Евразия24ЖаңалықтарҚазақстан Парламенті Құрылтай туралы конституциялық заңды қабылдады

Қазақстан Парламенті Құрылтай туралы конституциялық заңды қабылдады

|

|

Астана. 20 мамыр. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН — Қазақстан Парламенті Мәжілісі мен Сенатының сәрсенбі күнгі бірлескен отырысында депутаттар «Құрылтай (бірпалаталы парламент) және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заңды екінші оқылымда қарап, қабылдады.

Құжат 15 наурызда өткен референдумда қабылданып, үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енетін жаңа Конституция нормаларын іске асыру мақсатында Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленді.

Заңның басты мақсаты — бірпалаталы Құрылтайдың конституциялық-құқықтық негіздерін бекіту болып табылады.

Құжатқа сәйкес, Құрылтай 145 депутаттан тұрады, ал олардың өкілеттік мерзімі 5 жылды құрамақ.

Заңмен Құрылтайдың заңдар қабылдауды және парламенттік бақылау тетіктерін жүзеге асыруды қамтитын құзыреттері белгіленді. Сондай-ақ Құрылтай қызметінің ұйымдық формалары (сессиялар, отырыстар, тыңдаулар, үкімет сағаттары), оның органдарының құрылымы (төраға, бюро, комитеттер, комиссиялар) және заң шығару процесін жүргізу тәртібі реттеледі.

Мұнымен қоса, құжат Құрылтайдың Үкіметпен өзара іс-қимыл жасау тәртібін айқындап, депутаттардың мәртебесін, құқықтары мен міндеттерін, соның ішінде депутаттық бірлестіктерді, парламенттік көпшілік пен оппозицияны қалыптастыру мәселелерін, сондай-ақ депутаттық әдеп қағидаларын бекітеді.

Заң бойынша Құрылтай Президентке Вице-президентті, Премьер-министрді, Конституциялық Сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палата мүшелерін қызметке тағайындауға келісім береді.

Заң үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді. Осымен бір уақытта 1995 жылғы 16 қазандағы «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заң өз күшін жояды.

Осы жылдың сәуір айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жаңа бірпалаталы парламентіне сайлау үстіміздегі жылдың тамыз айында өтетінін мәлімдеген болатын.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Ирак өз аумағынан басқа елдерге шабуыл жасауға жол бермейді

Ирак президенті Низар Амиди ел аумағын басқа мемлекеттерге шабуыл жасау үшін пайдалануға билік жол бермейтінін мәлімдеді.

Дунай суы тартылып, Румыния Чернаводэ АЭС-ін сумен қамту үшін шұғыл шараларға кірісті

Қуаңшылық салдарынан Дунайдағы су деңгейі рекордтық көрсеткішке дейін төмендеген. Осыған байланысты Румыния билігі Чернаводэ атом электр станциясының салқындату жүйесіне қажетті су көлемін қамтамасыз ету үшін қосымша шұғыл шаралар қабылдап жатыр, деп хабарлайды Bloomberg.

АҚШ пен Канада сауда жөнінде келісе алмады, канадалық бірқатар тауарға 50% баж салынады

АҚШ пен Канада жұма күнінің соңына дейін жаңа сауда шарттары бойынша ортақ мәмілеге келе алмады. Осыған байланысты сенбіден бастап Канаданың бірқатар тауарына, соның ішінде сыра мен ірімшікке АҚШ-тың 50 пайыздық баж салығы күшіне енеді, деп хабарлайды The Washington Post (WP).

S&P Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін «BBB» деңгейіне көтерді

S&P Global Ratings халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін «BBB-» деңгейінен «BBB»-ге көтерді. Болжам – «тұрақты».