Евразия24Редакция бағаныҚазақстандағы еңбек жүйесін жаңғырту

Қазақстандағы еңбек жүйесін жаңғырту

|

|

Құрылтай сайлауы жақындаған тұста: «Бәсекеге түсетін партиялар өздерінің сайлауалды бағдарламаларында сайлаушыларды тартатындай не ұсына алады?» деген мәселенің өзектілігі арта түсуде.

Бұл ретте қандай да бір әлеуметтік сауалнама жүргізудің де қажеті жоқ. Өйткені Қазақстанның барлық азаматтары бірігіп дауыс беретін, еліміз үшін ең маңызды міндетті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің алдына қойып үлгерді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы бұл міндетті биыл емес, өткен жылдың басында-ақ белгілеп берген болатын: «Үкіметтің басты миссиясы — экономикалық өсімді халықтың табысын арттырумен және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартумен ұштастыру».
Алайда, Үкімет кері нәтиже көрсетті: 2025 жылы жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 6,5%-ға өсуі аясында халықтың нақты табысы 2,7%-ға төмендеді, бұл мәселе бұған дейінгі материалда қарастырылған болатын.

Бұл көрсеткіштерде белгілі бір сәйкессіздік бар: ЖІӨ экономикалық қызметтің барлық бағыттары — мұнай өндіру мен металлургия, көлік пен ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету және сауда, құрылыс пен туризм бойынша жинақталатын, өндірілген барлық тауарлар мен қызметтердің түпкілікті тұтынушылық құнын құрайды. Осы өндірістік бағыттардың әрқайсысында еңбекақының белгілі бір тұрақты үлесі болады. Іс жүзінде жалақы мөлшері ай сайын немесе күтпеген серпінмен өзгермейді. Сондықтан ЖІӨ құрылымындағы еңбек үлесі, кем дегенде бір жылдық кезең ауқымында, тұрақты шама болып табылады. Бұл тақырып та бұған дейін жарияланған материалда талданды.

Әрине, бұл жағдай Қазақстан экономикасына жұмыс күшін ығыстыру және еңбекақы қорын үнемдеу есебінен өндірісті ұлғайтуға мүмкіндік беретін жасанды интеллект жедел енгізілмеген жағдайда ғана мүмкін. егенмен, мұндай үрдіс байқалмайды, сондықтан ресми статистикалық деректерде белгілі бір қателіктердің бар екені анық. Бұл ретте Ұлттық статистика бюросы халықтың нақты табысын әдейі төмендетіп көрсетіп отыр деу қиын. Көбіне ЖІӨ бойынша көрсеткіштердің нақтылығына күмән келтіруге негіз бар.

Сонымен қатар, еңбек нарығында қазақстандықтардың жалақысына қатысты ағымдағы жағдайды анықтауға мүмкіндік беретін тағы бір маңызды жаңалық бар. Ол — зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алудың жеткіліктілік шегінің төмендетілуі.

Бұл шешімге байланысты БЖЗҚ (Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры) келесідей түсініктеме берді: «Ең төменгі жеткіліктілік шегі инфляция қарқынынан кейін қалып, болашақ зейнетақы төлемдерінің тиісті деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік бермеді».
Халықаралық нормаларға сәйкес, болашақ зейнетақының лайықты деңгейі кемінде 0,6 алмастыру коэффициентін құрауы тиіс, яғни зейнетақы мөлшері бұрынғы табыстың 60%-ынан төмен болмауы қажет. Ал Қазақстандағы қалыптасқан өлшем бойынша зейнетақы деңгейі еңбектегі табыстың ең кемі 40%-ына жетуі тиіс деп есептеледі. Осы орайда, бухгалтерлік есеп бойынша ресми есептелетін барлық жалақыдан аударылатын 10 пайыздық жарналарды нақты тіркейтін БЖЗҚ-ның егжей-тегжейлі есебі Статистика бюросы өзгерте алмайтын шынайы көріністі айқындап береді.

Сонымен, биылғы жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша БЖЗҚ-дағы жинақ көлемі 25,7 трлн теңгені, ал жинақтаушы шоттардың саны 11,33 млн бірлікті құрады. Бұл — орташа есеппен бір шотқа 2,27 млн теңгеден келеді деген сөз. Осы көрсеткішті жалақы мөлшерімен салыстырсақ: 2026 жылдың бірінші тоқсанындағы орташа айлық номиналды жалақы (егер жасанды интеллект деректеріне сүйенсек) 461 486 теңгені құрады. Ал медианалық жалақы (жұмыскерлердің тең жартысы бұл деңгейден жоғары, ал қалған жартысы төмен жалақы алатын көрсеткіш) 331 527 теңге деңгейінде тіркелді.

Яғни, егер болашақ зейнеткер еңбек жолында орташа деңгейде табыс тапқан болса, оның жинақталған қаражаты орташа айлық табыс көлемінде небәрі 2270:461,5 = 4,9 айға жетеді. Ал медианалық жалақы деңгейі бойынша есептегенде, жинақ шамамен 6,8 айға ғана жеткілікті болады.

Бұл өте төмен көрсеткіш. Жұмысшының еңбек жолында аударылып келген 10 пайыздық зейнетақы жарналары зейнетке шыққаннан кейін орташа деңгейде ең көп дегенде жарты жыл ғана күн көруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ жинақтың жалпы сомасы тым аз болған жағдайда ғана ол бірден толық төленетіні, ал белгілі бір деңгейде қомақты қаражаты бар азаматтар үшін төлемдер шамамен 85 жасқа дейінгі кезеңге (өмір сүру ұзақтығының орташа көрсеткішіне) бөліп берілетіні де жағдайды жеңілдетпейді.

Міне, нақты жағдайдың көрінісі: биыл бес айдың ішінде ресми түрде жұмыс істейтін азаматтардан зейнетақы жарналары ретінде шамамен бір триллион теңгеге жуық, нақтырақ айтқанда 966 млрд теңге түскен. Ал осы кезеңдегі барлық төлем көлемі 523 млрд теңгені құрады, оның ішінде 206 млрд теңге тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделу мақсаттарына пайдаланылған. Жарайды, енді жинақтағы қаражатты мұндай мақсаттарға мерзімінен бұрын алу мүмкіндігі шектелді делік. Соның өзінде көрсеткіштер мынадай: болашақ зейнеткерлердің жалақысынан түскен нақты жарналар көлемі қазіргі зейнетақы төлемдерінен шамамен үш есе көп. Өткен жылы да осыған ұқсас жағдай қалыптасты. Қызметкерлердің жалақысынан аударылған міндетті зейнетақы жарналарының жалпы көлемі 2 674 млрд теңгеге жетсе, тұрғын үй мен емделуге алынған қаражатты есепке алмағанда салымшыларға төленген барлық төлем көлемі небәрі 810 млрд теңгені құраған. Яғни зейнет жасына жеткен және жинақтаушы зейнетақы жүйесінің қатысушылары болып табылатын азаматтарға төленетін қаражат көлемі болашақ зейнеткерлерден жиналатын жарналардан үш есе төмен болып отыр.

Бұл жағдайдың себебі неде? Егер жинақтаушы зейнетақы жүйесі жақында ғана енгізілген болса, мұндай айырмашылықты түсіндіруге болар еді. Алайда аталған жүйе Қазақстанда отыз жылға жуық уақыт бойы жұмыс істеп келеді. Бұл кезең толық еңбек қызметі мерзімінің едәуір бөлігін қамтиды. Сондықтан осы уақыт ішінде қорға түсетін қаражат көлемі мен одан жүзеге асырылатын төлемдердің арақатынасы біртіндеп жақындауы тиіс сияқты.

Назар аударуға тұрарлық тағы бір көрсеткіш бар. 2025 жылы зейнеткерлік жасқа толуына байланысты БЖЗҚ-дан кесте бойынша төленген орташа айлық төлем мөлшері… 35 970 теңгені құраған!

Бұл соманың азаматтың тұрмыс деңгейіне қаншалықты әсер ететініне тоқталмай-ақ қояйық. Алайда ресми көрсеткіштер тұрғысынан алғанда да сұрақ туындайды. Орташа айлық төлем көлемі шамамен 36 мың теңге, ал орташа жалақы 460 мың теңге болған жағдайда, зейнетақы төлемінің жалақыға шаққандағы үлесі небәрі 7,8 пайызды құрайды.

Сол дереккөздегі тағы бір мәліметке назар аударайық: зейнеткерлік жасқа байланысты төленетін орташа айлық төлем көлемі 35 970 теңге болған жағдайда, мұндай төлемдердің жылдық жиынтық сомасы 254,13 млрд теңгені құраған. Осы көрсеткіштерге сүйенсек, БЖЗҚ-дан тұрақты негізде зейнетақы төлемдерін алып отырған азаматтардың саны 432 мың адамға да жетпейді. Ал Қазақстандағы зейнеткерлердің жалпы саны 2,5 миллионнан асады, нақтырақ айтқанда – 2 млн 538 мың адам. БЖЗҚ ұсынған осы ресми статистикаға қарағанда, еңбекке ақы төлеу деңгейінің өсімі белгілі бір кезеңде жалпы ішкі өнімнің өсіміне жақындайды деген болжамдар мен жалақыны арттыруға бағытталған кезекті бағдарламалық жоспарлар мәселенің түпкі мәнін ашып көрсетпейді деген қорытынды жасауға болады. Өйткені бұл бастамалар негізгі мәселенің себептері мен оның жүйелі сипатын талқылаудан гөрі, назарды басқа бағытқа аударуға көбірек ықпал етеді.

Шын мәнінде, бәрі де түсінікті. Біріншісі – экономикадағы еңбек құнының төмендігі. Соның салдарынан көптеген салада еңбекақы деңгейі жоғары емес әрі азаматтардың табысы жеткілікті қарқынмен өспей отыр. Екіншісі – еңбек нарығындағы бейресми жұмыспен қамтудың ауқымы. Бүгінде жұмыс істейтін азаматтардың елеулі бөлігі еңбек қатынастарын толық рәсімдемей еңбек етеді немесе табысының бір бөлігін ресми түрде көрсетпейді. Мұндай жағдай зейнетақы жүйесіне түсетін аударымдар көлеміне де тікелей әсер етеді.

Сондықтан еңбек өнімділігін арттыруға, жоғары жалақы төленетін жұмыс орындарын көбейтуге және жұмыспен қамтуды заңдастыруға бағытталған нақты әрі пәрменді бағдарлама ұсынған саяси күштердің қоғамдық қолдау табу мүмкіндігі жоғары.
Тегтер: Ұлттық экономика министрлігі, вице-премьер Жұманғарин, БЖЗҚ, орташа зейнетақы, орташа жалақы, ресми жұмыспен қамту, бейресми жұмыспен қамту, еңбек нарығы, көпвекторлы саясат, Құрылтай, сайлау, саяси партиялар.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Тоқаев Қарулы күштерді цифрландыру жөнінде бірқатар міндет жүктеді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрі Дәурен Қосановқа Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігін арттыруға, әскери даярлық жүйесін жетілдіруге және әскерді цифрлық трансформациялауға бағытталған бірқатар міндет жүктеді. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстандық боксшы Головкин Халықаралық бокс даңқы залына ресми түрде енгізілді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Геннадий Головкинді Халықаралық бокс даңқы залына (IBHOF) ресми түрде қабылдануымен құттықтады. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Айбек Смадияров хабарлады.

Тоқаев Amanat партиясының бұрынғы төрағасына алғыс білдірді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Amanat партиясының бұрынғы төрағасы Ерлан Қошановқа аталған қызметтегі «адал, тиімді әрі нәтижелі еңбегі үшін» алғыс білдірді. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Айбек Смадияров хабарлады.

Энергия тасымалдаушылары бағасының өсуі еуроаймақта экономиканың өзге секторларына да әсер ете бастады

Энергия тасымалдаушылары бағасының жоғары болуы инфляциялық қысымның экономиканың басқа салаларына таралуына ықпал ете бастағанын Кристин Лагард мәлімдеді.