Қазақстанда 2029 жылға дейін KazSat ғарыштық байланыс жүйесінің жаңа серігі пайдалануға беріледі. Премьер-министрдің ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, бұл жобаға 10 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Қазақстан үшін ұлттық байланыс серіктерін пайдалану жаңа тәжірибе емес. Бұған дейін KazSat-1, KazSat-2 және KazSat-3 серіктері іске қосылған. Қазіргі уақытта KazSat-2 мен KazSat-3 елдің байланыс жүйесінде өз қызметін жалғастырып келеді. Елге тағы бір байланыс серігі не үшін қажет? Бюджет тапшылығы жағдайында 10 млрд теңге – көп пе, әлде аз ба? Жаңа аппаратты кім құрастырады? Осы және өзге де сұрақтарды Eurasia24 «Ғарыштық зерттеулер және технологиялар» журналының бас редакторы Нұрлан Әселқанға қойды.
Үкіметтің KazSat-3R жобасы туралы хабарламасында не айтылған?
Үкіметтің мәліметінше, «жобаны іске асыру спутниктік байланыс пен телерадио хабарларын тарату желілерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, халқы сирек қоныстанған және шалғай елді мекендерде интернетке қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ақпараттық қауіпсіздік деңгейі артып, Қазақстанның технологиялық егемендігі нығаяды. Қазіргі уақытта KazSat ғарыштық байланыс жүйесінің ресурстарын еліміздің ірі байланыс операторлары мен мемлекеттік құрылымдары пайдаланады. Жүйе негізінде телерадио хабарларын тарату, деректерді беру, мобильді байланыс және интернетке қол жеткізу қызметтері көрсетіледі. Оған 19 байланыс операторы мен телехабар тарату қызметінің 2 миллионнан астам абоненті қосылған».
Яғни, хабарламада жобаның мақсат-міндеттері кеңінен түсіндірілген. Өйткені спутниктер – байланыс құралы ғана емес, сонымен қатар технологиялық тәуелсіздіктің маңызды элементі.
Ал қаржыландыру мәселесіне қатысты Үкімет тек бір ғана мәлімет келтіреді: жобаға Үкімет резервінен 10,4 млрд теңге бөлінгені айтылған. Бұдан өзге қаржыға қатысты қосымша ақпарат берілмейді.
Дәл осы уақытта Қазақстан тәуелсіздік жылдарындағы төртінші байланыс серігін іске қосуға қаржы бөліп жатқанда, Илон Масктың SpaceX компаниясына тиесілі Starlink қызметі санкция салынбаған елдерде жеке байланыс серіктерін ұшырмай-ақ спутниктік интернет ұсынып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан үшін өз спутнигін жасағаннан гөрі осындай дайын қызметті пайдаланған тиімдірек болмас па еді? Қазақстан үшін бұл жол әлдеқайда оңай көрінгенімен, телекоммуникациялық тәуелсіздік тұрғысынан тиімді шешім саналмайды. «Ғарыштық зерттеулер және технологиялар» журналының бас редакторы Нұрлан Әселқан осындай пікірде.
«Елдің өз спутниктік байланыс жүйесі міндетті түрде болуы керек. Ол төтенше немесе авариялық жағдайларда, мемлекеттік органдардың жұмысы, халықаралық байланыс және ел аумағындағы телехабар таратуды өз бақылауымызда ұстау үшін қажет. Ал күнделікті тұрмыстық қажеттіліктерді – ұялы байланыс, интернет-банкинг арқылы төлем жасау және басқа да қызметтерді қамтамасыз ету үшін америкалық немесе ресейлік спутниктердің қызметін тұрақты негізде пайдалану әрбір қазақстандықтың коммуналдық қызмет ақысын ай сайын шетелге төлеп отырғанымен бірдей. Яғни, бұл жағдайда қаржы елден сыртқа кетеді», – дейді сарапшы.
Өткеннің сабағы
Нұрлан Әселқанның айтуынша, Қазақстан 2006 жылы 18 маусымда өзінің алғашқы KazSat байланыс серігін ұшырғанға дейін дәл осындай тәжірибені қолданған. Ашық дереккөздердегі мәліметке сәйкес, алғашқы спутниктің құны шамамен 65 млн АҚШ долларын немесе сол кездегі бағам бойынша 7,4 млрд теңгені құраған. Мұндай салыстырмалы түрде төмен бағаның өзіндік себебі бар.
«Бізге «Протон» зымырандарын жасаушы ретінде белгілі М.В. Хруничев атындағы Мемлекеттік ғарыштық ғылыми-өндірістік орталық өз қызметін әртараптандыруды көздеп, байланыс серіктерін құрастыруды қолға алуға шешім қабылдады. Ал KazSat үшін әзірленген «Яхта» платформасының авторы – «Салют» конструкторлық бюросы. Сондықтан бұл ғарыш аппараты тәжірибелік жоба болды. Бұдан бөлек, шығынның аз болуына KazSat-тың ауыр араб байланыс серігімен бірге бір «Протон» зымыранымен ұшырылғаны да әсер етті», – дейді Нұрлан Әселқан.
Алайда спутниктің өзі де, оның платформасы да бұған дейін ғарышта пайдаланылып көрмеген еді. Сондықтан 2008 жылғы маусымда басқару жүйесіндегі ақау салдарынан KazSat-пен байланыс үзіліп, аппарат геостационарлық орбита бойымен бақылаусыз қозғалысқа көшкені күтпеген жағдай болған жоқ.
Мамандар спутниктің жұмысын қалпына келтіруге 2008 жылдың қарашасына дейін әрекет жасағанымен, нәтиже шықпады. Соның салдарынан 2009 жылғы маусымда аппаратты жерлеу орбитасына шығару туралы шешім қабылданды.
Нұрлан Әселқанның айтуынша, осы оқиғадан кейін Қазақстан сақтандыру төлемі ретінде спутник құнының шамамен жартысын өтеп алған. Соған қарамастан, ел геостационарлық байланыс серіктерін пайдалану тәжірибесінен бас тартпай, Хруничев атындағы орталыққа KazSat-2 спутнигін жасауға қайта тапсырыс берді. Бұл жолы аппараттың пайдалы жүктемесін қазақстандық тапсырыс үшін еуропалық компания әзірледі.
«Нәтижесінде 115 млн АҚШ долларына біз сапасы мүлде басқа деңгейдегі байланыс серігін алдық. Ол бүгінге дейін жұмыс істеп тұр. Оның техникалық пайдалану мерзімі 2023 жылы аяқталғанымен, кейін 2026 жылға дейін ұзартылды», – дейді сарапшы.
KazSat-3 спутнигі байланыс мүмкіндіктерін кеңейту әрі резервтік жүйе қалыптастыру мақсатында жасалды. Қазір KazSat-2 мен KazSat-3 штаттық режимде жұмыс істеп, геосаяси ахуалдың қалай өзгеруіне қарамастан, Қазақстанның тұрақты телекоммуникациялық байланысын қамтамасыз етіп келеді.
Нұрлан Әселқанның айтуынша, KazSat-3 қазақстандық тапсырыс бойынша бұған дейін лайықты бағаланбай келген тағы бір ресейлік өндіруші – академик Решетнев атындағы «Ақпараттық спутниктік жүйелер» акционерлік қоғамында құрастырылған. KazSat-3 спутнигінің платформасын осы кәсіпорын әзірлеген, ал оның пайдалы жүктемесі еуропалық Thales Alenia Space компаниясымен бірлесіп жасалған.
Соғысқа дейінгі кезеңде «Қазғарыш» KazSat-2 спутнигін оның жаңартылған KazSat-2R нұсқасымен алмастыруды жоспарлаған еді. Алайда жобаны қаржыландыру туралы шешім қабылданатын кезең пандемиямен тұспа-тұс келді. Сол кезде «Қазғарыш» жобаны тиісті деңгейде қорғай алмағандықтан, бұл бастама іске аспай, жоба күйінде ғана қалды.
Ұлттық қауіпсіздік мәселесі
Бұдан бөлек, тағы бір маңызды жайт бар. Сарапшының айтуынша, бүгінде 36 мың шақырым биіктіктегі геостационарлық KazSat сияқты спутниктерден бөлек, Жердің төменгі орбитасында небәрі 500–700 шақырым биіктікте ұшатын жүздеген, тіпті мыңдаған аппараттан тұратын спутниктік жүйелер кеңінен қолданыла бастады. Олар байланысты әлдеқайда жылдам қамтамасыз етеді әрі жеке пайдаланушылар үшін өте қолайлы.
«Алайда мұндай спутниктік топтамаларды, яғни «спутниктік шоқжұлдыздарды» құру үшін ауқымды өндірістік база мен орасан зор қаржы қажет. Қазір мұндай мүмкіндікке негізінен америкалық Starlink пен Amazon Kuiper, сондай-ақ еуропалық OneWeb қана ие. Қытай да өз жүйесін құрып жатыр, бірақ оның нәтижесі алдағы уақытта белгілі болады. Әрине, Starlink жүйесінің тауда да, кең далада да тұрақты байланыс қамтамасыз ететін мүмкіндігіне тәнті болуға болады. Бірақ мұндай жағдайда біз тек қызметті тұтынушы ғана екенімізді ұмытпауымыз керек. Ал ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттің ақпараттық дербестігі тұрғысынан ғарыштық байланыс қызметін толықтай сыртқы операторларға сеніп тапсыру – дұрыс шешім емес», – дейді Нұрлан Әселқан.
Ол мысал ретінде 2021 жылғы тамызда халықаралық коалиция күштері Ауғанстаннан шығарылған кездегі жағдайды келтірді. Сол кезде елдің сыртқы әлеммен байланысы іс жүзінде толық үзілген. Алайда Қазақстанның Кабулдағы елшілігі KazSat арқылы өз байланыс арнасын сақтап қалды. Соның арқасында қазақстандық тарап байланыссыз қалған бірқатар жергілікті ұйымдардың сыртқы әлеммен хабар алмасуын қамтамасыз етуге көмектесті.
87 млрд теңгені қайдан табамыз?
Енді Үкіметтің ресми хабарламасында мәлімет өте аз берілген KazSat-3R жобасына қайта оралайық. Соған қарамастан, бұл жоба қоғамда үлкен қызығушылық тудырып отыр.
«Қазақстанға үшінші байланыс спутнигі қажет, әрі оны мүмкіндігінше тезірек іске қосқан жөн. Себебі пайдалану мерзімі әлдеқашан аяқталған KazSat-2 кез келген уақытта істен шығуы мүмкін. Ал бір ғана геостационарлық спутник бүкіл ел үшін жеткіліксіз. Менің білуімше, 2025 жылдың желтоқсанында салалық министрлік KazSat-3R спутнигін жасауға конкурс жариялаған болатын. Ол жуырда ғана аяқталды.
Конкурсқа қатысуға әлемнің оннан астам компаниясы шақырылғанымен, соңғы кезеңге екі қытайлық өндіруші, «Роскосмос», түркиялық бір компания және финляндиялық спутник өндірушісі өтті. Осы үміткерлердің ішінде ең перспективалысы – финляндиялық компания. Ресей мен Қытайдың мүмкіндігі төмен деп ойлаймын, өйткені олар санкциялардың ықпалында және қажетті құрамдас бөлшектерге қатысты қиындықтарға тап болып отыр. Түркиялық өндіруші де әзірге кеңінен танымал емес. Конкурстың жеңімпазы кім болатыны әзірге белгісіз. Дегенмен Премьер-Министр Олжас Бектеновтің мәлімдемесіне сүйенсек, KazSat-3R жобасының құны шамамен 87 млрд теңгені құрауы тиіс», – дейді сарапшы.
Осы тұста тағы бір маңызды сұрақ туындайды. Үкімет резервінен бұл жобаға небәрі 10 млрд теңге ғана бөлінген. Ендеше қалған қаржыны кім өтейді?
Сарапшының пікірінше, бұл шығынды соңғы жылдары KazSat спутниктерін табысты пайдаланып, ел бюджетін миллиардтаған шығыннан сақтап келген Қазақстанның Республикалық ғарыштық байланыс орталығы көтеруі мүмкін. Өйткені дәл осы спутниктердің арқасында Қазақстан Starlink немесе OneWeb сияқты шетелдік операторлардың байланыс қызметін жалға алуға қомақты қаражат жұмсаудан құтылды.
Нұрлан Әселқанның мәліметінше, соңғы жылдары KazSat жүйесін пайдалану жыл сайын шамамен 7,7 млрд теңге табыс әкеліп отыр. 2017 жылдан бері жоба тұрақты түрде өзін-өзі ақтайтын деңгейге шыққан.
Отандық спутниктерді пайдалану шетелдік операторлардың спутниктік ресурстарын жалға алудан бас тартуға мүмкіндік беріп, мемлекет пен қазақстандық компанияларға жыл сайын 12–14,7 млрд теңге көлемінде қаржы үнемдеуге жағдай жасап келеді. Ал жоба іске қосылғалы бергі жалпы үнем 100 млрд теңгеден асты. Сонымен қатар осы уақыт ішінде KazSat жүйесі мемлекет қазынасына 10 млрд теңгеден астам салық пен міндетті төлем аударған. Демек, отандық спутниктер бюджетке салмақ салып отырған жоқ, керісінше ел экономикасына нақты пайда әкеліп келеді.
«Мендегі ақпаратқа сәйкес, бастапқыда KazSat-3R жобасын қаржыландыру шығынын Үкімет пен Республикалық ғарыштық байланыс орталығы теңдей, яғни 50/50 үлесінде көтереді деген жоспар болған. Алайда Үкімет резервінен бөлінген қаржы көлеміне қарасақ, мұндай арақатынас сақталмаған. Сондықтан қалған 77 млрд теңге Республикалық ғарыштық байланыс орталығының мойнына жүктелуі әбден мүмкін», – дейді Нұрлан Әселқан.
Оның айтуынша, сарапшылар қауымдастығында дәл осы мәселеге қатысты пікірталас қызу жүріп жатыр. Себебі жоба шығындарының шамамен 80 пайызын кезінде мемлекетке қомақты табыс әкелгенімен, бүгінде ондай қаржылық мүмкіндігі болмауы ықтимал мемлекеттік ұйымға жүктеу KazSat-3R жобасының уақытылы іске асуына қауіп төндіруі мүмкін.




