Евразия24ЖаңалықтарҚазақстан Мәжілісі рақымшылық жасау туралы заңды қабылдады

Қазақстан Мәжілісі рақымшылық жасау туралы заңды қабылдады

|

|

*** Қылмыстық рақымшылық 15 мыңнан астам сотталған адамға қатысты қолданылады

*** Қазақстан тарихында алғаш рет қылмыстық рақымшылықпен қатар әкімшілік рақымшылық та жүргізіледі

Астана. 3 маусым. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Парламенті Мәжілісі сәрсенбі күні өткен жалпы отырыста «Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңды екі оқылымда қарап, қабылдады.

«Мемлекет басшысы ағымдағы жылдың 17 наурызында жаңа Конституцияның қабылдануына орай кешенді қылмыстық және әкімшілік рақымшылық жүргізілетінін жариялаған болатын. Көптеген елдердің тәжірибесінде маңызды тарихи даталарға орай рақымшылық туралы заңдар қабылданады. Осыған байланысты біз Үкіметпен бірлесіп рақымшылық жасау туралы заң жобасын әзірледік», – деді отырыста Мәжіліс депутаты Абзал Құспан.

Ол алдағы рақымшылықтың бұрынғы науқандардан ерекшелігі – алғаш рет қылмыстық рақымшылықпен қатар әкімшілік рақымшылықтың да қатар жүргізілетінінде екенін атап өтті.

«Осы заң күшіне енгенге дейін жасалған қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес қылмыстар, сондай-ақ залал келтірмеген немесе келтірілген залалды толық өтеген орташа ауырлықтағы қылмыстар бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылып жатқан адамдарға қатысты, оның ішінде соттардың қарауындағы істер бойынша да қылмыстық істерді тоқтату ұсынылады», – деді депутат.

Заң аясында азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін құқық бұзушылықтар жасаған адамдарды, атап айтқанда қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар жасағандарды, сондай-ақ залал келтірмеген немесе оны толық өтеген орташа ауырлықтағы қылмыстар үшін сотталғандарды жазадан босату көзделген.

Сонымен қатар орташа ауырлықтағы қылмыстар үшін сотталғандардың өтелмеген жаза мерзімін екі есеге қысқарту, сондай-ақ ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша жазаның өтелмеген бөлігін азайту қарастырылған.

Бұл ретте рақымшылық аса қауіпті қылмыстар жасаған адамдарға қолданылмайды. Олардың қатарында сыбайлас жемқорлық, терроризм және экстремизм қылмыстары, кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстар, азаптау фактілері, қылмыстың қайталануы, қоғамдық қауіптілігі жоғары құқық бұзушылықтар, жақында қылмыстық жауаптылық енгізілген әрекеттер және сырттай сотталған адамдар бар.

Ішкі істер министрлігінің алдын ала есебі бойынша, биылғы қылмыстық рақымшылыққа 15 мыңнан астам сотталған адам ілігеді. Олардың 5 мыңнан астамы бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатыр, ал 10 мыңнан астамы пробация қызметтерінің есебінде тұр.

«Әкімшілік рақымшылық шеңберінде Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын жеке тұлғаларға, жеке кәсіпкерлер санатындағы кәсіпкерлік субъектілеріне, жеке нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, адвокаттар мен заң консультанттарына салынған әкімшілік айыппұл түріндегі әкімшілік жазадан толық босату ұсынылады», – деді А. Құспан.

Өз кезегінде Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов ішкі істер органдарының деректері бойынша әкімшілік рақымшылыққа 500 мыңнан астам адамның ілігетінін хабарлады. Оның айтуынша, жалпы сомасы 17 млрд теңгеден асатын 1 миллионнан астам айыппұл есептен шығарылуы мүмкін.

«Әкімшілік рақымшылық заңсыз есірткі және қару айналымына байланысты құқық бұзушылықтарға, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу жағдайларына, сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін әрекеттерге қолданылмайды», – деп нақтылады ол.

Ал Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің төрағасы Сәбит Нұрлыбай жалпы сомасы 21 млрд 182 млн теңгені құрайтын 1 млн 471 мың әкімшілік құқық бұзушылық туралы сөз болып отырғанын мәлімдеді.

«Мемлекеттік кірістер органдары бойынша 446 млн теңге сомасына 4 мыңнан астам құқық бұзушылық, әділет органдары бойынша 16 млн теңге сомасына 561 құқық бұзушылық, ал басқа мемлекеттік органдар бойынша 500 млн теңгеден астам сомаға шамамен 3 мың құқық бұзушылық тіркелген», – деді ол.

Мәжіліс сондай-ақ «Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты рақымшылық жасау мәселелері бойынша “Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы” заңға толықтыру енгізу туралы» және «Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты рақымшылық жасау мәселелері бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заңдарды да қабылдады.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Парламентке азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қауіп төндірмеген бірқатар қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша рақымшылық жасау туралы заң қабылдауды тапсырған болатын.

Әкімшілік рақымшылық Қазақстан тарихында алғаш рет өткізілмек.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Қазақстан екінші АЭС құрылысы жөнінде Қытаймен келіссөз жүргізіп жатыр – Энергетика министрі

Қазақстан Қытайдың ұлттық атом компаниясымен елдегі екінші атом электр станциясын салу жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов хабарлады.

Путин Ресейдің өзге елдермен ынтымақтасуға мүдделі екенін, ешкімге қоқан-лоқы көрсетпейтінін айтты

Ресей президенті Владимир Путиннің айтуынша, Ресей өзге елдерге бұрын да қоқан-лоқы көрсетпеген, қазір де көрсетіп отырған жоқ. Ол елінің басқа мемлекеттермен ынтымақ орнатуға мүдделі екенін айтты.

Литва мен Германия қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді

Литва қорғаныс министрі Робертас Каунас пен Германия қорғаныс министрі Борис Писториус Берлинде қорғаныс саласындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы декларацияға қол қойды. Бұл туралы сәрсенбі күні Литва Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

АҚШ-тағы сайлау нәтижесі Вашингтон мен Брюссельдің қарым-қатынасын өзгерте ме?

АҚШ-тағы аралық сайлауда Республикалық партияның жеңілуі Вашингтон мен Еуроодақ арасындағы қатынас өздігінен жақсарады деген сөз емес. Бұл туралы сәрсенбі күні Bloomberg агенттігі дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.