Түркістан облысында жауын-шашын көлемін жасанды түрде арттыруға бағытталған ауқымды мемлекеттік жобаның алғашқы тәжірибелік сынақтары күтпеген нәтижеге алып келді. Ресми органдар БАӘ мамандарымен бірлесіп ауа райын түрлендірудің озық технологиялары енгізіліп жатқанын хабарлап жатқан кезде, жергілікті бақша өнімдерін өсірушілер шығын көлемін есептеуде. Жетісай ауданының алқаптарында диқандар жинауға дайындап қойған қауын өнімі шіріп жатыр. Күн көрісі ауыл шаруашылығына тікелей байланысты аймақ үшін бұл технологиялық жетістік әлеуметтік және қаржылық дағдарысқа ұласты. Алайда тараптардың бұған қатысты пікірі екіге жарылып отыр. Диқандардың пікірінше, қолдан ұйымдастырылған ұзаққа созылған нөсер жауын егіс алқаптарын көлге айналдырған. Ал мемлекеттік органдар, керісінше, ғалымдардың тәжірибелері мен бақша дақылдарының жойылуы арасындағы байланысты үзілді-кесілді жоққа шығарады. Ресми тарап фермерлер тап болған бұл төтенше жағдайды бактериялар мен табиғи циклондардың әсерінен көреді.
ЦИФРЛАНДЫРУДЫҢ АЛҒАШҚЫ «ЖЕМІСІ»
Бәрі де 2026 жылдың мамыр айының ортасында басталды. Сол кезде Түркістан облысында жауын-шашынды қолдан шақыру жөніндегі пилоттық жобаға мемлекеттік деңгейде ресми түрде бастау алды. Осылайша, Қазақстан өндірістік ауқымда бұлттарды белсенді түрде пайдалануға бел буған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет екенін ресми түрде жариялады.
Жауапты тұлғалар бұл жоба 911 мың гектардан астам егістік алқабын оңтүстік өңірлерге тән құрғақшылықтан, шөлейттенуден және суармалы су тапшылығынан құтқарады деп уәде берген болатын. Ауқымды жобаның таныстырылымына жоғары лауазымды меймандар – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің басшылығы, БҰҰ Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымының президенті және Біріккен Араб Әмірліктерінің (БАӘ) делегациясы арнайы келді.
«Халықаралық сараптамалық бағалауларға сүйенсек, жауын-шашынды қолдан шақыру технологиясы табиғи деңгеймен салыстырғанда жауын мөлшерін 10-20 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Мұндай әдістер Қытай, АҚШ, БАӘ, Франция және Сауд Арабиясы сияқты елдерде кеңінен қолданылады. Жоба су тапшылығы сезілетін аймақтарда, соның ішінде егістік алқаптарында ғана іске асырылуда. Тәжірибе жасалатын аумақтар ауа райының жағдайы, экологиялық ахуал және суға деген қажеттілік ескеріле отырып, метеорологиялық қызметтер мен салалық мемлекеттік органдардың мамандарымен бірлесіп анықталады. Бұл технологияның ықпал ету аймағы шектеулі, яғни әсер ету радиусы 5 шақырымнан аспайды. Сондықтан ол ауқымды ауа райы құбылыстарының туындауына себеп болмайды. Сынақ жұмыстары барысында жауын-шашынды жасанды жолмен көбейтудің халықаралық тәжірибесінде мақұлданған тұз негізіндегі реагенттер пайдаланылады», — деп көрсетілген Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің ресми мәлімдемесінде.
Мәлімдемедегі реагенттер туралы соңғы сөйлемді есте сақтаңыз. Бұл тақырыпқа әлі қайта ораламыз.
Алайда алқаптағы шынайы жағдай мүлдем басқаша өррбіді: оңтүстік өңірге жерді жібітетін пайдалы жауынның орнына аномальді нөсер құйды.
Бұқаралық ақпарат құралдары Жетісай ауданының фермері Мәлік Шахалиевтің сөзін былай деп келтіреді: «Бұл жаңбыр өте оғаш болды. Ашық аспан тұрып, кенеттен нөсер құя жөнеледі. Бір-екі сағаттың ішінде егістік алқабы көлге айналады да, келесі күні қайтадан күн шығады. Бұдан келіп-кетер еш пайда жоқ… Өнімнің шамамен 80 пайызы жойылды».
Осылайша, өнімнің шығынға ұшырауы шаруашылықтарды банкроттық жағдайға алып келді. Нақтыланған мәліметтер бойынша, қауын өсірумен айналысатын әрбір қожалық кемінде 5 миллион теңге көлемінде айналым қаражатын жұмсаған. Оның үстіне, тауар өндірушілердің басым бөлігі жер телімдерін жалға алу арқылы жұмыс істейді және шығындарын несие қаражаты есебінен өтейді.
Ауыл шаруашылығы өндірушілерінің мәлімдеуінше, өңірде ауа райын реттеу бойынша ауқымды технологиялық сынақтардың жүргізілетіні туралы оларға алдын ала хабарланбаған. Шаруалар егер уақытылы құлағдар етілгенде, егіс науқаны үшін басқа дақылдарды таңдайтындарын алға тартады. Қазіргі уақытта диқандар ғылыми-техникалық жобаның салдарынан жылдық табысынан айырылып, күрделі жағдайға тап болғанын айтып отыр.
ФИТОСАНИТАРИЯ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІҢ РЕСМИ ТҮСІНДІРМЕСІ
Шаруалардың наразылығы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғаннан кейін, Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен «Қазгидромет» РМК ресми мәлімдеме жасады. Аталған ведомстволардың мәлімдеуінше, «Жасанды жаңбыр» жобасы Жетісай ауданындағы су басу жағдайларына еш қатысы жоқ.
Мәселен, метеорологиялық қызмет мамыр айындағы нөсер жауынды «табиғи атмосфералық процестер мен циклонның өтуінің» салдары деп түсіндіреді. Ал Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы қауын өнімінің шіруіне бактериялық аурулар себеп болды деген қорытынды шығарды.
«Уәкілетті мемлекеттік орган нақты фитосанитарлық диагноз қою, ауру қоздырғышын анықтау және тиісті қорытынды дайындау мақсатында жұмыстар жүргізуде. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарымен және салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп, егіс алқаптарының жай-күйін зерделеп, фермерлерге қажетті консультациялық қолдау көрсетуде», – деп мәлімдеді өңірлік ведомствоның баспасөз қызметі қалыптасқан жағдайға байланысты.
Жобаның іске қосылу тарихына үңілсек, ұйымдастыру жұмыстарына қатысты біршама маңызды жайттар назар аудартады. Жобаның таныстырылымына қатысқан және оны жүзеге асыруға тартылған ведомстволардың тізімі ауқымды. Олардың қатарында негізгі куратор ретінде Жасанды интеллект министрлігі, сондай-ақ Су ресурстары, Сыртқы істер, Қорғаныс, Көлік, Төтенше жағдайлар, тіпті Мәдениет және ақпарат министрліктері де бар. Ал климаттың өзгеру салдарымен тікелей бетпе-бет келген Ауыл шаруашылығы министрлігі мен оның жетекшілігіндегі сала өкілдері, яғни фермерлер, бұл тізімнің соңында қалған.
Осылайша, қазіргі жағдай төмендегідей сипатта өрбіп отыр: метеорологтар бұлттардың ылғалдылық көрсеткішін бақылаумен, ал ақпараттық технологиялар мамандары «цифрлық климаттық инфрақұрылымды» қалыптастырумен айналысуда. Тек Ауыл шаруашылығы министрлігі ғана бұл үдеріске тұтас бір ауданның өнімі шығынға ұшырағаннан кейін, оның себептерін түсіндіру кезеңінде ғана тартылып отыр.
ЖАУЫН-ШАШЫНДЫ ҚОЛДАН ШАҚЫРУДЫҢ ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕСІ
Біз жауын-шашынды қолдан шақыру технологиясына қатысты мәліметтерді зерделеп көрдік. Халықаралық тәжірибеде бұл әдіс «cloud seeding» (бұлттарға реагент егу) деген атаумен белгілі. Құрғақ мұз бен күміс иодидін қолдану арқылы жасалған алғашқы сәтті сынақтар өткен ғасырдың 1940-жылдарында АҚШ-та жүргізілген.
Бүгінгі таңда мұндай бағдарламалар әлемнің 50-ден астам елінде, соның ішінде Қытай, АҚШ, Сауд Арабиясы, Франция және, әрине, БАӘ-де тұрақты негізде іске асырылып келеді.
ТАБИҒИ АПАТТАР ЖӘНЕ РЕАГЕНТТЕРДІҢ ҚАУІПСІЗДІГІ
АҚШ пен БАӘ-де орын алған жойқын су тасқындарынан кейін жұртшылық тарапынан жергілікті бұлттарға реагент егу қызметтеріне аномальді нөсер жауынды тудырды деген айыптар тағылды. Ғылыми қауымдастық бұл жағдайлардың арасында тікелей байланыстың жоқтығын алға тартып, аталған технологияның мүмкіндіктері шектеулі екенін және оның аса қуатты дауыл тұрғызуға қауқарсыз екенін дәлелдеуде. Ал сыншылар тұрақсыз атмосфералық үдерістерге араласу табиғи ауа райы циклдерін бұзып, ылғалдың күтпеген бағытта қайта бөлінуіне әкеп соқтыруы мүмкін деген ұстанымды қолдайды.
Бұлттарға реагент егу үшін әдетте құрғақ мұз, тұздар немесе күміс иодиді пайдаланылады. Соңғы аталған заттың қауіптілік деңгейі бар, ол жоғары концентрацияда тыныс алу жолдарының тітіркенуіне және топырақта ұзақ уақыт бойы жиналуына себеп болуы ықтимал.
Дегенмен, стандартты бүрку жұмыстары кезінде химиялық заттардың мөлшері өте аз және адам денсаулығы үшін қауіпсіз болып табылады. Экологтардың негізгі уәждері жасанды жаңбырдың ұзақ мерзімді жинақталу әсерімен байланысты.
Сонымен қатар, қазақстандық жобаның салдарынан Орталық Азия өңірінде халықаралық деңгейдегі келіспеушіліктер туындау қаупі бар. Бұлттарға реагент егу технологиясы белсенді қолданылатын аймақтарда «жаңбыр ұрлау» мәселесіне қатысты даулар жиі орын алады. Мәселен, Иран мемлекеті бұл тұрғыда мерзімді түрде Израиль мен Түркия тарапына айып тағып келеді.
Осыған байланысты, қазақстандық жобаның іске қосылуына атсалысқан Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым ауа райын өзгертуге бағытталған бағдарламаларды көршілес мемлекеттермен алдын ала келісуді ертеден бері ұсынып келеді. Алайда, ағын су тапшылығынан тек қазақстандық қана емес, сонымен бірге қырғыз және өзбек шаруаларының да бірдей зардап шегіп отырғаны белгілі.
ЖАСАНДЫ СУЛАНДЫРУДЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ САЛДАРЫ
Қазақстанның ресми мәлімдемесіне сәйкес, Түркістан облысында жасанды жаңбыр жауғызу жобасынан күтілетін жылдық экономикалық тиімділік 35 миллиард теңгені құрайды. Барлық жұмыстар мемлекеттік бюджет шығынысыз, толықтай БАӘ қаражаты есебінен жүргізіліп жатқандықтан, бұл көрсеткіш айтарлықтай жоғары әрі тиімді болып көрінуі мүмкін.
Алайда әлемдік тәжірибе бұлттарға реагент егудің нақты экономикалық тиімділігін айқындау үшін тек тікелей ұшу шығындарын ғана емес, ықтимал теріс салдарлардың да болжамын есепке алуды талап етеді. Мұндай тәуекелдерді реттеуде сақтандыру жүйесі маңызды рөл атқаруы тиіс. Қазіргі таңда Түркістан облысы Жетісай ауданының шаруалары тікелей немесе жанама сипаттағы нақты шығындарға ұшырап отыр. Бұл жағдайдың соңы алдағы уақытта бірқатар қожалықтардың банкроттығына әкеп соқтыруы ықтимал.
Қорыта айтқанда, құрғақшылық аймақтардағы суармалы су мәселесін шешу жобаның таныстырылымында айтылғандай қарапайым әрі арзан болса, Африка мен Австралияның су тапшылығынан зардап шегетін аумақтары әлдеқашан жасыл желекке айналар еді. Іс жүзінде, жүйелі әрі ұзаққа созылатын құрғақшылық жағдайында (мұндай құбылыстар Қазақстанда да жиі орын алады) бұлттарға реагент егу технологиясы тиімсіз болып шығады. Себебі құрғақ әрі ылғалдылығы төмен ауа массаларынан физикалық тұрғыда жауын-шашын алу мүмкін емес.
Осы орайда, Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан жасанды жаңбыр шақыру жобасы суландыру мәселесін шешетін негізгі тетік ретінде қабылданбауы қажет. Сондай-ақ уәкілетті органдардың алдағы жоспарларында су қоймалары мен су шаруашылығы құрылыстарын салу және жаңғырту жөніндегі ауқымды жобаларды кейінге қалдыру немесе олардан толықтай бас тарту секілді шешімдер қарастырылмайды деп үміттенеміз.




