Евразия24ЖаңалықтарNASA: SWIFT орбиталық обсерваториясын құтқаруға жіберілген спутникте ақау анықталды

NASA: SWIFT орбиталық обсерваториясын құтқаруға жіберілген спутникте ақау анықталды

|

|

Вашингтон. 30 шілде. ИНТЕРФАКС – Құлдилап бара жатқан америкалық SWIFT орбиталық обсерваториясын құтқару үшін ұшырылған LINK спутник-буксирінің бағдарлау және кеңістіктегі қалпын басқару жүйесінде ақау анықталды. Соның салдарынан аппарат бақылаусыз айналып, онымен байланыс үзік-үзік орнап жатқанын NASA хабарлады.

АҚШ ғарыш агенттігінің мәліметінше, ақау өткен демалыс күндері тіркелген. Алдағы бірнеше күн ішінде мамандар аппараттың электр қозғалтқыштарын пайдалана отырып, оның айналуын тоқтатуға әрекет етеді.

Спутниктің кеңістіктегі орны тұрақтандырылып, техникалық жағдайы жан-жақты тексерілгеннен кейін оның бағдарлау, навигация және басқару жүйесі жаңартылады. Соның нәтижесіне қарай LINK аппаратының SWIFT обсерваториясына жақындау және оны ұстап алу жоспарына түзетулер енгізіледі.

LINK спутник-буксирі орбитасы жылдам төмендеп бара жатқан америкалық SWIFT ғарыш обсерваториясын құтқару мақсатында 3 шілдеде орбитаға шығарылған болатын.

Katalyst Space Technologies компаниясы арнайы әзірлеген роботтандырылған аппарат автоматты режимде обсерваторияға жақындап, ұзындығы бір метрден болатын үш манипулятордың көмегімен оны ұстап алуы тиіс. Одан кейін борттық қозғалтқыш жүйесі арқылы екі ай ішінде обсерваторияның орбитасын біртіндеп 600 шақырым биіктікке көтеріп, қазан айында күтіліп отырған оның Жер атмосферасына енуіне жол бермеуі көзделген.

Салмағы шамамен 1,5 тонна болатын SWIFT обсерваториясы 2004 жылы ғаламдағы ең қуатты әрі әлі толық зерттелмеген электромагниттік құбылыстардың бірі саналатын гамма-сәуле жарқылдарын зерттеу мақсатында ұшырылған. Осы уақыт ішінде өз қозғалтқыш жүйесі жоқ аппараттың орбитасы бастапқы 585 шақырымнан 360 шақырымға дейін төмендеп, әрі қарай да азаюын жалғастырып келеді. Бұл оның Жер атмосферасының тығыз қабаттарына ену қаупін күшейтіп отыр.

NASA бұл миссия сәтті аяқталған жағдайда, құны 30 млн долларды құрайтын жоба ғарыш аппараттарына орбитада қызмет көрсету технологиясын, соның ішінде олардың орбитасын өзгерту мүмкіндігін алғаш рет іс жүзінде көрсетеді деп есептейді. Агенттік мұндай технология болашақта ғарыш аппараттарының қызмет мерзімін ұзартып, оларды мерзімді түрде алмастыруға жұмсалатын ондаған миллиард долларды үнемдеуге мүмкіндік береді деп отыр.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Еуропаның қор индекстері төмендеп жатыр

АҚШ-тың Ирандағы Кешм аралына шабуыл жасағаны туралы хабарлардан кейін мұнай бағасы көтеріліп, сейсенбі күні Батыс Еуропаның ірі елдеріндегі акциялар нарығы төмендеді.

Еурокомиссия басшысы экологиялық таза экономикаға көшуді Еуропа тәуелсіздігінің кепілі деп санайды

Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен Еуроодақтың экологиялық таза экономикаға көшу бағытынан айнымайтынын мәлімдеді. Оның пікірінше, бұл – Еуропа тәуелсіздігінің кепілі.

Финляндиядан кейін Норвегия да Ресей хоккейшілерімен ойнаудан бас тартты

Норвегия хоккей қауымдастығы ұлттық құрамасының 2027 жылғы мамырда Германияда өтетін әлем чемпионатында Ресей құрамасымен ойнамайтынын мәлімдеді. Бұл туралы сейсенбі күні еуропалық БАҚ хабарлады.

«Қазатомөнеркәсіп» басшысы Тоқаевқа компанияның жұмыс нәтижелері мен жоспарлары туралы баяндады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсуповтың компанияның ағымдағы қызметі мен стратегиялық басымдықтарының іске асырылуы жөніндегі есебін тыңдады.