Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің пікірінше, 2026–2028 жылдары бөлінетін қаражат ауыл тұрғындарының өз ауылынан көшпей-ақ тұрмыс сапасын жақсартуға жеткілікті болуы керек. Үкімет те 2030 жылға дейінгі Өңірлік даму тұжырымдамасына үлкен үміт артып отыр. Алайда елордадағы шешім қабылдайтын орталарда құлдырап бара жатқан ауылдардың негізгі мәселесі тек қаржы жетіспеушілігімен шектеледі деген көзқарас басым. Бұл ретте өткен тәжірибе толық ескерілмей келеді: қомақты қаржы қарастырылған ауылды дамытуға арналған бірнеше мемлекеттік бағдарламаның айтарлықтай нәтижесі болмады. Ауылдан қалаға жаппай көшу кері үрдісті одан әрі тереңдетіп, тұйық цикл қалыптастырды: халық азайған сайын қаржы да қысқарады, инфрақұрылым әлсірейді, бизнес белсенділігі төмендейді, жұмыс орындары азаяды, соның салдарынан тұрғындар саны тағы да кеми береді.
КЛИМАТ ПЕН ГЕОГРАФИЯ ЕСКЕРІЛМЕГЕН
2025 жылдың тамызында ғана қабылданған өңірлік даму жөніндегі жаңа бағдарламалық құжаттың іске асырылу барысы бастапқы кезеңнің өзінде бірқатар сұрақтар туғызып отыр. Мәжіліс депутаттарынан құралған жұмыс тобы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері төмен өңірлерді аралап, тиісті қорытынды жасады. Депутаттардың пайымдауынша, облыстардың орналасу ерекшелігіне қарай теңгерімсіздікті жоюдың негізгі құралына айналған Өңірлік стандарттар жүйесінде (ӨСЖ) әлі де олқылықтар бар.
Қазақстанның бірқатар өңірлеріндегі климаттық және географиялық факторлар халықтың қоныстануының ерекше принциптерін айқындайды. Мәселен, құрғақ дала, шөлейт және шөлді аймақтарда халық су көздеріне жақын орналасқан. Мұндай жерлерде бір-бірінен айтарлықтай қашықтықта орналасқан шағын елді мекендер басым, сондай-ақ инфрақұрылым мен көлік желісінің нашар дамуы тән. Таулы аймақтарда да жағдай осындай. Бұл жерлерде ірі елді мекендердің қалыптасуына географиялық та, экономикалық та негіз жоқ, алайда тіпті шағын ауылдардың өзі көбіне орасан зор аумақтардың экономикалық орталығы болып табылады», — деп депутаттар сапар қорытындысы бойынша Вице-премьер Жұманғаринге сауал жолдады.
Депутаттар Қазақстанның солтүстік және шығыс өңірлерінде инфрақұрылымның маусымдық факторларға едәуір тәуелді екенін атап өтті. Бұл аймақтарда халқы шамамен 500 адамнан тұратын шағын және орта елді мекендер басым, әрі өңірлік өлшемдер бойынша олар ірі әрі болашағы бар ауылдар қатарына жатқызылады. Алайда географиялық жағдайға байланысты, әсіресе қыс мезгілінде, мұндай ауылдар бірнеше күн бойы сыртқы байланыстан үзіліп, оқшауланып қалуы мүмкін. Елдің оңтүстік өңірлерімен салыстырғанда, мұнда ауылдық жерлердегі демографиялық және климаттық ерекшеліктер мүлде өзгеше. Соған қарамастан, мемлекеттік қолдау көлемі жергілікті жерлерде тарихи және географиялық ерекшеліктерді толық ескермей, көбіне халық санына қарай есептеліп келеді: тұрғындар саны көп болса — мектеп те, су құбыры да соған сай қарастырылады.
«Біз мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдар желісінің тұрақты түрде қысқарып келе жатқанын байқаймыз, бұл өз кезегінде халықтың көші-қон көңіл-күйін күшейтеді. 2004–2024 жылдар аралығында тек Қостанай облысының өзінде 274 ауыл жойылып кетті. Өкінішке қарай, 2025 жылы да бұл үрдіс сақталды», — деп мәлімдеді мәжілісмендер.
Олар іс жүзінде қалалардан ондаған шақырым қашықта орналасқанымен, заң жүзінде қалалық әкімдіктерге қарайтын кенттердің мәртебесі мәселесін Үкімет алдына өткір түрде қойды. Мұндай «қалалық ауыл тұрғындары» — мысалы, Рудныйға қарасты Қашар (қаладан 45 шақырым), Теміртауға жақын Ақтау кенті (20 шақырым), Степногорскіден 80 шақырым жердегі Бестөбе — іс жүзінде қала мәртебесінің ешқандай артықшылығын сезінбейді, бірақ сонымен бірге ауылдық жеңілдіктерден де қағылған.
Депутаттардың пікірінше, біз де бұл көзқараспен келісеміз, өмір сапасының бірыңғай ең төменгі стандарттары — білімге, денсаулық сақтауға, инфрақұрылымға қолжетімділік — барлық өңір үшін тек елді мекендегі халық санына қарап емес, ауылдардың тарихи, климаттық және географиялық ерекшеліктерін ескере отырып айқындалуы тиіс. Сонда ғана ауылдардың құлдырауы мен жойылу үрдісін тежеуге болады.
ӘКІМДЕРГЕ – ҚАРЖЫ, ӨҢІРЛЕРГЕ – УӘДЕ
Айта кету керек, Қазақстанда шалғай елді мекеннің білікті шаруашылық басқару арқылы тоқырауға ұшырамай, керісінше дамып, халқының санын екі есеге арттырып, жұмыссыздықты жойып, тұрғындарды заманауи өмірдің негізгі игіліктерімен қамтамасыз ете алған нақты үлгісі бар. Ол – Ақмола облысындағы Родина ауылы. Родина тұрғындарының негізгі жұмыс берушісі Иван Сауэр әртүрлі сұхбаттарында бұл елді мекенге жыл сайын шамамен 1 млрд теңге көлемінде инвестиция салынатынын, ал жергілікті бюджет бар болғаны бірнеше ондаған миллион теңгені құрайтынын бірнеше рет атап өткен. 1989 жылы 800 тұрғыны болған ауылдың 2025 жылға қарай 1800 адамға дейін өсуі бұл жобаның табысы тек қаржы көлеміне емес, сол қаражатты тиімді пайдалануға тікелей байланысты екенін көрсетеді. Родинада адамдардың тұрақтап өмір сүруге ұмтылуының басты себебі – негізгі әлеуметтік жағдайлардың қамтамасыз етілуі: тұрғын үй, тұрақты жұмыс және болашаққа сенімді перспектива.
Алайда Қазақстандағы барлық ауыл тұрғындарының жағдайы мұндай қолайлы емес. Соның салдарынан соңғы жиырма жылда өңірлерді дамытуға бағытталған бірнеше мемлекеттік бағдарламалар іске асырылғанымен, айқын серпінді нәтижелерге қол жеткізу әрдайым мүмкін бола қойған жоқ.
Мәселен, 2004–2010 жылдарға арналған ауылдық аумақтарды дамыту мемлекеттік бағдарламасынан кейін елде шағын ауылдардың жаппай қысқару үдерісі күшейді, өйткені сол кезеңде оларды оңтайландыру және ірілендіру саясаты жүргізілді. 2019 жылдан бері іске асырылып келе жатқан «Ауыл – ел бесігі» жобасы негізінен тірек ауылдарға басымдық беріп, іс жүзінде «перспективасы төмен» деп танылған шағын ауылдардың одан әрі құлдырауына жол ашты. Олардың болашағы да көбіне жан басына шаққандағы көрсеткіштер арқылы бағаланды. Өңірлерді 2020 жылға дейін дамыту бағдарламасы ауылдан қалаға көші-қонды тежеуді көздегенімен, нәтижесінде Алматы мен Астана халқының күрт өсуіне, ал солтүстік өңірлердің босап қалуына әкелді. Ендеше 2025 жылғы жаңа бағдарламалық құжатта 2026–2028 жылдарға арналған 9 трлн теңге көлеміндегі жалпы сипаттағы трансферттерден өзге қандай нақты нәтижелі тетіктер ұсынылғаны да заңды сұрақ тудырады.
«Басты міндет – азаматтардың тұрғылықты жеріне қарамастан мемлекеттік қызметтер мен негізгі игіліктердің базалық деңгейде қолжетімді болуын қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта өңіраралық теңгерімсіздіктерді азайту шараларын іске асыру тетіктерінің бірі ретінде Өңірлік стандарттар жүйесін (ӨСЖ) енгізу қарастырылып отыр», – деп Серік Жұманғарин депутаттардың сауалына жауап берді.
Сонымен қатар ол бағдар ретінде елді мекеннің түрі мен ондағы халық саны алынатынын растады. Сондай-ақ шығыс жыл сайынғы ӨСЖ мониторингінің нәтижелерін ескере отырып, базалық инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі төмен өңірлердің пайдасына қайта бөлу арқылы болжанатынын, алайда өңірлер арасында нақты басымдық беру көзделмегенін атап өтті.
Ең қызығы, осы триллиондаған қаражаттың кімге және қандай көлемде бөлінетінін айқындау өкілеттігі негізінен өңір әкімдеріне берілмек.
«Осыған байланысты аталған норма жергілікті атқарушы органдарға елді мекендердің географиялық және климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, жекелеген аумақтарды қаржыландыруға арналған бюджеттік инвестициялық жобалардың тізбесін өздері қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деді вице-премьер депутаттарға.
Ал қалалық үлгідегі кенттердің мәртебесін өзгерту мәселесіне қатысты Серік Жұманғарин бұл бағыттағы жұмыс қазір жан-жақты пысықталып жатқанын айтты. Оның сөзінше, талдау барысында халық санының өзгеру динамикасы, қалалардан қашықтығы, экономикалық белсенділік түрлері, сондай-ақ тұрғындардың өз пікірлері ескеріледі.
БАЯҒЫ ЖАРТАС, СОЛ ЖАРТАС
Бұл жауаптан кейін «Ұлттық экономика министрлігі қазақ ауылдарының шынайы тұрмысын және олардың жойылу себептерін нақты біле ме?» деген сұрақ туындайды. Депутаттар өңірлерді өз көзімен көріп, көрген-білгендерін жазды. Ал вице-премьердің жауабы көбіне ведомство мамандары дайындаған ресми құжатқа қол қоюмен шектелгендей әсер қалдырады.
Өйткені жаңа тұжырымдамада шағын елді мекендердің тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге арналған бюджетті бөлу принциптері мүлдем өзгермеген. Құжатта әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері төмен аумақтар үшін бөлек режим енгізілмеген, керісінше, жауапкершілік жергілікті әкімдіктерге жүктеле салған. Негізінде, бұрын да солай болатын. Оның нәтижесі де бәріне белгілі.
Ауылдық жерлерде теріс демографиялық инерция қазірдің өзінде берік қалыптасты, өйткені жан басына шаққан тәсіл, мектептердің жабылуы және халықтың қартаюы жағдайында тиімді нәтиже бермей отыр. Өңірлік қалалардағы дағдарыс әкімдерге аз мәселе туғызбайтындықтан, олар үшін өшіп бара жатқан елді мекендерді сақтап қалудың жолын іздегеннен гөрі, жағдайдың табиғи түрде шешілуін күту жеңілірек. Бизнесті экономикалық тартымдылығы жоқ аумақтарға тарту оңай міндет емес. Өкінішке қарай, өңірлерді дамытуға қатысты Үкіметтің жаңа тәсілі аумақтарды жаңғыртудан гөрі, қалыптасқан мәселелердің салдарын жұмсартуға бағытталған саясатқа көбірек ұқсайды.
Соңғы он жылда ауылдық аумақтар мен инфрақұрылымды дамытуға бейінді мемлекеттік бағдарламалар арқылы 2 трлн теңгеден астам қаржы бағытталды. Бұл сомаға жол құрылысы мен жеке инвестициялар кірмейді. Соған қарамастан, қабылданған шаралардың тиімділігі төмен деңгейде қалып отыр, өйткені елеулі нәтижелер болған жағдайда олар үкіметтік деңгейде ресми түрде көрсетілер еді. Осылайша, өткен кезеңдердегі қателіктер мен тиімсіз шығындарды ескерсек, қазіргі саясат аумақтарды жүйелі жаңғыртудан гөрі, терең құрылымдық мәселелері бар жүйеде шектеулі, сыртқы сипаттағы түзету шараларын іске асырумен шектеліп отырғанын аңғартады.




