«Жоғары экономика мектебі» Ұлттық зерттеу университеті Әлемдік экономика және әлемдік саясат факультеті ғылыми-оқу тобының (ҒОТ) «Ресейдің басымдық берілген елдермен ғылыми-технологиялық ынтымақтастығы» атты ғылыми семинарының қорытындысы бойынша талдамалық шолу.
БРИКС Пэй (BRICS Pay) төлем жүйесінің құрылу феномені санкциялық қысымның күшеюіне, халықаралық төлем инфрақұрылымының бөлшектелуіне және «Жаһандық Оңтүстік» елдерінің қаржылық егемендікті қамтамасыз етуге ұмтылысына байланысты жаһандық қаржылық қатынастар жүйесіндегі құрылымдық өзгерістерге берілген көпөлшемді жауап болып табылады. Батыс юрисдикцияларының бақылауындағы трансшекаралық есеп айырысудың дәстүрлі тетіктері (Visa, MasterCard, Eurocard) геосаяси мәжбүрлеу құралы ретінде пайдаланылып отырған жағдайда, баламалы төлем экожүйесін қалыптастыру жөніндегі бастама қатысушы мемлекеттердің экономикалық қауіпсіздігі үшін ғана емес, сонымен бірге көпполярлы әлемдік құрылымның жаңа үлгісін құру үшін де стратегиялық маңызға ие болады.

Тұжырымдамалық тұрғыдан БРИКС Пэй қазіргі халықаралық төлем жүйелерін тікелей алмастырушы ретінде емес, БРИКС+ елдері мен жаңа серіктес мемлекеттердегі тұтынушылар мен бизнес үшін қауіпсіз әрі тиімді трансшекаралық транзакцияларды қамтамасыз етуге бағытталған толықтырушы инфрақұрылым ретінде айқындалады. Жобаның басты ерекшелігі — оның орталықсыздандырылған құрылымында. Бұл әрбір қатысушы елдің өз ұлттық процессингтік орталығын сақтайтынын білдіреді (мысалы, Ресейдің «Мир» ұлттық төлем жүйесінің операторы — Ресей Банкіне толықтай бағынышты «Ұлттық төлем карталары жүйесі» АҚ (ҰТКЖ)). Бұл орталықтар жойылмайды және бірыңғай «бас» торапқа бағынбайды. Мұндай тәсіл жүйенің істен шығу қаупін (іркіліс нүктелерін) барынша азайтуға мүмкіндік береді және оның әрбір юрисдикцияның реттеушілік ерекшеліктеріне бейімделуін қамтамасыз етеді.
Айта кету керек, BRICS Pay халықаралық төлем жүйесі халықаралық төлемдердің жаңа жаһандық жүйесін (NIPS – New International Payment System) қалыптастыру жолындағы алғашқы кезең болып табылады. Бұл жобаның ұзақ мерзімді сипатқа ие екенін және оның ауқымды мақсаты тек санкциялық шектеулерді айналып өтуге арналған техникалық шешім әзірлеумен шектелмейтінін көрсетеді. Жоба өзара құрмет, ішкі істерге араласпау және тең құқықты әріптестік қағидаттарына негізделген халықаралық қаржылық өзара іс-қимыл тетіктерін түбегейлі жаңғыртуды көздейді.
Ұсынылған жобалық құжаттаманы талдау BRICS Pay жүйесінің құрылымы негізінде жатқан бірқатар іргелі қағидаттарды айқындауға мүмкіндік береді. Біріншіден, жүйе QR-кодтармен жұмыс істеуге бейімделген ISO8583 стандарты негізіндегі ашық әрі стандартталған хабарлама алмасу хаттамасына сүйенеді. Бұл қолданыстағы ұлттық төлем шешімдерімен үйлесімділікті қамтамасыз етеді. Екіншіден, финтех-компанияларға арналған API-шлюздер мен SDK-ларды (бағдарламалық әзірлеу жиынтықтарын) қамтитын модульдік құрылым қарастырылған. Бұл экожүйенің инновациялық дамуына және жеке әзірлеушілерді тартуға қолайлы жағдай жасайды. Жобада қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылған. Заманауи шифрлау технологияларын, алаяқтық әрекеттерді анықтау жүйелерін енгізу және деректерді қорғаудың халықаралық стандарттарына (PCI-DSS) сәйкестікті қамтамасыз ету пайдаланушылар мен қаржы институттарының сенімін нығайтуға бағытталған. Сонымен қатар, бұл жүйелік құрылым мобильді қосымшаларға қатысты икемді тәсілді көздейді: әрбір қатысушы мемлекет өз қосымшасын пайдалана алады немесе серіктес ұсынған шешімді интеграциялай алады. Бұл ретте QR-кодтарды кросс-платформалық сканерлеуді қолдау және транзакцияларды тиісті ұлттық хаб арқылы бағыттау міндетті талап болып табылады.
BRICS Pay жүйесіндегі төлем транзакциясын жүзеге асыру тәртібі өзара іс-қимылдың күрделі, алайда логикалық тұрғыдан мұқият әзірленген алгоритмін көрсетеді. БРИКС елдерінің бірінің азаматы басқа қатысушы мемлекеттің аумағында сатып алу жасаған жағдайда келесі кезеңдер жүзеге асырылады: (1) тауар немесе қызмет үшін QR-код қалыптастырылады; (2) клиент мобильді қосымша арқылы QR-кодты сканерлейді; (3) тиісті деректер ұлттық процессингтік орталыққа жіберіледі; (4) қаражат жаңа есептік бірлікке (NUA) айырбасталып, есептен шығару туралы хабарлама жолданады; (5) деректер хостаралық байланыс арнасы (NIPS H2H) арқылы төлем жүзеге асырылатын елдің процессингтік орталығына жеткізіледі; (6) NUA-дан ұлттық валютаға кері айырбастау жүргізіліп, қаражаттың есепке алынғаны туралы растау жіберіледі; (7) тауар немесе қызмет тұтынушыға беріледі; (8) эмитент-банк пен эквайер-банк арасындағы өзара есеп айырысулар аяқталып, қаражат сауда нүктесінің шотына түпкілікті аударылады. Аталған тетік қаржы ағындарының әр кезеңінде ашықтықты, қадағалануын және ұлттық деңгейдегі егемен бақылауды қамтамасыз етеді.
BRICS Pay жобасының ең маңызды жаңалықтарының бірі – қатысушы елдердің АҚШ долларына және өзге де резервтік валюталарға тәуелділігін азайту мақсатында жаңа есептік бірлікті енгізу туралы ұсыныс. Бұл валюталар кей жағдайда жекелеген елдердің саяси немесе экономикалық ықпалына ұшырауы мүмкін. NUA есептік бірлігінің негізі ретінде Халықаралық валюта қорының арнайы қарыз алу құқықтары (SDR) себетінің жаңартылған үлгісін пайдалану ұсынылады. Бұл модельге қосымша тұрақтандырушы элемент ретінде алтын енгізіледі. Ұсынылған нұсқа бойынша NUA себеті 50 пайыз алтыннан және 50 пайыз SDR құрамындағы валюталардан тұрады.
Оның ішінде АҚШ долларының үлесі – 20,87%, еуро – 15,47%, фунт стерлинг – 4,05%, Қытай юані – 5,46%, ал жапон иенасы – 4,17%. Жүйеде айырбас бағамы нақты уақыт режимінде есептеледі. Бұл есеп айырысулардың тұрақтылығы мен болжамдылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, SDR бағамын негізге алу ХВҚ валюталарына тәуелділікті білдірмейді. Себет құрамындағы алтын үлесі валюталардың бағамына ықтимал сыртқы әсерлерді теңгеруге мүмкіндік береді. Басқаша айтқанда, жекелеген валюталардың бағамы жасанды түрде өзгерген жағдайда, алтын компоненті жүйенің тұрақтылығын сақтауға көмектеседі. Бұл бастаманың экономикалық қана емес, геосаяси маңызы да бар. Нақты активтермен қамтамасыз етілген және БРИКС елдерінің экономикалық әлеуетін ескеретін жаңа есептік бірлік қаржылық тәуелсіздікті нығайтуға ықпал етуі мүмкін. Сонымен қатар, ол жаһандық валюта жүйесін біртіндеп жаңғыртуға негіз қалайды. Жоба аясында қатысушы елдердің валюталарындағы NOSTRO шоттарын пайдалану да қарастырылған. Бұл халықаралық есеп айырысуларды жүргізуді жеңілдетіп, әр мемлекеттің ұлттық реттеу талаптарына бейімделуге мүмкіндік береді.
BRICS Pay бастамасы көпполярлы әлемдік тәртіп идеясын қолдайтын сарапшылар қауымдастығы тарапынан кең қолдауға ие болып отыр. Баламалы төлем инфрақұрылымын құру оқшаулану қадамы ретінде емес, халықаралық экономикалық қатынастардың неғұрлым теңгерімді әрі тұрақты жүйесін қалыптастыруға бағытталған сындарлы бастама ретінде қарастырылады. Сонымен қатар, BRICS Pay қолданыстағы төлем жүйелеріне қарсы бағытталмағанын атап өткен жөн. Керісінше, ол қаржы ағындарын әртараптандыруға және жүйелік тәуекелдерді төмендетуге мүмкіндік беретін қосымша құрал ретінде ұсынылады.
Жобаның табысты болуы технологиялық шешімдердің жетілдірілуіне ғана емес, ең алдымен қатысушы елдердің басқару тетіктері, кірістерді бөлу және трансшекаралық дауларды реттеу мәселелері бойынша ортақ келісімге келе алуына байланысты болмақ. Жүйенің ашық құрылымы жарияланғанымен, іс жүзінде әрбір мемлекет ұлттық мүдделерді басшылыққа алуы ықтимал. Бұл интеграция үдерісінің қарқынына әсер етіп, ортақ стандарттарды үйлестіруді баяулатуы мүмкін. Ал жаңа есептік бірлікті енгізу ауқымды әрі ұзақ мерзімді міндет болып саналады. Оны іске асыру үшін БРИКС елдерінің макроэкономикалық саясатын үйлестіру, сондай-ақ капитал нарықтарын одан әрі дамыту қажет болады.
Осылайша, BRICS Pay қаржы саласындағы көпполярлы жүйенің қалыптасуындағы маңызды бастамалардың бірі болып табылады. Жоба технологиялық жаңашылдықтарды, стратегиялық көзқарасты және трансшекаралық есеп айырысулардың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған практикалық тәсілдерді біріктіреді. Жоба алдында бірқатар сын-қатерлер тұрғанымен, оның қатысушы мемлекеттердің экономикалық егемендігін нығайтуға және жаһандық қаржы жүйесіндегі өзара іс-қимылдың неғұрлым ашық әрі теңгерімді моделін қалыптастыруға елеулі әлеуеті бар.




