Саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың айтуынша, министрлер маусым айында қабылданған, өз құзыретіндегі салаларға тікелей қатысты заңдар жөнінде пікір білдіруге асығар емес. Тек Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ғана Әлеуметтік кодекске енгізілген жекелеген өзгерістерді түсіндіруге тырысқанымен, таратқан баспасөз хабарламалары көңіл көншітпейді.
Министрліктің мәліметінше, Қазақстан азаматтардың зейнетақы жинақтарын қорғаудың «тиімдірек әрі ашық моделіне» көшпек. Соған сәйкес, зейнетке шығатын салымшыларға инфляция деңгейіндегі айырманы біржолғы төлем ретінде өтеуге арналған бюджеттік кіші бағдарлама оңтайландырылмақ.
(…) Сондай-ақ зейнетақы жүйесін жетілдіру жөніндегі арнайы жұмыс тобы құрылған. Қазір оның аясында Сингапурдың зейнетақы жүйесі үлгісіндегі жоба қарастырылып жатыр. Құжатта міндетті зейнетақы капиталын қалыптастыру көзделген. Сонымен бірге азаматтарға зейнет жасына жетпей-ақ жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға, білім алуға, медициналық қызмет ақысын төлеуге немесе инвестициялауға пайдалану мүмкіндігін беру ұсынылады.
Сонда зейнетақыны инфляцияға сай индекстеудің экономикалық мәні біртіндеп әлсіреп, керісінше, зейнетақы жинақтарын тұрғын үй нарығына бағыттау басымдыққа айналатын түрі бар. Оның үстіне дәл осы тұста құрылыс компанияларының «нарықтағы тоқыраудан» қиындық көріп жатқаны жөніндегі әңгімелер де жиілеп кетті.
Әрине, мұның бәрін кездейсоқ сәйкестік деп қабылдауға болады. Өйткені жүйелі реформалар қандай да бір корпоративтік мүддені көздейді деген ойдың өзі артық шығар. Ақыр соңында экономикалық саясаттың басты мақсаты – азаматтардың әл-ауқатын арттыру екені талай мәрте айтылды. Рас, сол игіліктің бәріне бірдей бір уақытта бұйыратынына кепіл жоқ.
Еуразия24 пікірі:
Қазақстандағы әлеуметтік реформалардың экономикалық қиындықтармен қатар келуі жиі кездеседі. Ресми билік елде күрделі мәселе барын мойындамайды. Керісінше, жалпы ішкі өнімнің өсімі туралы жетістіктерді жиі алға тартады. Алайда соңғы уақытта қабылданған Халық табысын арттыру жөніндегі кешенді жоспар мен Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жоспары елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың оңай емес екенін аңғартады. Осы тұрғыдан алғанда, Данияр Әшімбаевтың әжуалы пікірі де негізсіз емес. Өйткені 2021 жылы азаматтарға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) артық жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға пайдалану құқығы берілгеннен кейін құрылыс саласы бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамыды. Ол ұзақ уақыт бойы экономиканың өсіміне серпін берген негізгі салалардың біріне айналды. Алайда зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу шектерінің қайта көтерілетіні жарияланғаннан кейін бұл үрдіс баяулай бастады.
Қазір тұрғын үй нарығына құйылатын қаражат көлемі едәуір азайды. Соның салдарынан құрылыс нарығындағы тоқырау туралы әңгімелер де жиілеп келеді. Оның үстіне Үкімет баспана тапшылығын қалай шешетіні жөнінде әзірге нақты ұстанымын жариялаған жоқ.
Бұған дейін тұрғындардың өз баспанасын сатып алу мүмкіндігі сұранысты қолдап тұрса, қазір мұндай мүмкіндік айтарлықтай шектелді. Ал құрылыс саласын қолдау мемлекет үшін маңызды. Себебі бұл сала жалпы ішкі өнімнің өсіміне елеулі үлес қосып қана қоймай, онымен байланысты көптеген өндіріс пен қызмет көрсету бағыттарының жұмысына да серпін береді. Сондықтан министрлік дәліздерінде жаңа бастамалар мен тың ұсыныстардың бірінен соң бірі пайда болуы да заңдылықтай көрінеді.




