Мәжіліс депутаттары фермерлер арасындағы әлеуметтік ахуалдың ушығып бара жатқанына алаңдаулы. Мемлекеттік қаржыландыру жүйесінде бюджет мүмкіндігінен әлдеқайда көп өтінім қабылданып, олардың орындалуы кейінге қалдырылатын тәжірибе қалыптасқан. Соның салдарынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қолдау көрсетуге арналған тетік өз мақсатын ақтамай, керісінше, шаруаларды қарызға батыратын жүйеге айналып барады. Жеңілдетілген несие ала алмай, «күту тізімінде» айлап, тіпті жылдап тұрған шаруалар осы аралықта уәде етілген төмен мөлшерлеменің орнына жылдық 26 пайыздық коммерциялық сыйақымен несие төлеуге мәжбүр. Ал қаржыландыруды күтіп тұрған өтінімдердің жалпы көлемі қазірдің өзінде жүздеген миллиард теңгеге жеткен.
ҚАРЫЗҒА БАТЫРҒАН ЖҮЙЕ
Мәжіліс депутаттары өздерінің депутаттық сауалында аграрлық секторды қаржылай қолдаудың негізгі тетіктері іс жүзінде тоқырауға ұшырағанын ашық айтты. Олардың пікірінше, мұндай ахуал кәсіпкерлердің мемлекетке деген сенімін күн өткен сайын әлсіретіп барады.
Депутаттардың негізгі сыны «күту тізімі» жүйесіне бағытталды. Бұл – мемлекет мақұлдаған субсидия өтінімдері қаржы бөлінбегендіктен жылдар бойы орындалмай, кезекте тұратын тетік. Мәжілісмендердің айтуынша, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер бір жылдан астам уақыт бойы қаржының қашан бөлінетіні белгісіз жағдайда жұмыс істеуге мәжбүр.
«Мұндай жағдай шаруалардың бизнес-жоспарын сапалы құруына кері әсер етеді. Өйткені олар өнімнің өзіндік құнын есептегенде тыңайтқышқа, өсімдіктерді қорғау құралдарына, несие мөлшерлемесіне және басқа да шығындарға бір есеппен жоспар жасайды. Алайда іс жүзінде мүлде басқа шығынға тап болады», – дейді депутаттар.
Депутаттардың ойынша, ең ауыр салмақ ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу мен несиеге түскен. Қазір нарықтағы коммерциялық сыйақы мөлшерлемесі жылдық 24–26 пайызға дейін жетеді. Ал мемлекет оны 5–6 пайызға дейін субсидиялауға уәде бергенімен, бюджеттен нақты қаржы бөлінбегендіктен фермерлер банк пен лизингтік компаниялардың талаптарына тәуелді болып отыр.
«Мемлекеттік қолдау көрсетілмесе, фермер несиенің толық мөлшерлемесін төлеуге мәжбүр болады», – дейді мәжілісмендер.
Депутаттардың айтуынша, жағдай ақылға қонбайтын деңгейге жеткен. Қазір жаңа келісімдерді бірден жылдық 5 пайыздық тіркелген мөлшерлемемен рәсімдеуге мүмкіндік бар. Ал мемлекеттің уәдесіне сеніп, бұған дейін несие рәсімдеген адал қарыз алушылар коммерциялық мөлшерлемемен төлеуге мәжбүр.
Мәжіліс депутаттары бюджет мүмкіндігінен тыс өтінім қабылдау тәжірибесін «күмәнді» деп бағалап, оның әлеуметтік шиеленісті күшейтіп отырғанын айтты. Осыған байланысты олар Премьер-Министр Олжас Бектеновтен өңірлер бойынша жинақталған берешектің нақты көлемін, оны өтеу кестесін жариялауды және ең бастысы, «күту тізімі» жүйесінен біржола бас тартуды сұрады.
ЦИФРЛЫҚ ЖҮЙЕ ҚАРЖЫ ТАПШЫЛЫҒЫН ЕҢСЕРЕ АЛА МА?
Үкімет басшысы мәжілісмендердің сауалына қалай жауап берді? Олжас Бектенов ең әуелі мәселені жүйелі реформалар аясында қарастырып, пікірталастың өзегін кеңірек арнаға бұруға тырысты.
Премьер-Министр бюджетте қаражат қарастырылмай тұрып өтінім қабылдау арқылы жасырын міндеттемелердің жиналуына жол бермеу қажет екенін мойындады. Оның айтуынша, сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізіліп, нақты қаржы көзі бекітілмеген жағдайда өтінімдерді резервке, яғни «күту тізіміне» қабылдау тәртібі алып тасталған. Бұдан былай өтінімдер тек бюджетте расталған қаражат көлемі шегінде ғана қабылданады.
Алайда депутаттардың көтерген негізгі сауалы бұған дейін қабылданғанымен, әлі күнге дейін қаржыландырылмаған өтінімдерге қатысты еді. Бұл мәселеге тоқталған Олжас Бектенов «күту тізіміне» енген өтінімдерге бюджеттен қаражат бөлінген сайын қаржы кезең-кезеңімен берілетінін айтты. Яғни Үкімет бұрын қабылданған міндеттемелердің орындалатынын растағанымен, олардың нақты қашан толық өтелетініне қатысты анық жауап берген жоқ. Сонымен қатар Премьер-Министр мемлекет бұдан былай айналым қаражатын толықтыруға берілетін несиелердің сыйақы мөлшерлемесін субсидияламайтынын жеткізді.
«Жинақталған берешек көлемі, оны қысқарту жөніндегі шаралар және қаржыландыру көздеріне қатысты төмендегіні хабарлаймыз. Жалпы сипаттағы трансферттер туралы заң аясында агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға үш жылдық кезеңге 2 трлн теңге қарастырылған. Оның ішінде 2026 жылға 588,3 млрд теңге бөлінді. Соның 180,2 млрд теңгесі – өсімдік шаруашылығына, 131,6 млрд теңгесі – мал шаруашылығына, 249 млрд теңгесі – қаржылық қолдау тетіктеріне, 21,6 млрд теңгесі – ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге, ал 6 млрд теңгесі балық шаруашылығына бағытталған. Алдыңғы үш жылдық кезеңмен салыстырғанда 2026–2028 жылдарға арналған қаржыландыру көлемі 68 пайызға ұлғайтылды. Бұл жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қолдау шараларын, соның ішінде өткен жылдардан қалған берешекті өтеуге арналған қаржыландыру мүмкіндігін кеңейтеді. Жинақталған міндеттемелер бюджетте көзделген қаражат шегінде кезең-кезеңімен өтелуде. Бұған қоса, жергілікті атқарушы органдар жергілікті бюджеттердің кіріс бөлігін қайта қарап, субсидия төлеуге қосымша қаражат бөлу жұмыстарын жүргізіп жатыр», – делінген Олжас Бектеновтің депутаттарға жолдаған жауабында.
Үкіметтің мәліметінше, бюджеттен бөлінген қаржының арқасында фермерлер алдындағы өткен жылдардан жинақталған берешек көлемі едәуір қысқарған. Егер 2026 жылдың басында оның мөлшері 391,7 млрд теңге болса, 2026 жылғы 9 маусымдағы жағдай бойынша 246 млрд теңгеге дейін азайған.
Сонымен қатар осы берешектің ең қомақты бөлігі – 148,2 млрд теңге – қаржылық қолдау тетіктеріне тиесілі. Бұл – депутаттар көтерген несие мен лизинг бойынша төленбей қалған субсидиялар.
Премьер-Министр сыйақы мөлшерлемесін кейіннен субсидиялауға негізделген күрделі әрі тиімсіз жүйенің орнына жаңа тәсілді ұсынды. Ол көктемгі егіс жұмыстарына жылдық 5 пайызбен, ал инвестициялық жобаларға 6 пайызбен тікелей жеңілдетілген несие беру тетігіне кезең-кезеңімен көшуді көздейді. Сонымен қатар Олжас Бектенов «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдары – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ (Agronesie.kz платформасы) мен «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы онлайн несие беру жүйесі дамытылып жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, аталған ұйымдар қарыз алушылардың төлем қабілетін автоматты бағалау жүйесі мен жасанды интеллект технологияларын несие беру үдерісіне белсенді енгізіп жатыр.
МЕМЛЕКЕТТІК КӨМЕК: НАҚТЫ ҚОЛДАУ МА, ӘЛДЕ КӨЗБОЯУШЫЛЫҚ ПА?
Алайда 2024 жылдың желтоқсанында Жоғары аудиторлық палата жүргізген мемлекеттік аудиттің қорытындысы әлі ұмытылған жоқ. Тексеру барысында ауыл шаруашылығы саласында бюджет қаражатын жоспарлау мен пайдалануда елеулі кемшіліктер бар екені анықталған.
Мұндай аудит бірнеше рет жүргізілгенімен, әр тексерістің қорытындысы бір мәселеге келіп тірелді. Аудиторлар жыл сайын қайталанатын жүйелі кемшіліктерді қайтадан атап көрсетті.
«Экономика үшін стратегиялық маңызы зор сала болғанына қарамастан, ауыл шаруашылығының жалпы ішкі өнімдегі үлесі орта есеппен небәрі 5 пайыз шамасында қалып отыр. Мұның негізгі себептері белгілі: еңбек өнімділігінің төмендігі, суармалы жерлер көлемінің баяу ұлғаюы, су ресурстарының тиімсіз пайдаланылуы, көлік-логистика инфрақұрылымының жеткілікті дамымауы, материалдық-техникалық базаның әлсіздігі және басқа да түйткілдер. Соңғы бес жылда бұл саланы субсидиялауға бюджеттен шамамен 2 трлн теңге бөлінгенімен, бірқатар жүйелі мәселе мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін шектеп отыр», – деп Жоғары аудиторлық палата төрағасы Алихан Смайылов мәлімдеді.
Бұдан бөлек, аудиторлар соңғы он жыл ішінде Ауыл шаруашылығы министрлігі саланы дамытуға арналған бағдарламалық құжаттар мен тұжырымдамаларды бірнеше мәрте қайта қарағанын анықтады. Олардың басым бөлігі толық орындалмай жатып-ақ күшін жойған. Басымдықтардың жиі өзгеруі және нормативтік құжаттарға тынымсыз түзету енгізілуі (соңғы бес жылдың өзінде 70-тен астам өзгеріс енгізілген) фермерлердің ұзақ мерзімге жоспар құру мүмкіндігін едәуір шектеген.
Мемлекеттік аудит бір жарым жыл бұрын бюджет қаражатын пайдалану барысында 142 млрд теңгеге қаржылық заң бұзушылықтар мен жоспарлау кемшіліктері анықталғанын мәлімдеген еді. Оның ішінде қызметін тоқтатқан немесе таратылған 2,5 мыңнан астам субъектіге 5 млрд теңгеден астам субсидия негізсіз төленген. Бұдан бөлек, жалпы сомасы 5,4 млрд теңгені құрайтын субсидия алған тағы үш мыңға жуық алушының экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішінде (ЭҚЖЖ) ауыл шаруашылығына қатысты коды болмаған. Демек, олардың агроөнеркәсіп кешеніне ешқандай қатысы жоқ.
Нәтижесінде агроөнеркәсіп кешенін дамыту тұжырымдамасында белгіленген нысаналы көрсеткіштердің 40 пайыздан астамына қол жеткізілмеген. Бұл салаға қомақты бюджет қаржысы бағытталғанына қарамастан, ауыл шаруашылығының елдің жалпы ішкі өніміндегі үлесі ұзақ жылдар бойы шамамен 5 пайыз деңгейінде қалып отыр.
Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысында тағы бір жүйелі түйткілге назар аударылған. Аудиторлардың бағалауынша, 17 бағытты қамтитын субсидиялардың 67 түрі нақты нәтижелік көрсеткіштермен байланыстырылмаған. Соның салдарынан мемлекет қыруар қаржы бөлгенімен, субсидия алушылардан өнімділікті арттыруға, еңбек өнімділігін көтеруге немесе түсімді көбейтуге қатысты нақты міндеттемелер талап етілмеген.
СУБСИДИЯ ДАУЫ
Егер Жоғары аудиторлық палатаның аудиті мемлекеттің бөлінген қаржыны әрдайым тиімді игере алмағанын көрсетсе, депутаттық сауал мемлекеттік қолдау жүйесіндегі тағы бір түйткілді ашып берді. Әңгіме бюджетте әлі қарастырылмаған қаражатқа сүйеніп міндеттеме қабылдау тәжірибесі туралы болып отыр. Екі жағдайда да негізгі мәселе – мемлекеттік қолдау шараларын жоспарлау мен олардың болжамдылығына қатысты.
Олжас Бектенов депутаттардың сынына нақты жауап бере алды ма?
Бір жағынан, Премьер-Министр «күту тізімі» жүйесінің салдары жөніндегі сынның орынды екенін мойындап, мұндай тәжірибені тоқтатуға бағытталған нормативтік өзгерістер енгізілгенін мәлімдеді. Бұл алдағы уақытта қаржылық қамтамасыз етілмеген міндеттемелердің қабылдануына жол бермеуге тиіс.
Екінші жағынан, Үкімет басшысының жауабы бүгінгі түйткілден гөрі алдағы жылдарға арналған ауқымды жоспарларға көбірек назар аударғандай әсер қалдырады. Үш жылға 2 трлн теңге бөлінетіні және қаржыландыру көлемі 68 пайызға артатыны айтылғанымен, дәл қазір коммерциялық лизинг шарты бойынша жылдық 26 пайыздық сыйақы төлеуге мәжбүр фермердің жағдайы қалай шешілетіні нақты түсіндірілмеді. Сол сияқты жергілікті бюджетте қаражат жетіспегендіктен субсидия төлей алмай отырған өңірлердің мәселесі де ашық күйінде қалды.
«Күту тізіміне» қатысты мәселе жедел әрі жан-жақты сараланған шешімді талап етеді. Сонымен қатар мемлекет бұрын өз мойнына алған міндеттемелерден бас тартпай, оларды мүмкіндігінше қысқа мерзімде орындауы қажет», – делінген депутаттық сауалда.
Ал Үкіметтің жауабы жинақталған міндеттемелер бюджетте қарастырылған қаражат шегінде әрі жергілікті бюджеттер есебінен кезең-кезеңімен өтелетінімен шектелді. Ең бастысы, бұл міндеттемелердің нақты қай мерзімде орындалатыны жөнінде ешқандай жауап берілген жоқ.
Ұлттық даму институттары арқылы цифрлық қаржыландыру жүйесін енгізу – құптарлық бастама. Алайда бұл шешім алдағы уақытта несие алатындар үшін маңызды болғанымен, бүгінгі түйткілді түбегейлі шеше алмайды. Ал бұрын қабылданған, бірақ орындалмаған міндеттемелердің салдарынан коммерциялық мөлшерлемемен несие төлеуге мәжбүр болған шаруалар үшін түйін әлі де сол «күту тізімінде» қалып отыр.
Осындайда көпшілікке мәлім: «Артық қыламын деп, тыртық қылдым» деген сөз еріксіз еске түседі. Мемлекет баршаға қолдау көрсетуге уәде бергенімен, іс жүзінде көптеген фермердің үміті ақталмады. Өйткені шаруалар шығынды бүгін тартып отыр, ал мемлекет уәде еткен қолдау қашан көрсетілетіні әлі белгісіз.




