Kursiv басылымының хабарлауынша, полиция қызметкері болған әкесін өртеп жіберді деген күдікке ілінген балалар үйқамаққа жіберілді. Бұл туралы олардың адвокаттары Гауһар Сарыева мен Динара Шамшекова мәлімдеді. Қаза тапқан 37 жастағы Аслан Альсеровтың балалары тұратын үйге бейнебақылау камералары орнатылып, электронды бақылау білезіктері тағылады. Сонымен қатар, сот отырысы барысында құқық қорғаушылар балалардың ұзақ жылдар бойы жүйелі түрде зорлық-зомбылық пен қатыгездік жағдайында өмір сүрген болуы мүмкін екеніне назар аударды. «Олар болған оқиғаның куәгерлері ғана емес, зорлық-зомбылықтың құрбаны да болуы мүмкін», – деді заңгерлер. Олардың пікірі болған оқиғаны ақтау мақсатында айтылмағанын нақтылады. Сонымен қатар, балалардың жан жарақатына да бейжай қарауға болмайтынын жеткізді.
Еуразия24 пікірі:
Кегенде болған оқиға Қазақстан үшін бұрын-соңды болмаған жағдайлардың бірі деуге болады. Өйткені құқық қорғау органының қызметкері болған әкесін өртеп жіберді деген күдікке өз балаларының ілінуі – қалыпты қылмыстық оқиғалардан мүлде өзгеше жағдай. Мұндай оқиғалар өте сирек кездесетіндіктен әрі қоғамда ауыр қабылданғандықтан, бұл іс халық арасында үлкен алаңдаушылық тудырып, көптеген күрделі сауалдың көтерілуіне себеп болды. Қаза тапқан азамат енді отбасында шын мәнінде не болғанын айтып бере алмайды. Сондықтан бұл қайғылы оқиғаның себептері туралы түпкілікті қорытындыны тек тергеу органдары мен сот нақты деректер мен дәлелдерге сүйене отырып шығаруы тиіс. Дегенмен адвокаттар айтқан балалардың ұзақ уақыт бойы отбасындағы зорлық-зомбылық пен қатыгез қарым-қатынасқа ұшырауы мүмкін деген жорамалдар алаңдатпай қоймайды. Егер бұл мәліметтердің кем дегенде бір бөлігі расталса, онда отбасының барлық мүшесі үшін орны толмас қасіретке ұласқан отбасылық трагедия туралы сөз болмақ. Бұл оқиға салдарынан бір адам көз жұмды, балалардың тағдыры ауыр соққыға ұшырады. Сонымен қатар қоғамға сырттай қалыпты көрінетін отбасының өзінде де көзге көрінбейтін күрделі мәселелер болуы мүмкін екендігін тағы бір мәрте көрсетті.




