Астана. 24 шілде. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Ақтауда өткен Қазақстан мен Өзбекстан өңірлері басшылары кеңесінің алғашқы отырысының қорытындысы бойынша жалпы құны 80 млрд теңгеден асатын коммерциялық құжаттарға қол қойылды. Бұл туралы Қазақстан Үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады.
Отырысқа Қазақстанның Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Өзбекстанның Премьер-министрі Абдулла Арипов қатысты.
Олжас Бектенов өз сөзінде Қазақстан Өзбекстанмен стратегиялық әріптестікті жан-жақты дамытуға айрықша мән беретінін атап өтті.
«Өңірлер арасындағы тікелей байланыстарды нығайту сауда-инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуде маңызды рөл атқарады. Кеңес жұмысы екі мемлекет басшылары қойған өзара сауда көлемін 10 млрд долларға дейін жеткізу жөніндегі мақсатқа қол жеткізуге елеулі үлес қосатынына сенімдімін», – деді Олжас Бектенов.
Қазақстан Премьер-министрі сондай-ақ «Атамекен» (Қазақстанның Түркістан облысы) және «Гүлістан» (Өзбекстан) өткізу бекеттері маңында құрылып жатқан «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын толыққанды іске қосудың және оны өзара тиімді әрі бәсекеге қабілетті жобалармен толықтырудың маңызын атап өтті.
Өз кезегінде Абдулла Арипов өңіраралық деңгейдегі байланыстар екіжақты қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға тың серпін беретініне сенім білдірді.
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекараның жалпы ұзындығы шамамен 2,3 мың шақырымды құрайды. Қазақстанның Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Түркістан облыстары Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақстан Республикасымен, сондай-ақ Жызақ, Науаи, Сырдария және Ташкент облыстарымен шектеседі.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 17%-ға өсіп, 4,8 млрд долларға жетті.
24 шілдедегі ресми валюта бағамы бойынша 1 АҚШ доллары – 465,74 теңге.




