Астана. 25 маусым. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Парламенті Сенаты бейсенбі күні өткен жалпы отырыста «2010 жылғы 10 желтоқсандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары құрамаларының мәртебесі туралы келісімге өзгерістер енгізу жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы» заңды мақұлдады.
Бұған дейін хабарланғандай, хаттаманың мақсаты – ұжымдық қауіпсіздік күштері мен құралдары құрамаларының қатысушы мемлекеттердің аумағында уақытша болуына қатысты құқықтық негізді жетілдіру.
Мәжілістің қорытындысында көрсетілгендей, енгізілетін өзгерістер нақтылаушы сипатқа ие және келісім нормаларын қатысушы мемлекеттердің ұлттық заңнамасына, сондай-ақ ҰҚШҰ-ның қолданыстағы құқықтық құжаттарына сәйкестендіруге бағытталған.
Сенат сонымен қатар «2015 жылғы 15 қыркүйектегі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің әскери және өзге де құрамаларды, олардың жылжымалы мүлкін, сондай-ақ әскери мақсаттағы өнімдерді тасымалдау саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімге өзгерістер енгізу жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы» ілеспе заңды да мақұлдады.
Құжаттың негізгі мақсаты – ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары өз міндеттерін орындау кезінде немесе бірлескен оқу-жаттығуларға қатысқан жағдайда оларды тасымалдауды құқықтық тұрғыдан реттеу тетіктерін жетілдіру.
Түзетулер әскери және өзге де құрамаларды тасымалдауды ұйымдастыру мен жүзеге асыру кезінде, әсіресе шұғыл шаралар қабылдау қажет болған жағдайларда, жеделдікті арттыруға мүмкіндік беретін нормаларды нақтылайды.
Мақұлданған заңдар Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.




