Қазақстанда «өнеркәсіптік тәуелділікке» ұшыраған тұрақты әлеуметтік топ қалыптасты — бүгінде 1,6 миллионнан астам адам күн сайын жұмыс барысында қауіпті жағдайлармен бетпе-бет келеді. Бұл көрсеткіш 2023 жылы қабылданған Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы мен бейінді ведомстволардың бақылау жүйесін цифрландыру туралы есептеріне қарамастан төмендемей отыр. Кәсіпорындардың зиянды еңбек жағдайлары үшін жұмсайтын шығыны 518 миллиард теңгеден асты. Алайда бұл қаражат өндірісті жаңғыртуға емес, негізінен жұмысшылардың денсаулығына төнетін қауіп үшін төленетін өтемақыларды индекстеуге бағытталып отыр. Әлемдік деңгейде адам факторын қажет етпейтін технологияларға көшу үрдісі байқалса, отандық өнеркәсіп саласы әлі де денсаулыққа келетін зиянды қосымша демалыс күндері мен жеңілдіктер арқылы өтеу тәжірибесінен арыла алмай келеді.
ӨНДІРІСТЕГІ ТОҚЫРАУ
Соңғы жылдардағы динамикаға жасалған талдау қайшылықты жағдайды көрсетіп отыр. Ұлттық статистика бюросының деректеріне негізделген Ranking.kz талдамасына сәйкес, 2025 жылы зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтіндердің нақты саны 1,64 млн адамды құрады. Бұл көрсеткіш жылдар бойы 1,6–1,7 млн адам аралығындағы тар дәлізде сақталып, іс жүзінде өзгеріссіз қалуда. Бұл жағдай жарияланған техникалық қайта жарақтандыру мен заманауи технологияларды енгізу шараларының іс жүзінде адамдарды қауіпті аймақтардан шығаруға әкелмейтінін айқын аңғартады.
Мәселенің қаржылық жағына сыни тұрғыдан қарасақ, айтарлықтай алаңдатарлық үрдіс байқалады: қолайсыз жағдайларда жұмыс істейтін қызметкерлер үшін кәсіпорындардың шығыны 2025 жылы 19,2%-ға өсіп, 518 млрд теңгеге жетті. Бұл өсім қамқорлықтың белгісі емес, керісінше, автоматтандыру үдерісіндегі ілгерілеудің жоқтығын білдіреді. Жұмыс берушілер өндірістегі зиянды факторларды – газдану, шу және діріл деңгейін жоюдың орнына, олардың зардаптарын өтеуге барған сайын көп қаражат жұмсауға мәжбүр. Бұл жағдай кәсіпорындардың басымдығы технологиялық жаңғыртуға емес, қалыптасқан жағдайдың салдарымен күресуге бағытталғанын көрсетеді.
Зиянды еңбектің негізгі «демеушісі» — барлық шығындардың 67%-ын немесе 347,2 млрд теңгесін қамтамасыз етіп отырған өнеркәсіп саласы.
Ranking.kz мәліметтеріне сәйкес: «Өткен жылы өнеркәсіптік компаниялар осы мақсаттарға (еңбек жағдайларының зияндылығы үшін қосымша төлемдерге — ред.) 347,2 млрд теңге жұмсады, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 17,4%-ға артық.
Өнеркәсіптің екі ірі және кіші санаты — тау-кен өндіру мен өңдеу секторлары өсімнің ұқсас қарқынын көрсетті. Шығындар көлемі бойынша келесі орындарда логистика (58,7 млрд теңге), сондай-ақ денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау салалары (57,4 млрд теңге) тұр. Жұмыс берушілердің зиянды және қолайсыз жағдайлардағы еңбек үшін жұмсайтын барлық шығындарының үштен екісі әлеуметтік кепілдіктер беруге тиесілі. Өткен жылы бұл шығыстар 341,9 млрд теңгені құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 44,5 млрд теңгеге немесе 15%-ға өсті».
Іс жүзінде бизнес өкілдері үшін ескірген жабдықтарды ауыстырудан гөрі, адамдардың өз денсаулығын қатерге тігуін ақшалай өтеу әлдеқайда арзанға түсіп отыр.
2030 ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ ЖӘНЕ ШЫНАЙЫ АХУАЛ
2023 жылы қауіп-қатерге бағдарланған тәсілді енгізуді және өндірістік жарақаттануды азайтуды көздейтін «2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы» таныстырылды. Алайда 2026 жылға қарай оның көптеген ережелері қорғаудың нақты құралынан гөрі, бюрократияның кезекті көрінісіне ұқсайды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ақпараттық жүйелердің іске қосылғаны туралы белсенді есеп беруде: «еңбек тәуекелдерінің картасы», электронды ұжымдық шарттар, Қаржы министрлігінің деректер базасымен интеграциялау бойынша пилоттық жобалар жүзеге асырылуда. Цифрлық бақылаудың маңыздылығы даусыз, бірақ ол тек қалыптасқан мәселені тіркеумен ғана шектеліп отыр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев «арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің үздіксіздігіне» баса назар аударуда. Алайда, біздің пайымдауымызша, әлеуметтік қызметтер — бұл профилактикалық шара емес, тек орын алып қойған зиянды салдарға көрсетілетін реакция ғана.
Тұжырымдамада жұмыс орындарын тәуекел дәрежесі бойынша саралау мәселесіне ерекше көңіл бөлінген болатын. Бірақ 2025 жылғы статистика терең қайшылықтарды ашып берді: зиянды жағдайларда жұмыс істейтіндердің тек 41,5%-ы ғана қандай да бір материалдық өтемақы алады. Ал 1,64 миллион адамның ішінде мемлекеттік арнайы жәрдемақы алуға небәрі 9,8 мың адамның ғана құқығы бар. Ресми мәлімдемелер мен шынайы өмір арасындағы бұл алшақтық азаматтардың субъективті қабылдауымен де расталып отыр.
«2025 жылдың қорытындысы бойынша зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген 6289 азаматқа арнаулы әлеуметтік төлем тағайындалды. Төлем алу үшін барлығы 6675 адам өтініш білдірді», — деп хабарлады Еңбек министрлігі 2026 жылдың қаңтарында.
Көріп отырғанымыздай, өтініш бергендердің барлығына бірдей зиянды еңбек зардаптары үшін әлеуметтік қолдау бұйырмаған. Мемлекет кейбір азаматтардың өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан, алайда ведомство мұның себептері туралы толық мәлімет бермейді.
Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, көптеген қазақстандықтар «жоғары психоэмоциялық жүктемені» және «жарықтың жеткіліксіздігін» зиянды факторларға жатқызады, бірақ бұл жағдайлар ресми түрде қолайсыз еңбек жағдайлары болып есептелмейді. Бұл нақты қауіп-қатерлердің есепке алынбай қалуына әкеп соғады, ал ресми бақылау жүйесі тек ондаған жылдар бойы зиянды және қауіпті деп танылған ескірген өлшемшарттарды ғана көреді.
ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕ ЖӘНЕ «ТӘУЕКЕЛ ТҰЗАҒЫ»
Экономикалық белсенді халықтың жалпы санынан 1,6 миллион адамды бөліп қарасақ, бұл 16%-дан астам көрсеткішті құрайды. Яғни, әрбір алтыншы қазақстандық қауіпті жағдайда еңбек етіп, нәпақа тауып жүр. Елдің әлемдегі ең дамыған 30 экономиканың қатарына қосылуға ұмтылысын ескерсек, мұндай статистиканың қалыптан тыс екені анық.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше дамыған елдерде басымдық зиянды өтеуге емес, өнеркәсіптік робот техникасы мен заттар интернеті (IIoT) арқылы оны толық жоюға (Elimination) бағытталған. Ал Қазақстанда психологиялық және экономикалық инерция байқалады. Қызметкерлердің тек 1,2%-ы ғана зиянды еңбек жағдайларына байланысты жұмыс орнын ауыстыруға ниет білдірген. Бұл жұмыс берушіге деген адалдықтың белгісі емес, керісінше, еңбек нарығындағы сұраныстың шектеулілігі мен ұқсас жалақысы бар бос жұмыс орындарының тапшылығынан туындаған шарасыздықтың нәтижесі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау экс-министрі Светлана Жақыпова 2025 жылғы мамырда ведомствоның төлем алушылар аясын кеңейту және жазатайым оқиғалар кезінде қызметкердің кінәсін есепке алуды алып тастау бағытында жұмыс істеп жатқанын мәлімдеген болатын.
Бұл қадамдар ізгілікке негізделгенімен, қалыптасқан жағдайды (статус-кво) өзгертпейді: жұмыс берушіге цехтарды терең реновациялаудан гөрі, сақтандыру сыйлықақыларын төлеу және жеке қорғаныс құралдарын сатып алу (бұған 86,7 млрд теңге жұмсалды) әлдеқайда тиімді. Жұмысшыға жоғары жалақы алу және төлемдерге ерте шығу (міндетті зейнетақы жарналары бойынша өтілі болса, 55 жастан бастап) үшін шу мен шаңға «төзу» пайдалырақ. Ал мемлекетке бизнесті адамның қатысуынсыз жұмыс істейтін технологияларды жаппай енгізуге ынталандырудан гөрі, мониторинг жүйесін цифрландыру оңайырақ болып тұр.
Тұжырымдама 2030 жылға қарай жарақаттану коэффицентін 0,30-ға дейін төмендетуді мақсат етіп отыр. Алайда, технологиялық құрылымды түбегейлі өзгертпейінше, бұл көрсеткіштерге тек тәртіпті күшейту арқылы «қағаз жүзінде» ғана қол жеткізілуі мүмкін. Ал іс жүзінде миллиондаған адам бұрынғыша газбен тыныстап, жоғары діріл жағдайында жұмыс істей бермек.
Қазіргі қолданыстағы қауіпсіз еңбек құжаты сияқты тағы бес тұжырымдама қабылдауға болады, бірақ нақты орындалатын бір ғана құжатпен шектелуге де болар еді. Әйтпесе, экономикалық белсенді қазақстандықтар жұмыс орнында жүріп жасы келмей жатып қарттарға айналып, зейнетке ерте шыққанымен, адам баласы үшін ең құнды байлық — денсаулығынан айырыла береді. Зиянды еңбек жағдайлары Денсаулық сақтау министрлігінің әлеуетті «пациенттерінің» санын арттыратыны даусыз. Қауіпті жұмыс көлемін азайту бойынша нақты іс-қимылдар жасамай тұрып, «саламатты ұлт» қалыптастыруға ұмтылу — басынан-ақ жүзеге асуы екіталай жоспар.
Өкінішке қарай, мақаланы мұңды деректермен аяқтауға тура келеді. Сәуір айының соңында Еңбек министрлігі өндірістік жарақаттанудың 8,3%-ға төмендегені туралы жаңа статистиканы жариялады.
Еңбек министрлігіне сілтеме жасаған соңғы жарияланымдардың бірінде : «Ведомство елде еңбек қауіпсіздігін арттыру және жұмысшылардың құқықтарын қорғау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оң динамикаға қарамастан, мәселе әлі де өзекті болып отыр. Жыл сайын кәсіпорындарда мыңнан астам жазатайым оқиға орын алып, оның 200-ге жуығы адам өлімімен аяқталады», — делінген.




