Астана. 1 шілде. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-пленарлық отырысына қатысқан жетекші халықаралық энергетикалық компаниялардың басшыларымен бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Атап айтқанда, Үкімет басшысы Eni S.p.A компаниясының жаһандық табиғи ресурстарды барлау және өндіру жөніндегі директоры Лука Виньятимен, сондай-ақ Baker Hughes компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы әрі бас атқарушы директоры Лоренцо Симонеллимен кездесті.
«Кездесулер барысында бірлескен инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы талқыланып, экономиканың басым бағыттарындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары қаралды», – делінген сәрсенбі күні таратылған хабарламада.
Лука Виньятимен өткен кездесуде энергетикалық инфрақұрылымды одан әрі дамыту мәселелері сөз болды. Соның ішінде Жаңаөзен қаласында жалпы қуаты 247 МВт болатын гибридті электр станциясын салу жобасына ерекше назар аударылды. Бұл жоба заманауи төмен көміртекті технологияларды енгізуге және елдің энергетикалық жүйесінің тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Ал Лоренцо Симонеллимен өткен келіссөзде мұнай-газ саласындағы өндірісті жергіліктендіру аясын кеңейту және заманауи технологиялық шешімдерді енгізу мәселелері талқыланды. Қазіргі уақытта компания Қазақстанда қосалқы бөлшектердің 174 түрін жергіліктендірген. Бұдан бөлек, жергілікті жеткізушілермен тағы жүзге жуық өнім түрі бойынша бірлескен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ компания көрсететін сервистік қызметтердің 95 пайызы қазақстандық бөлімшелер мен мамандардың күшімен орындалады.
Кездесу барысында Baker Hughes компаниясының өндірісті жергіліктендіру көлемін ұлғайтуды, қазақстандық кәсіпорындармен әріптестікті нығайтуды, өнеркәсіптік жабдықтарды бақылауға арналған цифрлық шешімдерді енгізуді, сондай-ақ газ өңдеу, заманауи өндіріс орындарын құру және көміртексіздендіру жобаларына қатысуды жалғастыруға ниетті екені айтылды.
Келіссөз қорытындысында тараптар инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, бірлескен жобаларды іске асыруға және мұнай-газ саласындағы технологиялық әріптестікті кеңейтуге өзара мүдделі екенін растады.
Үкіметтің мәліметінше, өткен жылы Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 20 млрд АҚШ долларынан асты. Ал биыл ел экономикасына 25,5 млрд АҚШ долларынан астам шетелдік инвестиция тарту жоспарланып отыр.




