Евразия24ЖаңалықтарТоқаев Xinjiang Lihua басшысын Қазақстанның АӨК дамытуға қосқан үлесі үшін ІІ дәрежелі...

Тоқаев Xinjiang Lihua басшысын Қазақстанның АӨК дамытуға қосқан үлесі үшін ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады

|

|

Астана. 5 мамыр. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Xinjiang Lihua компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Чжан Цихаймен мақта кластерін құру мәселелерін талқылады. Кездесу барысында Мемлекет басшысы оны республиканың агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Бұл туралы сейсенбі күні Президенттің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз релизіндегі мәліметке сәйкес, толық өндірістік циклі бар тік интеграцияланған мақта-тоқыма кластерін құру жобасының бірінші кезеңінде Xinjiang Lihua компаниясының инвестиция көлемі шамамен 360 млн долларды құрайды. Сондай-ақ 4 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Президентке бұл жоба импортқа тәуелділікті айтарлықтай төмендетуге және ішкі нарықты бәсекеге қабілетті отандық өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні баяндалды.

Xinjiang Lihua жетекшісі Қ. Тоқаевқа бірқатар нысандардың, соның ішінде екі мақта өңдеу зауытының іске қосылғанын жеткізді. Таяу жылдары тоқылмаған материалдар, үй тоқымасы және киім-кешек шығаратын нысандарды іске қосу көзделіп отыр. Жобаны жүзеге асыру инновациялық цифрлық технологиялар мен тамшылатып суару әдісін қолдану арқылы мақта егістігі алқаптарын 52 мың гектарға дейін кеңейтуге жол ашады.

Қазақстан Президенті бұл кластердің еліміздің оңтүстік өңіріндегі агроөнеркәсіп кешені мен жеңіл өнеркәсіпті дамыту үшін маңыздылығын атап өтті. Оның пікірінше, жергілікті білікті кадрларды даярлау компания қызметінің басым бағыттарының бірі болуға тиіс. Бұдан бөлек, Тоқаев мақта шаруашылығының ресурс қажылылығын ескере отырып, су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану қажеттігіне назар аударды, сондай-ақ «ақылды» цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні енгізуді қолдады.

2025 жылдың соңында хабарланғандай, Xinjiang Lihua өндірістік бағдарламаны кеңейтуге және қуаттылықтарды арттыруға байланысты Түркістан облысындағы мақта-тоқыма кластерін құру жобасына салынатын инвестиция көлемін 450 млн доллардан 600 млн долларға дейін ұлғайту туралы шешім қабылдаған болатын. Жоба мақта өсіру мен оны алғашқы өңдеуден бастап, иірілген жіп, тоқыма бұйымдарын, тамшылатып суару жүйелері мен ілеспе материалдар шығаруға дейінгі 10-ға жуық өндірістік нысанды қамтитын толық циклді құруды қарастырады.

Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша, отандық мақта шаруашылығының орталығы саналатын Түркістан облысында мақта егістігі жалпы алқаптың 15,9%-ын алып жатыр. 2025 жылы бұл дақыл 144,5 мың гектарға егілсе, оның 50 мың гектарында тамшылатып суару әдісі қолданылған.

2025 жылы орташа өнімділік гектарына 29,6 центнерді құрап, 428 мың тонна шиті мақта жиналды. Бұл соңғы 18 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Мұндай нәтижеге суды үнемдеуге және өнімділікті арттыруға мүмкіндік беретін технологияларды белсенді енгізу арқасында қол жеткізілді.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Қазақстан екінші АЭС құрылысы жөнінде Қытаймен келіссөз жүргізіп жатыр – Энергетика министрі

Қазақстан Қытайдың ұлттық атом компаниясымен елдегі екінші атом электр станциясын салу жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов хабарлады.

Путин Ресейдің өзге елдермен ынтымақтасуға мүдделі екенін, ешкімге қоқан-лоқы көрсетпейтінін айтты

Ресей президенті Владимир Путиннің айтуынша, Ресей өзге елдерге бұрын да қоқан-лоқы көрсетпеген, қазір де көрсетіп отырған жоқ. Ол елінің басқа мемлекеттермен ынтымақ орнатуға мүдделі екенін айтты.

Литва мен Германия қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді

Литва қорғаныс министрі Робертас Каунас пен Германия қорғаныс министрі Борис Писториус Берлинде қорғаныс саласындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы декларацияға қол қойды. Бұл туралы сәрсенбі күні Литва Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

АҚШ-тағы сайлау нәтижесі Вашингтон мен Брюссельдің қарым-қатынасын өзгерте ме?

АҚШ-тағы аралық сайлауда Республикалық партияның жеңілуі Вашингтон мен Еуроодақ арасындағы қатынас өздігінен жақсарады деген сөз емес. Бұл туралы сәрсенбі күні Bloomberg агенттігі дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.