Лондон. 18 қыркүйек. ИНТЕРФАКС – АҚШ-тың арағайындығымен келіссөз жүргізіп жатқан Венесуэланың уақытша үкіметі мен оппозициясы елдің 31 тонна алтын қорын Лондоннан Нью-Йоркке көшіру жөнінде уағдаласуға жақын. Алтынның жалпы құны шамамен 4 млрд доллар. Бұл туралы Financial Times (FT) дереккөздеріне сүйеніп жазды.
Басылымның төрт дереккөзінің мәліметінше, Венесуэла Орталық банкінің Англия банкінде сақталған алтынын Нью-Йорк Федералдық резерв банкіне жеткізу мәселесі талқыланып жатыр. Қарастырылып отырған шарт бойынша уақытша президент Делси Родригес басқаратын үкімет алтынға заң жүзінде иелік ету құқығын алады. Алайда оны бірден сатуға мүмкіндік берілмейді.
Бұл алтынға қатысты дау 2019 жылдан бері жалғасып келеді. Сол жылы АҚШ, Ұлыбритания және бірқатар мемлекет Венесуэла оппозициясының сол кездегі жетекшісі Хуан Гуайдоны уақытша мемлекет басшысы ретінде таныған еді. Осыдан кейін оппозиция Англия банкінде жатқан Венесуэла Орталық банкінің алтын қорын басқару құқығы өзіне тиесілі екенін мәлімдеді. Бұдан кейінгі сот дауы жеті жылға созылды.
Енді алтынды несие тартуға кепіл ретінде пайдалану мәселесі қарастырылып отыр. Тартылған қаржының бір бөлігі маусымдағы жер сілкінісінен зардап шеккен Венесуэла аймақтарын қалпына келтіруге жұмсалуы мүмкін.
«Алтын АҚШ-қа жеткізіледі, бірақ Делси Родригес оған еркін қол жеткізе алмайды. Алтын бақылауда болады, оны пайдалануға шектеу қойылады», – деді келіссөзге қатысып жүрген оппозиция өкілі.
Тамызда тараптар шетелде сақталған алтынға қатысты шектеулерді шешу бағытында жұмыс басталғанын мәлімдеген. FT дерегінше, осы аптада Венесуэла оппозициясының өкілдері Каракасқа барып, билік өкілдерімен, соның ішінде парламент төрағасы Хорхе Родригеспен келіссөз жүргізген.
Алтынға қатысты келіссөз Венесуэла мен Ұлыбритания қарым-қатынасты жақсартуға уағдаласқан тұста өтіп жатыр. Қазір Лондон Каракасқа қайтадан елші тағайындауға дайындалып жатыр.




