұратын аудандарда болған. Сондай-ақ «бітімгершілік» кезеңінде Израиль тарапы 522 рет оқ жаудырып, әскери техникамен Газаның тұрғын аудандарына 73 рет басып кіргені хабарланды. Оған қоса, 704 рет бомбалап, 221 үй мен ғимаратты жарып жіберген. Израиль армиясы 50 палестиналықты тұтқындаған.
Медиа-кеңсе мәлімдемесінде оқ атуды тоқтату туралы келісімге сәйкес, Газаға 69 мың гуманитарлық және коммерциялық жүк көлігі мен жанармай цистернасы кіруі тиіс болғаны айтылады. Алайда Израиль оның тек 29 603-ін, яғни қажетті көмек көлемінің небәрі 43 пайызын ғана өткізген. Израильдің медициналық жабдықтарды, денсаулық сақтау құралдары мен дәрі-дәрмектерді жеткізуге де шектеу қойғаны айтылады. Сонымен қатар, шатырлар мен контейнерлік үйлер сияқты уақытша баспана құралдарын кіргізуге де тосқауыл қойылып, электр станцияларының жұмысына кедергі жасалған. Қыста ауа райы күрт суытқан кезде, осы тапшылықтың салдарынан оннан астам нәресте үсіп қайтыс болды.
Израиль тарапынан жасалып отырған іс-әрекетттердің негізгі қатері – бағындыруға, аштық пен ауыр тұрмыстық шектеулерге сүйенетін басқару тәсілін халықаралық деңгейде қалыпты құбылыс ретінде орнықтыруға ұмтылуында.
Бейбітшіліктің негізгі шарты
Қазіргі уақытта Газа секторын басқаруды өз мойнына алуы тиіс халықаралық құрылымдар ХАМАС-ты 3–5 ай ішінде қарусыздандыру үдерісінің аяқталуын күтуде. Қару-жарақты жинау міндетін Израиль армиясына немесе халықаралық күштерге емес, Египетте даярлықтан өткен палестиналық полицияға жүктеу көзделіп отыр. Сонымен қатар Трамп толық қарусыздану талап етілетінін ескертіп, бұл шарт орындалмаған жағдайда Израильге мәжбүрлі қарусыздандыру жүргізуге рұқсат берілетінін мәлімдеді.
ХАМАС-ты қарусыздандыру бейбітшілікке қол жеткізудің және секторды қалпына келтіруді бастаудың негізгі шарты ретінде қарастырылады. Ондаған жылдар бойы қорғаныс құралы ретінде ұсынылған қарулы қарсылық бүгінде сектор халқының пікірін ескермей, толық бақылау орнатуға, жаппай блокада енгізуге және Газа шындығын қайта қалыптастыруға сылтау болып отыр. Қазіргі таңда Газа енді ұрыс алаңы емес — жүйелі түрде бөлшектеу нысанына айналдыруда. «Қауіпсіздік» пен «қарусыздандыру» ұрандарының тасасында палестиналық саяси субъектілігі жойылуда.
ХАМАС қарулы үстемдігін сақтауды талап ете отырып, осы үдеріске жанама түрде қатысып отыр, яғни Газаны оккупациялауды, ұжымдық жазалауды және институционалдық тұрғыдан жоққа шығаруды ақтайтын әмбебап себепке айналды.
«Жергілікті жағдай»
Сонымен қатар, Израиль аймақтағы жағдайды өз пайдасына бекіту үшін нақты қадамдар жасап жатыр. Спутниктік мәліметтер мен құжаттардың жария болып кеткен үзінділері Газаның іс жүзінде бірнеше аймаққа бөлініп жатқанын көрсетеді: әскери дәліздер, базалар, жолдар мен орлар салынып, бақылаудың ұзақ мерзімді жүйесі қалыптасуда. Біріккен Араб Әмірліктері Рафах қаласында ондаған мың палестиналыққа арналған «тұрғын аймақ» бойынша пилоттық жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Бұл жоба биометриялық тіркеуді, қозғалысты қатаң бақылауды, қадағалау астындағы цифрлық экономиканы және идеологиялық сүзгіден өткен білім беру жүйесін көздейді. Негізінен, бұл – Газаның «тексеруден өткен» тұрғындарына арналған мекен құруды мақсат ететін «баламалы қауіпсіз қауымдастық» жобасы.
Хабарламаларға сәйкес, бұл бастаманы Трамптың кеңесшілері Уиткофф пен Кушнер, сондай-ақ Израиль үкіметі қолдаған. Жоба аясында Израильдің ішкі барлау қызметі мақұлдаған палестиналықтарға ғана бұл аймаққа кіруге рұқсат беріледі деп болжануда.
Бұл модель азаматтық өмірді қалпына келтіруден гөрі, қатаң бақылауда ұстау лагерьлерінің қайта жаңғыртылған түрін көбірек еске салады.
Гибридтік соғыс және палестиналықтардың ұстанымы
Азық-түлік, су, дәрі-дәрмек пен тұрғын үйге қатысты блокада арқылы Нетаньяху үкіметі тудырған гуманитарлық апат жалғасып жатқан жағдайда гибридтік ақпараттық соғыс та өрши түсуде. Қоғамдық кеңістікте талдамалық материалдар, мәлімдемелер мен үгіт-насихаттың тоқтаусыз легі байқалады. Алайда бұл ақпараттық ағын халықаралық қоғамдық пікірді біріктірген жоқ, керісінше, алауыздықты күшейтті. Еуропа мен Америка қалаларындағы наразылық акциялары мен көшедегі қоғамдық жұмылдырудың мұсылман және араб елдерінің астаналарымен салыстырғанда анағұрлым белсенді әрі ықпалды болғаны айқын көрініс тапты.
Газа тұрғындары үшін саяси пікірталастар әлдеқашан маңызын жоғалтқан. Қазіргі кезде олар үшін ең бастысы — қираған үйінділердің астында қалған жақындарының мәйіттерін табу, оларды жерлеу, бомбалау жағдайында аман қалу, атыс орындарынан «қауіпсіз аймақтарға» жету және азық-түлік табу. Өзге елдерде жаңбыр мен салқын ауа райы береке саналса, Газада бұл — үрей мен қорқыныш нышаны. Жыртылған шатырлардан су сорғалап, халық нөсер астында түнеп жатыр; суықтан қалтыраған балалар үсіп қаза табуда. Электр энергиясы қолжетпес арманға айналды: жұрт бір ғана қоңырау шалу үшін телефондарын қуаттауға бірнеше генератордың алдында сағаттап, жүздеген метрлік кезекте тұруға мәжбүр. Осындай қиын-қыстау кезеңде Газа тұрғындарының алдында жалғыз-ақ мақсат қалды: «Тірі қалу және туған жерден кетпеу».
Сирия – жоспардың бір бөлігі
Сырт көзге ұқсамайтындай көрінгенімен, дәл осындай қасіретті оқиғалар Сирияда да өршіп тұр. АҚШ-тың терроризмге қарсы күрестегі одақтасы болған күрдтерді тағдыр тәлкегіне тастауы және оларды үкімет әскерінің күшпен басып-жаншуы; алавилер мен друздарды аяусыз қырып-жоюы; бұған дейін Американың есебінен түрмелер мен лагерьлерде ұсталып келген ИШИМ содырлары мен олардың отбасыларының бостандыққа шығуы — осы факторлардың барлығы аймақ шеңберінен әлдеқайда асып түсетін тұрақсыздық қаупін тудырып отыр.
Бұл ретте Сирияны басқаруға қатысты негізгі шешімдер іс жүзінде бір террористік ұйым жетекшісінің қолына шоғырланған. Ал оған батыстық санкциялар мен саяси тетіктер арқылы ықпал ету шаралары жүргізілуде. Осы тетіктерді пайдалана отырып, Израиль Голан жоталарын иеленді, елдің оңтүстігінде буферлік аймақ құрды және қазіргі уақытта Дамаскімен бейбіт келісімге қол қоюға дайындық үстінде.
«Сирияның «президенті» деп аталып жүрген тұлғаға халықаралық жиһадты мақсат еткен өзінің радикалды айналасы да қатты қысым көрсетіп отыр. Негізінде, олардың Сирияға жиналуының басты себебі — «ислам халифатын» құру болатын. Осындай екіжақты қысымға тап болған Сирияның қазіргі үкіметі өзін-өзі сақтап қалу үшін және саяси тепе-теңдік іздеп, Ресейден көмек сұрауға мәжбүр.
«Мұның бәрі Сирия мен Палестинадағы «дағдарыстан кейінгі қалпына келтіру» емес, аймақтың саяси болмысын түбегейлі өзгерту жүріп жатқанын аңғартады. Жергілікті халықтың сыртқы оккупацияға көрсеткен кез келген қарсылығы барған сайын «тұрақтылыққа төнген қауіп» ретінде сипатталып, жаңа бомбалаулармен немесе жаңа санкциялармен жазалануда. Ал «қауіпсіздікті қамтамасыз ету» ұғымы сыртқы күштердің араласуын ақтап алудың құралына айналды.
Бұл басқару жүйесінің негізгі тірегі — өмір сүруге қажетті басты ресурстарды шектеу болып отыр. Ас-су мен дәрі-дәрмек бүгінде саяси қысымның құралына айналды. Гуманитарлық көмек өзінің бейтарап сипатын жоғалтып, қоғамды тізгіндеу тетігіне айналды. Бұл жағдайда адамдардың зардап шегуі соғыстың кездейсоқ салдары емес, басқару жүйесінің құрамдас бөлігіне айналған.
Сонымен қатар, палестиналықтар мен сириялықтар үшін саяси мүмкіндіктер көжиегі тарылып барады. Ұлттық мүдделердің орнын «дағдарысты басқару» логикасы басты. Оккупациядан азат болу ұғымы «тұрақтылық» туралы риторикамен алмастырылып, халықтың өзін-өзі билеу құқығы жай ғана гуманитарлық сұраныстар жиынтығына дейін төмендетілді. Ұсынылып отырған «бейбітшілік» моделі дайын технологиялық шешім ретінде ұсынылғанымен, оның ішінде ең маңызды элементтер жоқ: әскери қылмыстар үшін жауапкершілік, әділетті өтпелі кезең және сыртқы бақылау құрылымдарын толық жою қарастырылмаған.
«Бейбітшілік кеңесі»
Трамп бастамасының негізгі институционалдық элементі. Бұл – БҰҰ-ның уақытша мандатына ие, бірақ АҚШ Президенті тұрақты түрде басқаратын, вето қою құқығы мен қаржыландыруды бақылау тізгініне ие болған ұлттық деңгейден жоғары орган. Кеңеске мүшелік мерзімі үш жылмен шектелген, алайда 1 миллиард доллар көлемінде жарна төленген жағдайда мүшелік мерзімсіз сипатқа ие болады. Құрылымда іс жүзінде иерархиялық модель қалыптасқан: жоғарғы деңгейде жеке тұлғаға негізделген басшылық пен атқарушы орган орналасқан. Оның құрамына Джаред Кушнер, Марко Рубио, Стив Уиткофф, Тони Блэр және «Ұлы Израиль» тұжырымдамасын ашық қолдайтын, сондай-ақ Газадағы гуманитарлық апаттың ауқымын жоққа шығаратын басқа да тұлғалар кіреді.
Трамптың шақыруын қабылдаған елдер орта деңгейдегі буынды құрайды. Сауд Арабиясы, Түркия, Мысыр және басқа да мемлекеттер Газадағы шектеулі болса да ықпалын сақтап қалу мақсатында жобаға қатысуға келісті. «Моральдық тұрғыдан ымыраға келу» қаупі мен халықаралық сыни пікірлерге қарамастан, бұл бастамаға Қазақстан мен Өзбекстан да қосылды.
Қазақстан бейбіт бастамаларды қолдай отырып, «Бейбітшілік кеңесіне» қатысады, бірақ оны БҰҰ-ның баламасы ретінде қарастырмайды. Еліміз екі мемлекет құру принципіне және БҰҰ Жарғысының негіздеріне адалдығын сақтайды. Қазақстанның бұл жобаға қатысуы бейбіт процестерге жәрдемдесуге және бұл форматтың ерікті әрі қайта қаралуы мүмкін сипатта қалыптасуына ықпал етуге бағытталған. Трамптың әлемдік саясаттағы пәрменін және халықаралық қауымдастықтың қақтығыстарды реттеудегі дәрменсіздігін ескере отырып, Қазақстан бұл процесске сырттан бақылаушы болғаннан гөрі, оның ішінде болып, ықпал етуді тиімдірек деп санайды.
Отандық дипломаттар «процестен шетте қалғанша, оған қатысушы тарап болуды» дұрыс деп санайды. Демек, еліміздің қатысуына идеология емес, стратегиялық мүдде түрткі болды. Бұл — АҚШ-пен байланысты бекіту, аймақтық және халықаралық деңгейдегі саяси-экономикалық мүмкіндіктерді ұлғайту, сондай-ақ сыртқы саясаттағы көпвекторлы икемділікті қорғау тетігі.
Ұсынылып отырған басқару моделінің төменгі деңгейінде палестиналықтарға нақты өкілеттігі жоқ, тек технократиялық орындаушылар рөлі берілген. Times of Israel басылымының редакциясы жариялаған әрі растаған «Кеңес» Жарғысында Газа секторы туралы мүлдем айтылмаған, тіпті палестиналықтардың егемендігі мен мәртебесі туралы мәселе де қозғалмаған. Сондай-ақ, құжатта палестиналықтардың өз жеріне қайта оралу және өзін-өзі билеу құқығы да ұмыт қалған.
АҚШ-тың батыстағы одақтастары — Франция, Ұлыбритания, Канада және Германия бұл бастамадан алшақтап, «Бейбітшілік кеңесін» БҰҰ-ны айналып өту және қалыптасқан көпжақты тетіктерге нұқсан келтіру әрекеті ретінде қарастырды. Еуропа тарапы бұл жағдайға, әсіресе, Трамптың жаһандық саясатта жеке төреші ретінде әрекет етуге деген ұмтылысына байланысты өте өткір реакция білдірді.
Іс жүзінде біз соғыс өрті шарпыған және егемендігінен жұрдай болған аймақты басқарудың тәжірибелік үлгісін көріп отырмыз. Шын мәнінде, халықаралық заңдардың орнын жеке мүдделерге негізделген дипломатия мен сауда-саттық қағидалары басты. Дәл осы себепті Газаны үлкен сынақ полигоны деуге болады — бұл әлемнің кез келген нүктесінде қолдануға дайын тұрған басқарудың жаңа механизмі.
«Бейбітшілік кеңесіне» 60-қа жуық мемлекет қатысуы. Бұл — БҰҰ-ға мүше 190 елдің үштен бір бөлігі. Мұндай ауқым айтарлықтай үлкен көрінгенімен, оның өзі ғана жаңа құрылымның заңдылығын қамтамасыз ете алмайды. Бұл жерде халықаралық құқық нормалары мен ресми рәсімдерді аттап өтіп, өзара тікелей келісім жасай беретін ойыншылардың тар шеңбері қалыптасып жатқаны байқалады.
Жеке тұлғаларға негізделген дипломатия жедел әрі әсерлі көрінгенімен, тұрақты бейбітшілік бір реттік мәмілелермен орнамайды. Нағыз бейбітшілік — ортақ ережелерге, өзара жауапкершілік пен жалпыға бірдей танылған қағидаттарға сүйенгенде ғана баянды болады.
Геосаяси тұрғыдан алғанда, бұл жоспар Израильдің стратегиялық мақсаттарын қайта қарауды көздемейді және Палестина мемлекеттілігінің құрылуына ешқандай алғышарт жасамайды. Керісінше, бұл құжат «қақтығысты шешпей-ақ басқару» логикасына толықтай сәйкес келеді. Мұнда оккупация мен егемендік мәселелерін қозғамай, уақытша үзілістер, гуманитарлық тетіктер және экономикалық ынталандыру шаралары ғана ұсынылған. Осыған ұқсас модельдер кезінде Иракта, Ауғанстанда және Боснияда қолданылған болатын. Алайда бұл тәжірибелер осындай жүйенің тиімділігі шектеулі екенін және ұзақ мерзімді қауіп-қатерлердің жоғары болатынын көрсетті.
Әскери операциялар тоқтамай, қираған қалалар мен қаза тапқандардың, соның ішінде жүздеген журналист пен дәрігердің саны бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткен тұста, бейбітшілік пен қалпына келтіру туралы айтылып жатқан сөздер тек жаңа статус-квоны заңдастырудың құралы іспетті көрінеді.
Адамзатты алда қандай әлем күтіп тұр?
Бүгінгі болып жатқан оқиғалардың ауқымын жете түсіну үшін қазіргі соғыстарға жай ғана жекелеген оқиғалардың тізбегі немесе дағдарысты басқарудың кезекті міндеті ретінде қарау жеткіліксіз. Ең бастысы — осы қақтығыстар арқылы биліктің қалай қайта бөлініп жатқанын, шешім қабылдау құқығы кімнің қолына өтіп жатқанын және қоғамға қандай жаңа шектеулер мен қағидалардың таңылып отырғанын көре білу маңызды.
Қорытындылай келе, Трамптың «бейбітшілік жоспарын» тұрақты реттеуге бастайтын жол емес, керісінше, жаһандық басқару жүйесіндегі терең дағдарыстың белгісі ретінде қарастырған жөн. Бұл — БҰҰ рөлінің әлсіреуін, халықаралық құқықтың трансұлттық компаниялар логикасымен алмасуын және дипломатияның «жекешеленуін» аңғартады. Егер уақыт өте келе мұсылман елдері мен Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше мемлекеттер «Бейбітшілік кеңесіндегі» бастаманы өз қолдарына алып, оның бағытын Палестина мемлекетін құруға, оның дәстүрлі ұлттық болмысын, тарихы мен мәдениетін сақтап қалуға қарай бұра алмаса, жағдай осы күйінде қалмақ.
Palantir компаниясының бұрынғы қызметкері жария еткен мәлімет қоғамды шошытты: оның айтуынша, Газадағы қанды оқиғалар жасанды интеллект алгоритмдерін жетілдіру үшін құнды дереккөз ретінде пайдаланылған. Жаппай бомбалаудан жансауғалап, пана іздеген, жақындарын іздеп жанталасқан халықтың әрбір қоңырауы мен қозғалысы цифрлық ізге айналып, технологиялық компаниялардың игілігіне жұмыс істеп жатыр. Кейін бұл деректер коммерциялық өнімге — мәселен, төтенше жағдайдағы кадрларды басқару жүйелеріне айналдырылуда.
Осылайша, адамзат қасіреті жекелеген елдер мен компаниялардың технологиялық әрі қаржылық дамуы үшін шикізат ретінде жұмсалып отыр. Бұл нацизмнің жаңа формасы емес пе?
Осындай жағдайда: «Бейбітшілік кеңесі» шын мәнінде не үшін құрылды?» деген сұрақ туындайды. Біз жоспарланған «бейбітшілікті» орнату әрекетін бақылап отырмыз ба, әлде гуманитарлық риторикамен жасырылған, цифрлық трансұлттық құрылымдар басқаратын неоколониялық жүйенің қалыптасуына куә болып отырмыз ба?




