Мақалада Қазақстанның ғылыми саласының қазіргі даму үрдістері қарастырылады. Статистикалық көрсеткіштер мен институционалдық ерекшеліктерді талдау негізінде сандық өсімнің «сыртқы» көрсеткіштері мен ғылыми нәтижелер сапасының «ішкі» трансформациясының шектеулілігі арасындағы жүйелік қайшылықтар айқындалады.
Көрсеткіштердің үстемдігі
Ағымдағы жылдың сәуір айы мазмұнды әрі маңызды оқиғалармен ерекшеленді. Соның ішінде, меніңше, ең маңыздысы — Қазақстан ғылым қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Мемлекет басшысының қатысуымен іс-шаралар өтті, ғылым саласының қызметкерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды, жас ғалымдарға пәтерлер табысталды, сондай-ақ көптеген конференциялар ұйымдастырылып, жетістіктер туралы есептер ұсынылды.
Көптеген баяндамашылар жаңа Конституцияның қабылдануы жөніндегі референдумның маңызды саяси оқиға болғанын ерекше атап өтті. Ата заңда соңғы 30 жылда алғаш рет адами капиталды, ғылым мен инновацияларды дамыту мемлекеттің басымдығы ретінде айқындалды.
Соңғы жылдары мемлекет ғылым саласына баса назар аудара бастады: шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылып, жас ғалымдарға арналған гранттар мен әлеуметтік қолдау шаралары енгізілуде. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының мәртебесі қалпына келтірілді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның ғылым қызметкерлерін ұлықтау рәсімінде жасаған баяндамасына сәйкес, саланың қаржыландырылуы «соңғы бес жылда алты есеге артты». 2025 жылы қаржыландыру көлемі шамамен 550 млн АҚШ долларына жетті. Ал 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Бүгінгі таңда ғылым саласындағы қызметкерлердің саны 28 мыңнан асты, оның 13,5 мыңнан астамы — жас ғалымдар. Қазіргі уақытта 430-дан астам ғылыми ұйым мен зерттеу институты жұмыс істейді.
Қазақстан жарияланымдар саны бойынша әлемде 59-72 орындарға көтерілді. Жоғары квартильді (Q1, Q2) журналдардағы мақалалардың үлесі шамамен 44,9%-ды құрады, бұл көрсеткіш әлемдік деңгейде 52,7%-ға тең. Еліміз математика, химия және мұнай химиясы, материалтану, физиканың жекелеген бағыттары мен IT, сондай-ақ энергетикадағы қолданбалы зерттеулер сияқты нақты салаларда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді.
Осылайша, бұл көрсеткіштер сенімді көрінеді. Дегенмен, ғылым саласында бәрі бірдей мінсіз бе? Негізгі мәселе ашық күйінде қалып отыр: сандық көрсеткіштердің артында сапалық серпіліс болды ма? Бұл сұрақ жүйелі талдауды қажет етеді.
Ғылымсыз экономика, экономикасыз ғылым
Ғылымды қаржыландыру көлемін халықаралық контекстпен салыстыратын болсақ, жағдай айтарлықтай күрделене түседі. Мәселен, Қазақстандағы ҒЗТКЖ-ға (ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар) жұмсалатын шығындардың жалпы ішкі өнімдегі (ЖІӨ) үлесі небәрі 0,14-0,16%-ды құрайды. Сонымен қатар, бұл көрсеткіштің әлемдік орташа деңгейі — 0,43%, ЭЫДҰ (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы) елдерінде — 2-4%, ал Израиль мен Оңтүстік Кореяда тиісінше 5,5% және 5%-ға тең. Басқаша айтқанда, Қазақстанның ғылымға салған инвестициясы технологиялық көшбасшы елдермен салыстырғанда 10-20 есе аз.
Дегенмен, басты мәселе қаржы көлемінде ғана емес, оның құрылымында болып отыр. Сондықтан инвестицияның салыстырмалы түрдегі қомақты көлемі әзірге айтарлықтай маңызды нәтижелер бермей келеді. Бұған қоса, бюджеттен тыс инвестициялар көлемі де жеткіліксіз. Бүгінде ғылымға жұмсалатын шығындардың 80%-дан астамы мемлекет тарапынан қаржыландырылады, ал бизнес бұл үдеріске дерлік қатыспайды. Сонымен қатар, бөлінген қаражаттың шамамен 50-70%-ы ғылыми қызметкерлердің еңбекақысына жұмсалады.
Дамыған елдерде жағдай мүлдем басқаша: ғылымның негізгі инвесторы — жеке сектор. Бұл біздегі жағдайдан басты айырмашылық болып табылады. Сондықтан бизнес ғылымға қызығушылық танытпайынша, коммерцияландыру жай ғана көзбояушылық болып қала бермек.
Қаржыландырудың өсуіне қарамастан, ғылымның Қазақстан экономикасына қосатын үлесі әлі де төмен деңгейде. Бұған ғылымның өндіріспен байланысының нашарлығы, индустрия тарапынан сұраныстың жоқтығы, тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелерге жұмсалатын шығындардың тым аздығы, коммерцияландырудың әлсіздігі, технологиялық өнімдердің тапшылығы және, әрине, бизнестің енжарлығы мен оқшаулануы негізгі себеп болып отыр. Нәтижесінде ғылым мен экономика бір-бірінен бөлек дамып жатыр және ғылым әзірге қоғам өмірінде шешуші рөл атқармайды.
Іс жүзінде «зерттеу — технология — нарық» тізбегі үзілген. Бүгінгі таңда ғылым көбіне нақты стратегиясы жоқ жекелеген жобалардың жиынтығы ретінде қабылданады, ал ғалым зерттеушіден гөрі әкімшілік қызметкерге көбірек ұқсайды.
Ғылыми кадрлардың едәуір көптігіне қарамастан, ғылыми қоғамдастықтың нақты «сыни массасы» (өнімді ортасы) қалыптаспағанын мойындауымыз керек. Тағы бір өзекті мәселе — ұрпақтар сабақтастығының үзілуі. Зейнет жасындағы ғалымдарды ғылымнан шеттету саясаты қалыптасқан ғылыми мектептердің іргесін шайқалтуда.
Әлемдік тәжірибеде ғалымның өнімділігі жиі 50-70 жас аралығында шарықтау шегіне жететінін, яғни жастың тиімсіздік белгісі емес екенін түсіну маңызды. Дамыған елдерде, керісінше, аға буын ғалымдары зерттеулердің сабақтастығы мен сапасын қамтамасыз етсе, жас мамандар жаңа бағыттардың қозғаушы күшіне айналады.
Қазақстандық ғылым барған сайын жарияланымдар саны, базалардағы индекстелу және есеп беруге арналған «енгізулер» сияқты формалды көрсеткіштерге иек артып барады. Бұл жарияланымдардың ғылыми зерттеу нәтижесін бағалау құралы емес, жай ғана есеп беру нысанына айналуына әкеп соқты. Соның салдарынан еліміз кезінде танымал болған ғылыми мектептерінен айырылып қалды.
Жас ғалымдар санының артуына қарамастан, олардың көбі өзін-өзі дамыту үшін тиімді ортаны таңдап, жеке секторға кетіп жатқанын ашық айту керек. Бұл — олардың өмір сүру үшін емес, кәсіби тұрғыдан қалыптасу үшін жасаған ұтымды таңдауы.
Нәтижесінде Қазақстан ең құнды байлығы — болашақ ғылыми элитасын жоғалтып алуда. Бүгінде танымал қазақстандық ғалымдар көбіне АҚШ, Еуропа мен Қытайда еңбек етуде. Өкінішке қарай, олардың табысы отандық ғылыми жүйемен байланысты болмай отыр.
Ғылымдағы институционалды тұзақ
Қазіргі таңдағы мынадай парадоксалды жағдайды атап өткен жөн: кеңестік ғылым моделі өзінің барлық кемшіліктеріне қарамастан, мықты ғылыми мектептерді, іргелі зерттеулерді және өндіріспен тығыз байланысты қамтамасыз ете алды. Ал қазақстандық модель ашық болғанымен, талап деңгейі төмен және тиімділігі әлдеқайда аз болып отыр. Нәтижесінде зерттеулердің тереңдігі мен сапасы жоғалды, ал бұрынғы тиімділік деңгейіне әлі қол жеткізілген жоқ.
Нәтижелерді формализациялау элементтерінің бар екенін, атап айтқанда, «қолдан жасалған» көрсеткіштер мен формалды енгізулердің кездесетінін ашық мойындауымыз керек. Бірақ бұл жекелеген ғалымдардың емес, нақты нәтиже ынталандырылмайтын қазіргі жүйенің салдары екенін түсіну маңызды.
Осы орайда: «Кім кінәлі?» деген сұрақтың қойылуы орынды. Меніңше, жауабы айдан анық: белгілі бір дәрежеде барлығы кінәлі! Мемлекет — нәтижеден гөрі есеп беруге басымдық бергені үшін, ғылыми қоғамдастық — формализмге бейімделгені үшін, ал бизнес — ғылымға сұраныс танытпағаны үшін жауапты. Қалыптасқан бұл жағдай — жекелеген тұлғалардың қателігі емес, жүйелі институционалдық дағдарыс.
Қазіргі уақытта Қазақстан ғылымы аралық-өтпелі кезеңде тұр: қаржы мен бағдарламалар бар, инфрақұрылым қалыптасып келеді, бірақ ең басты нәрсе — экономикаға интеграцияланған ғылыми экожүйе жоқ. Ғылым оқшауланған күйінде қалса, кез келген жетістік жергілікті және уақытша сипатқа ие болады.
Бүгінгі таңда Қазақстанда ғылымның дамуы бар екенін, бірақ шынайы ғылыми серпілістің жоқтығын айтуға болады. Сала көрсеткіштер өсімі әлі де сапалы деңгейге көтерілмеген, ұзаққа созылған «трансформациясыз жаңғыру» күйінде қалып отыр. Қазақстандық ғалымдар мен ғылыми зерттеулердің әлеуеті зор болғанымен, олар әлі де жаһандық ғылыми күн тәртібін қалыптастыра алмай келеді және олардың еңбектеріне идеялар көзі ретінде сілтеме жасау деңгейі төмен.
Ғылымның басқарумен алмасуы
Сәуір айының басында Шымкентте Қазақстан математиктерінің бірінші съезі өтті. Бұл — еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму міндеттері аясында ғылыми қоғамдастық үшін негізгі бағдарларды айқындаған маңызды іс-шара болды. Онда іргелі және қолданбалы ғылымды дамытудың бағыттары белгіленді.
Жиын қажетті, уақтылы әрі мазмұнды өтті. Дегенмен, іс-шара барысында ғылымның саяси-әкімшілік риторикамен алмасуы сияқты алаңдатарлық үрдіс байқалды.
Ғылымның, әсіресе математиканың мемлекеттің ағымдағы міндеттеріне қызмет көрсету құралы емес екенін түсіну қажет. Бұл — тапсырмалар мен жол карталары бойынша емес, өзіндік ішкі логикасымен дамитын іргелі білім саласы. Математиканы жай ғана «шешімдерді қамтамасыз ету», «басқаруды қолдау» немесе «жасанды интеллект экономикасына қызмет көрсету» деңгейіне түсіру — бұл жай ғана методологиялық қателік емес, бұл — стратегиялық жаңсақ түсінік. Математика — экономикалық өсімнің субъектісі емес, ол ғылыми құрал және білімді жүйелеу тілі.
Тағы бір мәселе — іргелі және қолданбалы ғылым арасындағы айырмашылықты бұрыс түсіну. Соның салдарынан математика дереу қолданбалы нәтиже беруі тиіс деген модельдер ұсынылуда. Алайда, дәл осы өтпелі кезеңнің қысымынан еркін іргелі ғылым ғана ұзақ мерзімді перспективада мемлекет пен ғылыми қоғамдастық мақтаныш ететін технологияларды дүниеге әкеледі. Ғылым тарихы көрсеткендей: ғалымдарды әкімшілік тапсырмаларды орындаушыға айналдырған жерде жаңалықтар жоғалады.
Сонымен қатар бұдан да қауіпті үрдісті — күн тәртібінің жоғарыдан қалыптасуын байқауға болады. Ғылыми қоғамдастыққа талқылау, пікір таластыру немесе іздену емес, алдын ала айқындалған бағыттарға: жасанды интеллект, криптография, цифрлық егіздер және т.б. салаларға «бейімделу» ұсынылады. Бірақ ғылым нұсқау бойынша дамымайды. Ол еркіндік, бәсекелестік пен сын арқылы ғана өрістейді.
Ғылыми қоғамдастық мұндай сигналдарға тиісті деңгейде жауап беруі керек деп есептеймін. Әйтпесе, бұл — ғылымның ашылулар емес, популизм маңызды болатын еліктеуші институтқа түпкілікті айналу жолы.
Менің ойымша, бүгінгі таңда мынадай шаралар қажет:
- Ғылыми және әкімшілік күн тәртібін бір-бірінен анық ажырату;
- Ғылымды бағалаудағы сандық көрсеткіштерге табынушылықтан бас тарту;
- Шынайы базасы жоқ «сәнді бағыттарды» күштеп таңу тәжірибесін тоқтату;
- Ғылым мен экономиканы интеграциялау бойынша нақты шаралар қабылдау;
- Қолданбалы зерттеулердің маңызын төмендетпей, іргелі зерттеулердің басымдығын қалпына келтіру;
- Декларативті емес, шынайы академиялық еркіндікті қамтамасыз ету.
Ғылымның басты өлшемі — оның қоғам мен өндіріске тигізетін шынайы ықпалы. Бізге жай ғана қатысушы емес, көшбасшы болу қажет. Халықаралық деңгейде біреудің айтқанына көніп, айдауына жүру емес, өз бетімізше ғылыми күн тәртібін бекітуге қауқарлы болуымыз шарт. Өкінішке қарай, дәл осы мәселеде еліміз әлі де кенжелеп келеді.
Егер бұл олқылықтардың орнын толтырмасақ, Қазақстан төл ғылыми мектептерінен біржола айырылып, өзге елдердің білімі мен технологиясына тәуелді «тұтынушы» күйінде қала бермек. Ғылымға асқақ ұрандар мен жаттанды сөздер емес, бүгінде тапшы болып отырған шынайылық, тереңдік және байыптылық қажет.
Қандай өзгерістер қажет
Бүгінгі таңда ғылым саласындағы реформалар төңірегінде ашық әрі шынайы диалог қажет. Ең қауіпті қателік — артта қалу емес, нақты негіз болмаса да, «біз озып келеміз» деген жалған сенімге бой алдыру. Осыған байланысты, ғылымның тұрақты даму жолына түсуі үшін мынадай басымдықтарды іске асыру маңызды деп есептеймін:
- Ғылымды қаржыландырудағы жеке сектордың рөлін арттыру
- Коммерцияландыру тетіктерін оңтайландыру
- Іргелі зерттеулерге шынайы қолдау көрсету
- Ғылыми қызметті бағалау жүйесін жетілдіру
- Академиялық еркіндік пен идеялар бәсекелестігін қамтамасыз ету
Тек тұтас ғылыми экожүйе қалыптасқанда ғана ел дамуына ғылымның қосатын үлесі артып, ұзақ мерзімді нәтижеге қол жеткізуге болады. Ғылымның ұрандармен немесе мерекелік шаралармен дамымайтынын терең түсінуіміз қажет. Ғылым — шынайы бағалаудың, қателіктерді мойындап, оларды дер кезінде түзете білудің нәтижесінде ғана өрістейді.
Мемлекеттік қызметші математик, инженер немесе биолог болуға міндетті емес. Оның міндеті — ғылымды түсіндіру емес, оның дамуына қолайлы жағдай жасау. Сондықтан бюрократиялық аппараттың жұмысы «кәсіби қоғамдастықты қолдау және солардың сараптамасына сүйену» қағидасына негізделуі тиіс. Шенеунік ғылымның болашағын белгілеумен айналыспай, ғылыми ортаның ел экономикасын өркендетуге, халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын арттыруға қосатын үлесіне сенім артып, соған арқа сүйеуі керек.
Кәсіби деңгейі жоғары, кемел мемлекеттік басқарудың басты белгісі де осы деп білемін.
ҚР Парламенті Сенаты жанындағы
Сенаторлар кеңесінің мүшесі, ф.-м.ғ.к., доцент,
ҚР ҰИА және Халықаралық ақпараттандыру
академиясының академигі
Еділ Мамытбеков




