Астана. 1 сәуір. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН — Қазақстандық депутаттар шетелдік мердігерлердің агрессивті демпингі мен шетелдік жұмыс күшінің үлесі артып отырған жағдайда мұнай-газ химиясы жобаларында қазақстандық үлесті ұлғайту үшін Үкіметті нақты шаралар қабылдауға шақырды.
«Атырау облысында ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясының қатысуымен жүзеге асырылып жатқан стратегиялық мұнай-газ химиясы жобаларын, соның ішінде “Силлено”, “KMG PetroChem”, “Бутадиен” жобаларын және “Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі” арнайы экономикалық аймағындағы нысандарды іске асыру барысында алаңдаушылық туғызатын жағдай қалыптасып отыр. Қолда бар мәліметтерге сәйкес, тендерлерде шетелдік қосалқы мердігерлердің отандық компаниялар қалыптастыратын деңгейден 70%-ға дейін төмен баға ұсынып отырғаны жүйелі түрде тіркелуде. Бұл агрессивті демпинг пен нарықтық емес баға қалыптастыру белгілерін көрсетеді», — деді Әділ Жұбанов Мәжілістің жалпы отырысында «Amanat» партиясы фракциясының депутаттық сауалын оқып.
Оның айтуынша, мұндай «үнемдеу» іс жүзінде заң талаптарын сақтай отырып жұмыс істейтін, салық төлейтін, жұмыс орындарын ашатын және өндірістік базаны дамытуға инвестиция салатын қазақстандық кәсіпорындарды нарықтан ығыстыру есебінен қалыптасып отыр.
Нәтижесінде, нақты қазақстандық үлес төмендеп, инвестициялық қаражаттың бір бөлігі мердігерлердің шыққан еліне қайта бағытталады, бұл ел экономикасына күтілетін мультипликативтік әсердің болмауына әкеледі.
Депутаттың айтуынша, сондай-ақ шетелдік жұмыс күшінің едәуір көлемде тартылуы да алаңдаушылық туғызады. Отандық білікті мамандар бола тұра, бұл жағдай әлеуметтік шиеленіс тәуекелдерін арттырып, еңбек нарығына қысым түсіруі мүмкін.
Осыған байланысты депутаттар Үкіметтен шетелдік мердігерлердің баға ұсыныстарының негізділігін бақылау тетіктерін енгізуді, оның ішінде баға дәлізін белгілеу мен демпингке қарсы құралдарды қолдануды сұрайды. Сонымен қатар тендер өткізу талаптарын қайта қарап, қазақстандық үлестің салмағын едәуір арттыруды және оның міндетті деңгейін кемінде 70% мөлшерінде белгілеуді ұсынады.
Бұдан бөлек, мәжілісмендер шетелдік жұмыс күшін тартуға бақылауды күшейтіп, қазақстандық мамандарды жұмыспен қамтуға басымдық беруді заңнамалық тұрғыдан бекітуді талап етті.




