Астана. 26 маусым. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев журналистер дипфейктердің, жалған ақпараттың және өзге де гибридті қатерлердің таралуына қарсы мемлекеттің қорғаныс тетігінің маңызды бөлігіне айналуы тиіс екенін мәлімдеді.
«Қазіргі технологиялар қоғамға іріткі салуды көздейтін түрлі бот желілерінің пайда болуына жол ашты. Бүгінде дипфейк деп аталып жүрген ашық өтірік пен жала ақпараттың кең таралуы “постақиқат” құбылысын қалыптастырды. Мұндай жағдайда шынайы деректердің орнын қолдан жасалған эмоциялар мен әдейі ұйымдастырылған арандатулар басады», – деді Мемлекет басшысы бейсенбі күні бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде.
Президенттің айтуынша, медиа саласының жауапты өкілдері мұндай қауіптерге қарсы мемлекеттің тиімді жауабының бір бөлігі болуы қажет.
«Сондықтан журналистер мен медиа мамандары табиғаты жағынан аса қауіпті осы гибридті қатерлерге қарсы тұру ісіне белсенді атсалысуы керек. Бұл бағыттағы сіздердің рөлдеріңіз ерекше маңызды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанда сөз бостандығы мен цензураға тыйым заң жүзінде бекітілгенін атап өтті. Сонымен бірге еркіндік жауапкершіліктен тыс ұғым емес екенін еске салды.
«Жасанды интеллект технологияларын қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті нығайту мақсатында пайдалану маңызды. Оларды заңға қайшы контентті жедел анықтау және бұғаттау үшін қолдану қажет. Заң мен тәртіп қағидатын ұстанатын мемлекет ретінде біз құқықтық нигилизмге, радикализмге және қоғамымызға жат идеологияларды насихаттауға қарсы сенімді тосқауыл қалыптастыруға тиіспіз», – деді Президент.




