Евразия24Басты бетСтратегиялық минералдар: жаһандық нарықтағы Қытайдың ықпалы

Стратегиялық минералдар: жаһандық нарықтағы Қытайдың ықпалы

|

|

Стратегиялық маңызы бар минералдар кен орындарының картасына қарасақ, олардың әлемнің әртүрлі өңіріне кеңінен таралғанын көруге болады. Алайда оларды өңдеуге келгенде жағдай мүлде басқа: өңдеу қуатының шамамен 90 пайызы Қытайдың үлесіне тиесілі. Соның арқасында Бейжің келіссөздерде қарсы тарапты бастапқыдан-ақ тәуелді әрі осал жағдайға қоя алады. Қытайды осы басымдықтан айыру үшін ұзақ жылдарға арналған тұрақты мемлекеттік қаржыландыру қажет. Алайда Батыс елдері бұған бара алмайды, өйткені мұндай саясат кез келген сайлау циклінен әлдеқайда ұзақ мерзімді саяси міндеттемені талап етеді.

Стратегиялық маңызы бар минералдарды өңдеу қомақты инвестицияны талап етеді. Бұл – технологиялық тұрғыдан күрделі әрі экологиялық жағынан тәуекелі жоғары сала. Сирек жер элементтерін бөлу процесінде радиоактивті қалдықтар түзілуі мүмкін. Оның үстіне мұндай өндірістің табыстылығы да жоғары емес.

Соған қарамастан Қытай отыз жылдан астам уақыт бойы бұл саланы төмен бағамен, ауқымды көлемде және мемлекеттің тұрақты қолдауымен дамытып келеді. Әсіресе әлемдік нарық түрлі күйзелістерге ұшыраған кезеңдерде мемлекеттік қолдау шешуші рөл атқарды. Осындай ұзақ мерзімді стратегияның нәтижесінде Батыс Қытайға құрылымдық тұрғыдан тәуелді болып қалды.

Бейжіңнің басты ықпал ету тетігі – пайдалы қазбаларды өндіру емес, оларды өңдеу саласындағы басымдығы. Қытай бұл артықшылықты «тар өткел» қағидаты бойынша тиімді пайдаланып келеді. 2024 жылдың желтоқсанында ҚХР галлий, германий және сурьманы АҚШ-қа экспорттауға шектеу енгізді. Ал 2025 жылдың басында бұл тізімге вольфрам, теллур, висмут, индий, молибден және сирек жер элементтерінің (СЖЭ) жеті ауыр түрі қосылды.

2025 жылдың қазан айында Қытай құрамында қытайлық сирек жер элементтері бар кез келген өнімді экспорттау үшін шетелдік компаниялардың арнайы лицензия алуын міндеттеді. Сондай-ақ бұл талапты шетелде өндірілген өнімдерге де қолдануды жоспарлады. Алайда қазан айында қабылданған бұл шаралардың қолданысы 2026 жылдың соңына дейін кейінге шегерілді. Соған қарамастан экспорттық лицензиялау тізіміне самарий, гадолиний, лютеций және күміс енгізілді.

Қытай экспорттық бақылауды, жауап шараларын және инвестицияларды тексеру тетіктерін ұлттық қауіпсіздіктің бірыңғай құралына айналдырды. Бейжің бұл жүйені реттеуші тетік ретінде пайдаланады. Ол толық эмбарго жариялауға асықпайды. Өйткені мұндай жағдайда тығырыққа тірелген қарсыластар мәселені қандай да бір жолмен шешуге мәжбүр болады. Оның орнына Қытай жеткізілім көлемін жағдайға қарай реттеп, тұтынушыларды өз талаптары мен шарттарын қабылдауға икемдейді.

Бұл тәсіл Батыстың Ресейге қарсы санкциялар саясатынан айтарлықтай ерекшеленеді. Батыс долларды, еуроны және өз юрисдикцияларын іс жүзінде эмбарго құралы ретінде пайдаланды. Мұндай шара ауыр соққы болғанымен, оның әсері көбіне бір рет қана байқалады. Ал Қытай әуелі жеткізілімді шектейді, кейін нарықтағы дүрбелеңді бақылайды, қажетті жеңілдіктерге қол жеткізген соң ресурстарға қолжетімділікті қайта қалпына келтіреді. Осылайша ол дүрбелеңнің балама жеткізу тізбектерінің қалыптасуын жеделдетуіне жол бермейді. Мұндай стратегия Қытай үшін тиімді болып отыр және ол одан бас тартуға ниетті емес.

Бұл реттеуші тетік геосаясатқа емес, қаржылық тетікке негізделген. Егер Батыс инвесторы Қытайдан тыс жерде сирек жер элементтерін бөлетін немесе тұрақты магнит өндіретін зауыт салуды жоспарласа, ең алдымен алдағы 10–15 жылдағы өнім бағасының қандай болатынына назар аударады. Ал мұндағы басты ерекшелік – бұл бағаны нарық емес, Бейжің айқындайды.

Халықаралық энергетикалық агенттіктің (ХЭА) мәліметінше, 2024 жылы бірнеше мәрте күрт қымбаттағаннан кейін литийдің бағасы ең жоғары деңгейімен салыстырғанда 80%-ға төмендеп, пандемияға дейінгі көрсеткішке қайта оралды. Бағаның дәл Батыстағы жаңа өндірістер коммерциялық деңгейге жақындай бастаған кезде құлдырауы кездейсоқ емес. Нәтижесінде Қытайдың бәсекелестерінің бизнес-жоспарлары жүзеге аспай қалады, өйткені олар бағаны ұзақ уақыт төмен деңгейде ұстап тұруға қауқарсыз. Басқаша айтқанда, олар қытайлық өндірушілердің ұзақ мерзімді стратегиясымен бәсекелесе алмайды.

Осылайша стратегиялық маңызы бар минералдар нарығында Батыс капиталы Бейжіңнің баға саясатына тәуелді болып отыр. Ал табыс әкелмейтін жобаға капитал салынбайды.

Жағдайды күрделендіретін тағы бір жайт – Қытай сирек жер элементтерін өңдеумен ғана шектелмей, одан кейінгі өндірістік тізбекті де қарқынды игеріп келеді. Әңгіме бөлшектер, компоненттер мен дайын тораптар өндірісі туралы болып отыр. Соның салдарынан өндірістегі «тар өткел» біртіндеп осы салаларға да ауысып жатыр.
Мәселен, диспрозий мен тербий тұрақты магниттердің зымыран қозғалтқыштарының жоғары температурасында да магниттік қасиетін жоғалтпауын қамтамасыз етеді. Бұл металдардың әлемдік өндірісінің шамамен 95 пайызы Қытайдың бақылауында.

Сондықтан АҚШ Қорғаныс министрлігі қазір ұзақ уақыт ішінде ғана баламасы табылатын осы сирек жер элементтерін қайдан алуға болатынын қарастыруда.
F-35 жойғыш ұшағына модификациясына қарай 402–419 келі сирек жер материалдары қажет болса, «Вирджиния» класындағы атомдық сүңгуір қайықты жасауға 4 тоннадан астамы жұмсалады. Сонымен қатар Бейжің оқ-дәрі өндірісін Вашингтонға қарағанда 5–6 есе жылдам ұлғайтып келеді. Осындай үрдіс жасанды интеллект инфрақұрылымы мен энергетикалық трансформацияға арналған технологиялық шешімдер саласында да байқалады.

Қазақстан үшін бұл үдерістердің маңызы зор. Өйткені жаһандық текетірес күшейіп жатқан жағдайда стратегиялық тұрғыдан қате таңдау жасамау маңызды. Халықаралық энергетикалық агенттіктің дерегіне сәйкес, ұйым бақылап отырған 20 стратегиялық минералдың 19-ы бойынша Қытайдың нарықтағы орташа үлесі шамамен 70 пайызды құрайды. Тек никель ғана бұл тәуелділіктен тыс қалып отыр. Ал Дональд Трамптың 2025–2026 жылдары Қытайдың үстемдігін шектеуге бағытталған әрекеттерінің нәтижесін бүкіл әлем нақты уақыт режимінде көрді. Сондықтан Астананың жаһандық күштер тепе-теңдігін дұрыс бағалауы айрықша маңызды.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Еуроодақ 2026 жылы Украинаға қосымша 8,3 млрд еуро бөледі

Еуропалық одақ кеңесі бейсенбі күні Украина қоры мен оған байланысты Украина жоспарына енгізілген түзетулерді мақұлдады. Құжатқа сәйкес, 2026 жылы Украинаға қосымша 8,3 млрд еуро бөлінеді.

УЕФА ФИФА бастамасына байланысты әлем чемпионаттарына бойкот жариялау мәселесін талқылайды

Еуропалық футбол қауымдастықтарының одағы (УЕФА) бейсенбі күні Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) сыртқы инвесторларды тарту жоспарына байланысты шұғыл отырыс өткізеді. Бұл туралы The Guardian басылымы хабарлады.

Манчестерде қала мэрінің сайлауы өтіп жатыр

Ұлыбританияның Манчестер қаласында бейсенбі күні қала мэрін сайлау өтіп жатыр. Дауыс беру бұрынғы мэр Энди Бернем Ұлыбританияның Премьер-министрі қызметіне тағайындалуына байланысты өткізілуде. Бұл туралы британдық бұқаралық ақпарат құралдары хабарлады.

Англия банкі базалық мөлшерлемені 3,75% деңгейінде сақтады

Англия банкі базалық пайыздық мөлшерлемені жылдық 3,75% деңгейінде өзгеріссіз қалдырды. Бұл туралы Ұлыбританияның орталық банкі хабарлады.