Евразия24ЖаңалықтарБектенов Eni және Baker Hughes басшыларымен мұнай-газ саласындағы жобаларды талқылады

Бектенов Eni және Baker Hughes басшыларымен мұнай-газ саласындағы жобаларды талқылады

|

|

Астана. 1 шілде. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-пленарлық отырысына қатысқан жетекші халықаралық энергетикалық компаниялардың басшыларымен бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Атап айтқанда, Үкімет басшысы Eni S.p.A компаниясының жаһандық табиғи ресурстарды барлау және өндіру жөніндегі директоры Лука Виньятимен, сондай-ақ Baker Hughes компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы әрі бас атқарушы директоры Лоренцо Симонеллимен кездесті.

«Кездесулер барысында бірлескен инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы талқыланып, экономиканың басым бағыттарындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары қаралды», – делінген сәрсенбі күні таратылған хабарламада.

Лука Виньятимен өткен кездесуде энергетикалық инфрақұрылымды одан әрі дамыту мәселелері сөз болды. Соның ішінде Жаңаөзен қаласында жалпы қуаты 247 МВт болатын гибридті электр станциясын салу жобасына ерекше назар аударылды. Бұл жоба заманауи төмен көміртекті технологияларды енгізуге және елдің энергетикалық жүйесінің тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Ал Лоренцо Симонеллимен өткен келіссөзде мұнай-газ саласындағы өндірісті жергіліктендіру аясын кеңейту және заманауи технологиялық шешімдерді енгізу мәселелері талқыланды. Қазіргі уақытта компания Қазақстанда қосалқы бөлшектердің 174 түрін жергіліктендірген. Бұдан бөлек, жергілікті жеткізушілермен тағы жүзге жуық өнім түрі бойынша бірлескен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ компания көрсететін сервистік қызметтердің 95 пайызы қазақстандық бөлімшелер мен мамандардың күшімен орындалады.

Кездесу барысында Baker Hughes компаниясының өндірісті жергіліктендіру көлемін ұлғайтуды, қазақстандық кәсіпорындармен әріптестікті нығайтуды, өнеркәсіптік жабдықтарды бақылауға арналған цифрлық шешімдерді енгізуді, сондай-ақ газ өңдеу, заманауи өндіріс орындарын құру және көміртексіздендіру жобаларына қатысуды жалғастыруға ниетті екені айтылды.

Келіссөз қорытындысында тараптар инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, бірлескен жобаларды іске асыруға және мұнай-газ саласындағы технологиялық әріптестікті кеңейтуге өзара мүдделі екенін растады.

Үкіметтің мәліметінше, өткен жылы Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 20 млрд АҚШ долларынан асты. Ал биыл ел экономикасына 25,5 млрд АҚШ долларынан астам шетелдік инвестиция тарту жоспарланып отыр.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Президент Air Astana әуекомпаниясының алдына жаңа міндеттер қойды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Air Astana компаниясының бас атқарушы директоры Ибрагим Жанлыелмен кездесу барысында рейстердің жиі кешігуі мен әуе кемелерінің ауыстырылуына қатысты халықтың орынды сынына назар аударды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Биыл елде 20 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек

Қазақстанда 2026 жылы 20 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі аяқталуына байланысты этносаралық қатынастарды дамытудың жаңа тұжырымдамасы әзірленеді

Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихи миссиясының аяқталуына байланысты елде этносаралық қатынастар мен қоғамдық келісімді дамытудың жаңа тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді.

Тоқаев жаңа Конституцияның күшіне енуі туралы: Егемен Қазақстан тарихындағы жаңа дәуір басталды

«Баршаңызды еліміздің жаңа Конституциясының күшіне енуі сынды шын мәнінде тарихи маңызы зор оқиғамен шын жүректен құттықтаймын!» – деді Мемлекет басшысы отандастарына арнаған үндеуінде. Үндеу мәтінін сәрсенбі күні Президенттің баспасөз қызметі жариялады.