Астана. 26 маусым. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Үкіметі жақын арада жылдық инфляция деңгейін 10 пайыздан төмен түсіруді көздеп отыр. Бұл туралы жұма күні Парламент палаталарының бірлескен отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді.
«Биылғы жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша инфляция 10,4 пайызға дейін төмендеді. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде жақын уақытта бұл көрсеткішті 10 пайыздан төмендетеміз деп жоспарлап отырмыз», – деді Үкімет басшысы.
Ол 2025 жылы Қазақстан экономикасы жоғары инфляциялық қысымға тап болғанын еске салды. Былтыр қыркүйекте инфляция ең жоғары деңгейіне жетіп, 12,9 пайызды құраған.
Премьер-министрдің айтуынша, биыл Үкімет халықтың нақты табысын арттыруға бағытталған барлық қажетті шараларды қабылдайды.
«Инфляцияны төмендету үшін Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірлескен іс-қимыл жоспарын қабылдады», – деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар халықтың табысын арттыруға арналған жеке жоспар да бекітілген.
«Бұл құжатта нақты табыстың өсуіне ықпал ететін барлық шаралар егжей-тегжейлі көрсетілген. Оның ішінде бүгінде импорт арқылы келетін тауарларды елімізде өндіру, осылайша сырттан келетін инфляциялық қысымды азайту, сондай-ақ мемлекеттік қолдау алатын кәсіпорындардың қарсы міндеттемелері аясында қызметкерлердің жалақысын көтеру сияқты кешенді шаралар қарастырылған. Біз осы бағыттағы жұмысты жалғастырамыз», – деді Премьер-министр.
Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстанда 2026 жылғы мамыр айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция 10,4 пайызды құрады. Сәуірде бұл көрсеткіш 10,6 пайыз болған.




